Сұхбат • 02 Қараша, 2023

Нұрғали Ораз: Бізде таланттардың еңбегін бағалау кемшін

448 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Нұрғали Ораз шығармаларының бір қыры, ұлтымыздың назқоңыр жанын, адамдық әсем табиғатын қалтқысыз суреттеуінде. Іңкәрлік, сезімшілдік, тазалық самалы есетін туындылар жан түбінен киелі шақтағы алтын сәулені оятады. Қақ-соқпен ісі жоқ, жалғыздық құзарында жүрек нұрын жайған жазушымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Нұрғали Ораз: Бізде таланттардың еңбегін бағалау кемшін

– Оралхан Бөкейдің Шерхан Мұртазаға айтқан «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» деген сөзі жиі айтылады. Сізге бұл сұрақты сәл өзгертіп қойғым келеді, 60-тың асуынан төмен қарағанда, нені көресіз?

– Алпыстың асуына көтеріл­генде көргенім: менің өмірім екі құрлыққа бөлініп қалғандай екен. Алғашқы отыз жылым кеңестік дәуірде өтіпті. Одан кейінгі отыз жылым Тәуелсіздік кезеңін­де өтіп келеді. Осы екі құрлықтың ара­сында Босфор бұғазы секілді бір терең дария бар...

Әуелгі құрлықтағы өмірім ойы­ма жиі оралады. Бақытты бала­лық, студенттік қызықты да ду­манды шақ. Әдебиет пен өнер­ге деген шексіз құштарлық. Ал­ғашқы әңгімелерім баспасөз бе­тінде жарық көрген кездегі ерекше қуаныш...

Ал қазір заман өзгерді ғой. Сонымен бірге біздің өмірге деген көзқарасы­мыз, сана-сезіміміз де үлкен өзгеріске ұшырады. Еге­мендіктің алғашқы 30 жылын үш­ке бөліп қарасақ, алғашқы онжыл­дықта ел тәуелсіздігі үшін біз қан­дай құрбандыққа болса да да­йын едік. Екінші онжылдықта ­әне-міне тіршілігіміз түзелетін шы­ғар деп күттік. Ал соңғы онжыл­дық­та, ке­шіріңіз, бәрінен күдер үзіп, түңіле бастағандай күй кештік.

Енді міне, Жаңа Қазақстан, Адал азамат, Әділдік деген керемет идеялар­дың туы көтеріліп жатыр. Бұл – өмір шындығынан туған Ақиқат.

– «Түнгі жалғыздық» әңгі­месінде: «Бейуақта көше бойы­мен зымыра­ған бірлі-жарым көліктердің соңы­нан қуа түсіп, қалт тоқтай қалса, әлгі гү­ріл­де­ген машиналардың даусынан да төбе құйқаңды шымырлатардай жалғыз­дық сарыны есіп қоя береді» деген жолдар бар. Жалпы, әңгіменің өне бо­йынан жалғыздық әуені естіліп тұрғандай. Сіздегі жалғыздық қай кезден бастау алды?

– Бала күнімде біздің үй ауылдан-ауылға көшіп-қонып жүрді. Әкеміздің қызметі екі-үш жылда бір ауысып тұру­шы еді. Ол кісі елім, жерім деп өмір бойы адал еңбек еткен азамат. Шөлейт дала­дағы шағын-шағын бөлімшелерге басшы болып, құдық қаздырып, су шығартып, озат шаруашылық атандырып, ел алғысына бөленіп жүрді.

Бір жақсысы, үйіміз көшкен сайын біз Қазығұрт тауының бөк­теріне қарай жақындай түстік. Ең соңында, Келес өзе­нінің бо­йындағы түгін тартсаң майы шы­ғатын көк майсалы қонысқа жетіп тоқтадық.

Үйіміз көшкен сайын мен де мектептен-мектепке ауысып, «бө­тен бала» атанып жүрдім. Кей ауыл­дарда бастауыш, сегізжылдық мектеп қана болды. Ондай кезде орталықтағы әпкеміздің, Арыс қаласындағы нағашымыздың үйін­де жатып оқыдым.

