Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Қазір пеш жағатын жұрт «Шұбаркөлдің» көміріне әбден үйренген. Қызуы күшті, әрі сапалы. Халықтың дені алатын көмір – осы. Дегенмен компанияға елдің айтар уәжі бар. «Көмір қымбат» дейді. Шалғай ауылдарға жеткенше баға мың құбылады. Осы бір тұсы ауылдағы ағайынды алаңдатады.
Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылындағы баға тіпті «ұшып» тұр.
– Жақында ғана үйге түсірдік. «Шұбаркөлдің» көмірі деп 29 мың теңгеден саудалады. Жылда «Шұбаркөлдікін» аламыз ғой. Бірақ бұл жолғы отынның сапасы орташа. Ауылға әкеліп сатты. 8 тоннасын алдық. Көмірдің үстінде отырып, осындай бағаға аламыз, амал жоқ. Ақтоғайдың басындағы арнайы базада саудалап жатыр деп естідік. 30 мыңнан. Сапасы күшті дейді. Техника жалдап әкеліп жатқандар бар. Техниканың өзі қымбат сұрайды. Ауыл жұрты 17 мың теңге төлеп әкетіп жатыр, – дейді Шабанбай би ауылының тұрғыны Сағдат Ақбұзауов.
Ал Шет ауданына қарасты Бұрма ауылында тұратын Қарлығаш Шәтекова қысқы отынның тоннасын 21 мың теңгеден алған.
– Бізге 21 мың теңгеден әкеліп жатыр бір тоннасын. Жылда «Шұбаркөл» көмірін аламыз. Бұрынғы алып жүргендей емес, қызуы бар болғанымен, жаман көмірді араластырып жібереді-ау деймін. Ірісінен ұсағы көп. Жеткізу бағасы – 5 мың. Тұмсық ауылында тұратын туыстарым көмірді сатып алуынан басқа 20 мың теңгені әкеліп бергені үшін қолдарына ұстатқан. Қармыс ауылына 15 мың теңгеге жеткізеді. Ауыл арасы небәрі 10-15 шақырым ғана. Еріксіз аламыз. Қыстан шығуымыз керек қой, – дейді ол.
Дәурені жүріп тұрған «Шұбаркөл көмір» кенішіне ел сұрағын жолдаған едік.
«2023 жылы биржалық сауда-саттық қорытындысы бойынша коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сатып алушы болып, «Көмір гарант» ЖШС анықталды. Биыл біз тұтынушылар үшін алып кету пунктін ашқан жоқпыз, «Көмір гарант» ЖШС-мен келесі елді мекендердің отын базаларында көмір сату туралы шешім қабылдады. Ол – Жезқазған қаласы (Ұлытау облысы), Жаңаарқа кенті (Ұлытау облысы), Осакаровка кенті (Қарағанды облысы), Арқалық қаласы, Аманқарағай стансасы, Қостанай қаласы (Қостанай облысы). Көмір аталған отын базаларына теміржол арқылы үздіксіз жеткізіледі. Осылайша, осы өңір тұрғындарының «Шұбаркөл» разрезіне бармай-ақ және бірнеше күн бойы көмір үшін кезекте тұрмай-ақ көмірді өз елді мекендерінен сатып алуға мүмкіндігі бар. «Шұбаркөл көмір» АҚ биыл тек Қарағанды облысы Нұра ауданы мен Ұлытау облысы Ұлытау ауданының тұрғындары үшін көмір алып кету алаңын ашты. Әкімдіктен машиналар тізімі алынды. Ұлытау облысының басқа аудандары үшін Жаңаарқа стансасының тұйық теміржолында отын базасы жұмыс істейді. Көмірдің сату бағасы – 13 мың 500 теңге. Қорғалжын кентінің тұрғындары көмірді Астана қаласынан сатып ала алады. Мұнда «Шұбаркөл көмірі» үш бөлшек сауда нүктесінде сатылады. Жылыту кезеңінде Астанаға күн сайын 10-15 вагон көмір жеткізіледі. Қарағанды облысы Нұра ауданының теміржол стансаларынан (Баршын, Бестамақ, Жанбөбек, Қарақасқа, Құланөтпес, Талдысай, Тікенекті, Соналы және Нығман) алыс орналасқан кенттерінің тұрғындары үшін олардың елді мекендеріне барынша жақын қашықтықта қосымша отын базалары ашылатын болады. Бүгінгі таңда «Шұбаркөл көмірі» алаңындағы көмірдің сату бағасы өзгеріссіз қалды – тоннасына 8 мың 790 теңге», делінген «Шұбаркөл көмірі» АҚ баспасөз хатшысы Дамира Қожахметова жолдаған ресми хатта.
Сонда дейміз де, «Шұбаркөл» 8 мың 790 теңгеге «Көмір гарант» ЖШС-ға сатса, олар халыққа 13 500 теңгеден өткізсе, 21 мың, 29 мың теңге қайдан шығып отыр? Алыпсатар ұтып, әрине, халық ұтылып жатыр.
Рас, Үкіметтік органдар халықты қысқы отынмен қамтамасыз ету жұмыстарына ерте қамданады. Шілде айында Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде осы мәселеге қатысты брифинг өткен еді. Сонда спикер болған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев: «Қарағанды облысының көмірге деген қажеттілігі – 1 млн 156 мың тонна. Министрлік жүйелі шараларды қабылдап жатыр. Біріншіден, республика деңгейінде тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, бұл жөнінде барлық әкімдікке жеткізілді. Екіншіден, көмірді автокөлікпен республика аумағынан әкетуге толық тыйым салынды. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – алыпсатарлар санын азайту және болдырмау», – деген еді. Сол уақытта облыста көмір сатылатын 52 орын белгіленгені, олардың 20-сы Қарағандыда орналасқаны да сөз етілді.
Шалғай ауыл ғана емес, теміржол бойындағы станса тұрғындары да көмірді қымбатқа алып жатыр. Халық «Шұбаркөлдің» бағасы шарықтап тұр деп шыр-пыр. «Шұбаркөл» біздің баға арзан деп жауап қайырады. Сонда, бар айып алыпсатарда ма?
Айналып келгенде, ауылдағы ағайынның қалтасын қағып жатыр. Қампайған қалта әрине, делдалдікі.
Қарағанды облысы