Білім • 02 Қараша, 2023

Оқушылар тегін тамақтанады

219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылдан бастап алғаш рет 1 млн 600 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылды. Оның ішінде 1 млн 400 мыңнан астамы – бастауыш сыныптың оқушылары, 220 мыңы – 5-11 сыныптарда оқитын халықтың әлеуметтік осал тобына жататын білім алушылар.

Оқушылар тегін тамақтанады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың «Әділетті Қа­зақстан: бәріміз және әрқайсы­мыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында «Қолжетімді және сапалы бі­лім» деген бөлім бар. Сол бө­лімде осы бір бастамаға қа­­тыс­ты: «Елімізде 6,5 миллион бала бар. Олардың бәрі­не тұрған жеріне және қай тіл­де оқитынына қарамастан, ір­гелі білім, цифрлық техноло­гия, жайлы білім инфрақұ­ры­лы­мы тең дәрежеде қолже­тімді болуға тиіс. Осы мақ­сат­та әлеуметтік осал топ сана­тын­дағы отбасының балала­ры бала­бақ­шада тегін тамақ­танады және бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», деп жазылған.

Оқушыларға мұндай жағ­дай жасау өз кезегінде мек­теп­тегі тамақ­тан­дыру мәсе­ле­­сіне қатысты талаптарды ен­­­гізуге және бекітуге қа­жет­ті­­лікті туғызды. Оқу-ағар­ту ми­нистрлігіне қарасты Бала­лар­­дың құқық­тарын қорғау ко­митеті басқармасының бас сарап­шысы Бәтима Айтбаева бірқатар норманы атады.

– Балаларды сапалы тамақ­пен қамтамасыз ету қызметін үйлестіру министрліктің ба­сым міндеттеріне жата­ды. Тамақтану сапасын арт­тыру мақсатында тәрбие­ле­нушілер мен білім алушыларды та­мақтандыру ісін ұйым­дас­­­ты­ру қағидаларында ха­лық­тың санитарлық-эпиде­мио­логия­лық саламат­тылығы сала­сындағы құжаттарды ұсына оты­рып, жеткізушілерді таңдау крите­рий­лері айқындалды. Бракираждық комиссия мү­шелері үшін мониторингтік топтар, ведомствоаралық сараптама топтары қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді. Қоғамдық тамақтандыру технигі немесе техник-технологі, диетолог немесе диеталық бикенің болуына қойылатын талаптар енгізілді. Тамақ дайында­латын асханалардың ас блогында бейнебақылау жүйесін орнату бойынша жеткізушілерге қойылатын талаптар айқын­далды, – деді комитет өкілі.

Салалық министрліктің ха­бар­лауынша, тамақтану мәдениетін қа­лыптастыру мақ­сатында еліміздегі мектептерде тамақта­нудың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель мектепте тамақтану мәдениетін қалып­тастырудың кезеңдік іс-шаралар кешенін қамтиды. Қазір кезеңдік іс-шаралар қанатқақты жоба аясында Астана қаласының алты мек­тебінде өткізіліп жатыр. Жобаны Ұлт­тық салауатты тамақтану орта­лығы жүзеге асырады.

Кезеңдік іс-шаралардың бірінші кезеңін­де мектептегі тамақтануды ұйымдастыру жұмысын бағалау және талдау мақсатында балалардың мектеп асханасындағы мінез-құл­қының үлгілерін зерттеу, антропометрия­лық көр­сет­кіштерді өлшеу (бойы, салмағы) және дұрыс тамақ­тану қағи­даттарын білуге сауал­нама жүр­гізіледі. Екін­ші ке­зеңде саламатты өмір сал­ты саласындағы білім мен тәжірибені байыту үшін жет­­кізушілерді, мектеп пер­сона­лын, оқушыларды және олар­дың ата-аналарын оқы­ту ұйымдастырылады. Үшін­ші кезең балалардың дұрыс тамақтануына және физио­логиялық қажеттіліктерін есепке алуға баса назар аудара отырып, оқушылардың тамақтануын реттейтін нор­ма­тивтік-құқық­тық құжат­тарды үйлестіруден тұрады. Төртінші кезеңде балалардың денсаулығын сақтауға бағыт­талған мектепте тамақтанудың жаңа моделін әзірлеу көзделіп отыр. Бұл үдеріс денсаулықты сақтауға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыруға септесе­ді. Ал соңғы кезеңде енгізілген өзгерістердің мо­ни­торингі және тиімділігі бағаланады.

Бұған дейін министрлік тамақ­та­нуды ұйымдастырудың қауіп­сіз жағдайларына әсер ететін крите­рийлерді зерттеген еді. Соған сәйкес ұлттық дәстүрлерге және өңірде өнді­рілетін отандық өнімдердің ассор­тиментіне сәйкес мәзір де әзірленген.