Шәкәрімтанудың түбі ар ілімі ғана емес, қазақтану, мұсылмантану болып кете беретіні белгілі. Семейдегі Шәкәрім университеті ақын мұраларының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқаны және бар. Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған университет жанындағы «Шәкәрім» музейінің басшысы Тұрдықұл Шаңбай «Шәкәрім феномені» тақырыбында сөз сөйлегенде осыған тоқталды. Отандық ғылымның олжасына айналмақ «Шәкәрімтану мәселелері» атты іргелі сериялық ғылыми жинақты да аталған университет шығару үстінде.
Семейдегі Шәкәрім университетінің түлегі Айжан Аман-жол дайындаған «Шакарим. Избранное» жинағымен қатар, «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы мен Мұхтар Мағауиннің дайындауымен 1978 жылы Ленинградта жарық көрген «Поэты Казахстана» жинағын елшілікке сыйға тартты.
Мәдени-ғылыми іс-шара барысында Тұрдықұл Шаңбай Шәкәрім шығармаларын орыс тілінде Мәскеуден шығару туралы бастама көтерді. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев қолдайтынын жеткізді. «Художественная литература» баспасының бас редакторы Г.Пряхинмен бірлесе ақын шығармаларын шығару жөнінде келісім жасалды.
Қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттауда Ресейдегі Қазақстан елшілігі бірқатар жобаны іске асырып жатыр. Осы дөңгелек үстел үстінде «Триста казахских сказок» атты екі томдықтың тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған іс-шараға жазушы, халықаралық журналист В.Снегиров, әдебиеттанушы ғалым В.Огрызко, жазушы Г.Пряхин сынды бір топ ресейлік зиялы қауым өкілдері қатысты.