Кім білсін, жалғыздық менің көңіліме сол бір шақта, бала ке­зімде ұя салып алған болар. Әйт­се де жалғыздық – жал­пы адам­зат баласына тән сезім ғой. Сон­дықтан да «Ол не? Қандай сезім?» деп ешкім де, ешқашан да сұрамайды. Түптеп келгенде, адамзат баласының кө­ңіліндегі сағыныш та, сүйіспеншілік те сол жалғыздықтан бастау алып жа­тады-ау деймін.

Менің «Түндегі жетім тамшылар» атты әңгімемдегі Жаңбыр­бай деген кейіпкерім жападан-жалғыз қалып, кө­ңілі қатты жа­быққан сәтте, сырттағы тырс-тырс тамған тамшылардың дыбысы­на құлақ түріп отырып: «Қызық-ай, ұжымдасып, мемлекет болып өмір сүріп келеміз дегенімізбен, адамдар да осы бір тамшыларға ұқсайды. Сырттай қараған­да толассыз құйған жаңбырдай тірші­лік, ал іштей зер салып, үңіліп қара­саң, әрқайсысы жеке-жеке үзіліп түсіп жатыр...» деп ойлайды.

– Алғашқы жазған шығар­маңыз қалай дүниеге келді?

– Алғашқы «Долана» деп аталатын әңгімем студенттік шақта баяғы «Ле­ниншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газе­тінде жарық көр­ді. Ол кезде мен ҚазМУ-дың екін­ші курсын тәмамдап, об­лыс­тық «Оңтүстік Қазақстан» газе­тінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенмін. Жаз айының жай­машуақ күндерінің бірі еді. ­Та­ңер­­теңгілік редакцияға кел­ген пош­таны бірінші болып қа­рап шығатын көрнекті жазушы ­аға­мыз Мархабат Байғұт қолым­ды қысып құттықтап: «Жаңа ғана оқып шықтым, жақсы әңгіме екен. Тілің өте шұрайлы. Піскен өрік сияқ­ты тәп-тәтті. Төгіліп тұр ғой» деп жымиды.

Содан соң белгілі жазушы Нәсі­реддин Серәлиев ағамыз ре­дак­цияға телефон соғып, жылы пікір білдіргені есімде. Облыстық радио комитетінде қызмет істейтін Қарауылбек Қазиев ағамыз да қуанып, ыстық сәлемін жолдапты.

Ол кісілер сол кездегі Шымкент қала­сының шырайын келтіріп жүретін биік тұлғалар еді ғой!..

Біз үшінші курсқа көшкен жылы әлгі әңгімемді қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Дулат Исабеков ағамыз оқып шығып: «Ата мен баланың арасын­да­ғы сыйластық пен сүйіспеншілікті әдемі жеткізген екенсің» деп, республикалық «Жалын» баспасынан жыл сайын шы­ғып тұратын дәстүрлі «Арман қанатын­да» атты жинаққа қосты. Жаңылмасам, сол жинақтағы ең жас автор мен болдым-ау деймін.

– Шығармашылық жолы­ңыз­ға әсер еткен, қозғау салған бір тұлға жө­нінде айта кетесіз бе?

– Шығармашылық жолға тү­суіме әсер етіп, маған ерекше жа­­на­шырлық та­нытқан бір аяу­лы жан – ҚазМУ-дың журналис­тика факультетінде өзімізден не­­бәрі бір-ақ курс жоғары оқы­ған Жұма­бай Әбілов деген сту­дент жігіт еді. Ол факуль­теті­міз­дегі Мұхамеджан Сера­лин атын­­да­ғы әдеби бірлестікке жетек­шілік ететін. Біздің алғашқы әңгі­ме­леріміз­ді оқып шығып, өз аяғы­мен редакцияға апарып, Тә­кен Әлімқұлов, Шерхан Мұр­таза, Сәкен Жүнісов, Сайын Мұрат­беков, Зейнолла Серікқалиев се­кілді классик жазушылардың са­раптамасына ұсынып, алғысөз жаздырып алып, алғаш газет-журналдарда жарық көруіне себепші болған да сол бір ақ көңіл, әдебиет пен өнер десе, ішіп отырған асын жерге қоятын адал азамат-тұғын.

Халықаралық Түркістан уни­версите­тін­де дәріс беріп, ұстаздық етіп жүрген шағында кенеттен жол апатынан қайтыс болды...

Өз басым, жер бетіндегі жұ­мыр басты пенделер үшін жұм­бақ, тылсым дүниенің бар еке­ніне сенемін. Сондықтан да жа­зу­шылық өнердің де – әкенің қа­нымен, ананың ақ сүтімен бойға даритын ерекше қасиет екеніне күмән келтірмеймін.

Менің әкем Балтақара деген кісі айна­ласындағы елді сөзімен де, ісімен де тез ұйымдастырып ала қоятын өте ше­­шен кісі еді. Ал анам Тұрсын өзімен әңгі­­мелесіп отырған жанды зейін қоя тың­дап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір-ақ айтатын аяулы жан болатын. Дүниеден өтерінде бір жылдай сырқаттанып жүрді. Кітапты көп оқушы еді. Кейін білдік, ол кісі кітап оқумен ғана шектелмепті. Өзі де «Біздің әулет» атты кітап жазып қалдырыпты. Ол кітапта сонау ашаршылық жылда­рында Өзбекстанға өтіп, одан әрі Қыр­ғызстанға асып жан сақтаған бір ауылдың тағдыры баяндалады. Міне, осы хикая­ны оқыған жандар таңғалып: «Саған жазушылық өнер анаңнан дарыған екен ғой, шығармаларыңның тілі қандай ұқсас», десіп жатты. Мен анамның қолжазбасындағы бір ауыз сөзді өзгерткен емеспін. Бұл – табиғи, шынайы ұқсастық.

– Өміріңізге ерекше ықпал ет­­кен оқиға туралы айта кетсеңіз.

– Әкем әу баста менің жол құрылысы инженері болғанымды қалайтын. Маған ылғи да: «Сен Ташкенттегі автомобиль жолдары институтына түсуге тиістісің» деп отырушы еді.

Бір қызығы, біз онжылдық мектепті бітірген жылы оңтүстік өңірде қатты құрғақшылық бол­ды да, әкем сонау Солтүстік Қазақ­стан облысынан қамыс орып әке­луге аттанған бригадаға жетекші болып кетті. Сол бір орайлы сәтті пайдаланып, мен Алматыға қа­рай тарттым.

Сәті түсіп, өзім армандаған жур­налистика факультетіне оқу­ға қабылдандым. Әкем ренжіген жоқ. Екінші емтиханды тап­сыратын кезімде Алматыға келіп: «Біз­­дің істеп жүрген жұмысымыз бен қызме­ті­мізді жазып қалдыратын адам да керек қой!» деп басымнан сипап, ар­қамнан қақты.

Бәлкім, менің өміріме үлкен бетбұрыс жасаған осы бір оқиға болар.

– Бүгінгі қоғамда сізді не нәр­се алаң­датады?

– Әрине, көп нәрсе алаңдатады. Біз со­циалистік жүйенің тәрбиесін алып, ка­питалистік қоғамда өмір сүруге мәж­бүр болған ұрпақ­пыз. Ең қиыны, ой-сананың бейімде­луі, көзқарастың өзгеруі. Алысқа ұзамай-ақ, таяуда болған бір оқиғаны еске алайыншы. Қазан айы­­ның бас жағында Анкара қала­сындағы Қазақ мәдениеті қоға­мының өкілдері мен бүгінде өз елі­­мізге ғана емес, көрші елдер­ге де кеңі­нен танымал бола бас­та­ған «Тұран» ансамблінің кез­десуіне куә болдық. Олардың өне­ріне ризашылы­ғын білдірген кісілер: «Үстеріңіздегі «Тұран» деп жазылған футболкаларыңыз­дың артық данасы болса, бізге ес­телікке бері­ңіздерші. Сатып алайық!» десіп жатты.

Міне, мен осы оқиғаны келесі күні бір түрік әріптесіме қуана-қуана айтып едім, ол: «Мынау бір керемет идея екен!» деді де, «Тұран» ансамблінің жігіттеріне: «Біз сіздердің футболкаларыңызды шығаруға дайынбыз. Өзіміздің шағын дүкеніміз бар» деп бірден коммерциялық ұсыныс жасауға кірісті.

Сонда мен іштей таңғалдым. Бізге мұндай ой бірден келе қой­майды-ау деп...

Қазір ана тіліміздің халі мүш­кіл. Бас­қаларға өкпе артып қай­теміз, өз ұлты­мыздың тең жартысы ана тілімізде кітап оқымайды. Мұндай кезде қандай көркем шығарма жазса да, жазушының табысқа жете қоюы қиын ғой...

Жаңа шығарманың әділ баға­сын беретін ең әуелі – әдеби орта.

Екіншіден, зиялы қауым. Үшін­шіден, жас ұрпақ.

Бізде қазір, өкінішке қарай, талант­тардың еңбегін бағалау кем­шін. Сондық­тан да қоғамның әдебиетке деген ықы­ласы, құш­тарлығы тым-тым төмен. Өнер адамдары үшін бұл – трагедия.

Осы ретте мен өзімнің «Са­қалды қыз» атты әңгімемде су­рет­ші мен сақалды қыздың тағ­дырын қатар ала отырып, өле-өл­генше өз қиялына өзі алданып, өмірдің бар қызығынан құр қал­ған, көзі тірісінде бірде бір суреті өз бағасын ала алмаған байғұс суретшінің өнері де қыз балаға біткен сақал сияқты түкке қажеті жоқ, табиғаттың бір қателігі емес пе деген ойды айтқым келген-ді.

Бұл әңгімеге жақсы пікір біл­дірген жандар, әсіресе жастар көп-ақ. Әйтсе де менің әлгі ойым әңгімемде жасырынып қалған секілді...

– «Шыбын жан көкке ұш­қанда» атты шығармаңыз­дың со­ңында: «Бір жақсысы, мы­­нандай зау биікте ұшып ке­ле жатқанда жер бетіндегі қиын сұ­рақтардың барлығы да төменде қа­лып, өзіңді құс сияқты самғап кеткендей жеңіл сезінесің» – деген сөйлем бар. Дәл қазір өзіңізді қалай сезінесіз?

– Иә, ұшақта отырған кезде мен өзімді ылғи да осылай жеңіл сезінемін. Бас қа­тыратын нәрселердің барлығы да төменде, жер бетінде қалған сияқты көрінеді. Бәлкім, біздің кеудеміздегі шыбын жан да өлшеулі уақытта бітіп, көкке ұшқан күні бәрін ұмытып, бәрінен арылып, жеп-жеңіл болып кететін шығар деген ой келеді. Бір жағы, аталған хикаяттағы кейіпкерімнің күнәсін осылай жуып-шайғым да келді.

Себебі ол – пенде ғой. Пенде болған соң, өз жаратылысына қарсы тұра алмайды. Әкесімен жасты кісінің байлығы, мансабы үлде мен бүлдеге бөлегенімен, сезімі, құшағы қанағаттандыра алмайды... Табиғатқа, жаратылысқа қарсы тұрудың қажеті қанша?!

– Орыс әдебиеті дегенде, ­кім­ді еске аласыз?

– Орыс әдебиетіндегі менің ­ең сүйікті жазушым – Антон Чехов.

– Соңғы кезде өзіңізге ерек­ше әсер еткен қазақ жазушысы­ның шығар­масы жөнінде айта кетесіз бе?

– Тәуелсіздік дәуіріндегі ерекше әсер еткен шығарма – Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы.

– Прозадан бөлек фило­софиялық толғамдар, драма­тур­гиялық еңбектер жазу ойы­ңызда бар ма? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Ойда бар. Бірақ ынта-ықы­лас күннен-күнге кеміп барады. ­Май­лықожа ақын айтқандай:

«Жырлағаннан не пайда,

Тыңдаушы баға бермесе?..»

Ең басты өкпе – ана тіліміздің қадірін түсіріп, өзге тілге жау­таңдатып қойған заманға...

Бүгінде қоғамымыз қатты сын­ға алып жатқан ескі Қазақстанның отыз жылы Тәуелсіздік дәуірі үшін оймақтай ғана болып көрінгенімен, бүтіндей бір ұрпақтың жарты өмірі ғой. Келісесіз бе...

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар