БҰҰ ХХІ ғасырды «Саясат ғасыры» деп жариялады. Бұл дүние жүзіндегі адамдардың басқа халықтардың жетістіктері мен өркениетті дамуына деген қызығушылығы артты дегенді білдіреді. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, өткен ғасырларда өз орны бар ғұлама, ғалымдардың барлығы дерлік бірнеше тілді меңгеріп, қабілеттерін шыңдаған. Көпке бармай, ұлы ойшыл Әл-Фарабиді, Абай мен Шоқанды алайық. Бұл тұлғалардың бәрі бірнеше тілде еркін сөйлеп, әлемге өз аттарын мәшһүр еткен.
Бүгінгі кейіпкеріміз – жас полиглот Мейіржан Таштай. Мейіржан – әлеуметтік желіде жастарға тіл үйренудің артықшылықтарын, тіл білудің мән-маңызын түрлі контенттер арқылы түсіндіріп жүрген белсенді. Ол ағылшын, қытай, итальян, испан тілдерін, сондай-ақ біздің қоғам үшін таныс та бейтаныс суахали, урду, хинди, сомали тілдерін меңгерген.
Мейіржанның тіл білуге деген құштарлығы жоғары оқу орнында басталған. Оған дейін тіпті ағылшын, орыс тілдерін де білмеген, тіл үйренуге деген қызығушылығы да болмаған екен. Тек үшінші курсқа аяқ басқанда жанындағы достарының ықпалымен араб тілін үйренген. Содан оның тіл білуге деген ынтасы артып, Қатар университетіне оқуға түскен.
– Әр тілдің артында үлкен мағына мен философия жатыр. Кей мемлекеттердегі тайпаларда сан жоқ. Бразилияда пиряхия тайпасы бар. Олардың тілін «бақыт грамматикасы» деп атайды. Өйткені оларда сан, түс жоқ. Өткен шақ пен келер шақ жоқ. Осының барлығы олардың әлемді қабылдауына әсер етеді. Мәселен, біздегідей 1, 2, 3, 4 деген санның орнына аз, кішкене, көбірек, көп деген есептеу жүйесі бар. Осындай таңғажайып құбылыстар менің тіл үйренуіме деген құлшынысымды арттырды, – дейді Мейіржан.
Бүгінде ол әлеуметтік желіде «Kimotashy» есімімен танымал. Аудиториясына ұсынатын контенттерінің тақырыбы да ауқымды. Қазір саны бар, сапасы жоқ, жастардың санасын дүние, байлықпен улайтын блогерлер көп. Озық ойлы, көзі ашық Мейіржан олардың қатарынан емес. Оның бар мақсаты – халықтың, әсіресе жастардың көкірегін білім нәрімен толтыру. Жастарды әлемдік айдынға алып шығу.
Мейіржанның әлеуметтік желідегі парақшасын ашып қалсаңыз, таңданып, тамсанасыз! Онда сіз бен біздің руханиятымызды кеңейтетін пайдалы ақпарат жетерлік. Тіл үйрену, саяхаттау – бәрі қамтылған. Оның есімі жарнаманы қажет етпейді. Өйткені білімді әрі білікті азамат өз имиджін қалыптастырып алған.
Зейінді жас еліміздегі белді университеттердің бірінде заң факультетінде оқығанын, алайда кейін бұл мамандықтың иегері болғысы келмегенін алға тартады. Тіл меңгеру барысында көп қиындыққа тап болғанын да жасырмады.
– Бастапқыда тіл үйрену былай тұрсын, заң саласындағы құқықтық нормаларды, терминдерді жаттау қиын болды. Күндердің бір күні «Форс-Мажоры» деген сериалды тамашаладым. Бұл туындыда өте керемет жадыға ие кейіпкер бар. Ол кітаптың кез келген бетін бір оқып, оқыған ақпаратын еш ұмытпайды. Осы сериалдан соң, мен өзімді зерттей бастадым. Сонда түсінгенім, біз ақпаратты тек жаттап есімізде сақтайды екенбіз. Сәйкесінше оны үнемі қайталап отыруымыз керек. Ал шындығында, ақпарат түсінгенде ғана білімге айналады, «ұзақмерзімді жадыға» салынады. Осыны ұққаннан кейін ғана кодекстерді, заңнамаларды миыма сіңіре бастадым. Бірнеше тілді меңгердім. Шет тілдерін үзбей үйренуіме бірнеше жағдай әсер етті. Қатар мемлекетінде білім алып жүрген кезімде көлік жүргізушілері мен күзетшілердің көбі кениялық, танзаниялық жігіттер еді. Сабаққа бара жатып та суахили тілін кениялық көлік жүргізушіден үйрендім. Жырақта жүргенде туған топырағыңмен байланысты кез келген нәрсені сағынасың. Қатарда жүргенімде жұмысқа бара жатып, күзетшіге суахали тілінде «Сәлем, қалайсың?» дедім. Сол мезетте жаңағы жігіттің жүзіндегі бар сағынышын, отбасын бағып-қағудағы қиындығын, уайымының барлығын өз ана тілін естігендегі «ерекше қуаныш» ұмыттырып жібергендей болды. Сол кезде атақты полиглот Като Ломбтың: «Тіл – ол дүниеде аз да болса білуге тұрарлық жалғыз нәрсе» деген сөзі есіме түсті. Біз адамбыз және барлық адамзатқа ортақ бір тіліміз бар. Білесіз бе, ол қандай тіл? Ол – махаббат тілі, қуаныш тілі, жанашырлық тілі және адамгершілік тілі, – деді Мейіржан.
Расында, тіл – мемлекет пен мемлекетті байланыстыратын, адам мен адамды жақындастыратын негізгі құрал. Тіл – береке мен бірліктің бастауы. Халқымызда: «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп тектен-текке айтылмаған. Сол себепті әлеуметтік желінің көсемі емес, тіл білудің шешені болуға ұмтылу қажет-ақ.
Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті