Қазақстан уранына француздар 1995 жылы сол кездегі президенті Франсуа Миттеран дипломатиясының арқасында қол жеткізді. Француз алпауыты «Orano» «Қазатомпроммен» бірлескен кәсіпорын құрып, Мойынқұм мен Төртқұдық кеніштерін игере бастады. Бұл кеніштерден француздар өз АЭС-теріне отын-таблетка құрамасын жасау үшін жылына шамамен 1,8 мың тонна уран алады. Қалғанын төңкеріске дейін Нигерден тасып келді.
Миттеран салған сара жолды Макрон кеңейте ала ма? Бұл – тек Макрон үшін емес, француз ұлтының болашағы үшін маңызды мәселе.
Франция мен Германия – Еуроодақтың екі локомотиві, ең жетекші елі. Екеуі де экологиялық декарбондалу, яғни көмір-мазут-бензин жақпау жолына түсті. Бірақ Германия күн мен жел, жасыл гидроген жолын таңдады. Ал Франция таза атом (ол да жасыл энергия) бағытына бет бұрды. Биыл Париж өзінің АЭС реакторларын салатын «EDF» корпорациясын ұлттық меншікке өткізіп, француз үкіметі оны толық бақылауына алды. Енді қазір жұмыс істеп тұрған АЭС-терге қосымша су жаңа EPR-2 типті 14 реактор салмақ. Сонда Франция электр энергиясына деген болашақ сұранысын толық қамтамасыз етеді.
Германия күн мен желді жаңа аккумуляторлардың көмегімен тұрақты электр генерациясына айналдырып, көліктерге электр емес, сутегіні пайдаланбақ. Осы орайда, оған керек жасыл гидрогенді Маңғыстаудағы «Hyrasia One» зауыты береді. Маңғыстаусыз 2030 жылы Берлинде бірде бір көлік орнынан қозғала алмайды.
Ал Францияда 56 атом реакторы жұмыс істеп тұр. 1996 жылдан бері олардың барлығы Қазақстан уранын жағып келеді. Бұған қоса, жаңа EPR-2 типті 14 реактор салынады. Олар да бізден шығатын уранға есептелген. Бес жылдан кейін Францияда барлық электр стансасы жарығын тек атомнан алады. Сондықтан француздар Астанаға бар үмітін үкілеп келіп отыр.
Айбар ОЛЖАЙ,
сарапшы