Жоба • 02 Қараша, 2023

Қолғанат болған жоба

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету үшін такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі қанатқақты жоба басталғалы Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 25,9 мың рет көрсетілді.

Қолғанат болған жоба

Қазір Астана және Алматы қала­ла­рынан қанатқақты жобаға 441 адам қатысып жатыр. Министрлік әкім­дік­термен бірлесіп қолға алған бұл бас­та­маның тиімділігі бүгіннің өзін­­де бай­қа­лады.

Бұған дейін инватаксидің қызметіне жүгіну үшін азаматтар бір күн бұрын телефон арқылы жазылуы қажет еді. Бұл сапарды алдын ала жоспарлауға, көлікті біраз күтуге мәжбүрлейтін. Бұған қоса инватакси қызметін ұсынатын көлік құралдарының жетіспеушілігі мәселесі де бар. Осындай қолбайлау болатын кедергілерді реттеу үшін арнаулы шарттарды біршама жеңілдетіп, бұл қызметке такси агрегаторларын тартуға мүмкіндік туды.

Әдетте агрегатор жасалған сапар­лардың төлем ақысынан платфор­ма­ларының пайдасына белгілі мөл­шер­де пайыз аударатын болса, мұндағы басты шарт – сол пайыздың болмауы. Осы жұмысты қолдаған Яндекс компаниясы қанатқақты жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.

Енді инватакси қызметін азаматтар осы аталған жоба аясында Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы қол­дана бастады. Жобаның ерекшелігі – қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдау, онлайн режімде тапсырыс мәртебесін қадағалау және сапарларды бақылаудың қарапайым жүйесі. Бұл қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсерде қалай көмек көрсетуге болатыны секілді қажетті нұсқауларды алады.

Жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдардың фокус-тобы қатысады. Қызмет көрсетудің оң нәтижесі болған жағдайда жаңа форматта мүгедектігі бар адамдардың басқа топтарына және еліміздің барлық өңірінде жүзеге аспақ.