Жиынға облыстық, қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысып, аймақтағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Басты мақсат – мемлекеттік жастар саясаты жүйесіндегі жұмыстың сапасы мен тиімділігін арттыруда мекемелердің қызметін жандандыру. Astana IT университетінде ұйымдастырылған отырыста алдымен Шымкент және Астана қалалық Жастар ресурстық орталықтарының атқарған жұмысы тыңдалды.
– Бүгінде Жастар ресурстық орталығы 5 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Яғни жастарға қызмет көрсету, талантты жастарды қолдау, коворкинг орталығы, шағын кітапхана, психологиялық кеңес беру бағыттары негізінде жастар саясатын жүзеге асыру бойынша орталықтың жылдық жоспары бекітілді. Қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жұмыстары бойынша 625 іс-шара ұйымдастырылып, 83 мыңнан аса жас қамтылды. Жыл соңына дейін 120 мың жасты қамту жоспарда бар. Денсаулық сақтау және саламатты өмір салтын қалыптастыру бағыты бойынша 352 іс-шара ұйымдастырылып, 27 мыңнан астам жас қамтылды. Жыл аяғына дейін 39 мың азаматты қамту көзделіп отыр, – деді Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов.
Басқосуда ЖРО жұмысының сапасы туралы зерттеу таныстырылды. Онда мамандар аймақтағы мекемелердің инфрақұрылымын, бағдарламалары мен әртүрлі іс-шараларын талдап, кадрлардың біліктілігін саралаған. Нәтижесінде, өңірдегі орталықтардың жұмысы 40 пайыз деңгейінде бағаланған.
– Біз көбінесе жастар ресурстық орталықтарының инфрақұрылым мәселесін алға тартамыз. Егер басқа көрсеткіштермен салыстырсақ, бұл проблема азды-кем шешілді. Ал кадрлардың біліктілігі, жұмысымыз қаншалықты жастардың қызығушылығын тудырады, қажеттіктеріне сай келе ме деген секілді мәселелер өзектілігін арттырып тұр. Сондықтан осы түйінді тарқатуға назар аудару қажет. Яғни «Жастар ресурстық орталығы дегеніміз не?» деген сауалға бір-екі сөзбен жауап беретіндей деңгейге жетуіміз керек, – деді ЖРО жұмысын пилоттау бойынша ЮНИСЕФ-ЮНФПА-ҒЗО бірлескен жобасының жетекшісі Нұрлыбай Наурызбаев.
Бағалауға өңірден келген жастар ресурстық орталықтары басшыларының біразы келіспеді. Өйткені мұндай зерттеулерге аймақтың географиялық ерекшеліктерін де ескеруге тиіс. Мәселен, Түркістан облысында жастардың саны 650 мыңнан асып жығылады. Ал олармен тікелей жұмыс істейтін маман саны – небәрі 430 адам. Демек кей бағыттарды жүйелі іске асыруда жұмыс сапасы ақсауы ықтимал. Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан қатысушыларға бұл жалпылама көрсеткіш екенін еске салды.
– Жалпы, Жастар ресурстық орталықтарында бірнеше мәселе бар. Біріншісі, мамандардың айлық жалақысы аз. Екіншісі, жастарға қажетті инфрақұрылым жоқ. Яғни ғимаратымыз заман талабына сай көпфункционалды коворкинг емес. Салдарынан жастар орталықтарға келгісі келмейді. Үшіншісі, мамандарымыздың кәсіби біліктілік деңгейі. Президент әкімшілігінің тапсырмасымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Жастар ресурстық орталықтарының жұмысына толыққанды талдау жүргізді. Алдымен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, барлық облыстық және 29 аудан орталығындағы Жастар ресурстық орталықтарына телефон арқылы хабарласқан. Басым көпшілігі жауап бермеген, жауап бергені жастарды жұмыспен қамту туралы толыққанды ақпарат ұсына алмаған. Бірі жұмыспен қамту орталығына хабарласуға кеңес берсе, біреуі ғана колледжде бос жұмыс орны бар екендігін айтқан. Бұған қоса, журналистердің көмегімен 70 Жастар ресурстық орталығына телефон шалып, ақпарат алуын сұраған. Тағы да мардымды жауап болмаған. 13-і ғана тікелей байланысқа шықса, қалғандары ақпаратты поштаға қосымша жолдайтынын айтқан. Сондай-ақ бір азаматты сол орталықтарға арнайы жіберген, 10 мекеменің басшысы орнында болмаған, қызметкерлері қалған басшылардың жиналыста, іссапарда екендігін айтса, бірқатары басшыларының қайда екенін білмеген. Бұл талдау жұмыстарының бір бөлігі ғана. Бұл ретте, бірнеше фактіні негізге алып, ең алдымен, Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын түбегейлі стандарттау қажеттігіне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан Жастар орталықтарының жұмысын стандарттау, мамандардың жалақысын өсіру, біліктілігін арттыру бойынша арнайы оқу бағдарламасын әзірлеу, функционалдық қызметтерін жүйелендіру сынды жұмыстармен айналысып жатырмыз, – деді ол.