Ал 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні ауқымды конференциялар ұйымдастырылады. Сонымен бірге репрессия құрбаны болған, сталиндік жүйенің езгісін көрген жандардың ұрпақтары музейге жиі бас сұғады. Шымкентті көруге келген туристер де музейді тамашалайды. Оларды көбіне жергілікті жердің тұрмысы, тарихы қызықтырады. Бұдан бөлек, музейге еліміздің зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері келіп, тарихи құжаттар, деректермен танысқанды жөн көреді.
Жуырда музейге бір топ зиялы қауым өкілі келді. Олардың арасында Жүсіпбек Аймауытұлының туған інісі Жақыпбектің немересі, медицина ғылымдарының докторы Бауыржан Ысқақов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанұлы, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина, қаламгер Сайлау Байбосынов бар.
Қонақтар музейдің жаңғыртылған жаңа экспозиция залдарымен танысып, қазақ халқының зұлмат жылдары жайында тарихи-танымдық баяндамаларын тыңдады. Бұдан бөлек, ел зиялылары «Тағзым» залында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың рухына құран бағыштап, тағзым етті. Кейін музей экспозициясына қатысты ұсыныстарын білдіріп, өзара пікір алмасты. Өз кезегінде музей атынан қонақтарға ерекше құрмет көрсетіліп, 10 томдық «Ақ жол» кітабы сыйға тартылды. Экскурсия соңында қонақтар музейдің қызметін жоғары бағалап, Пікір кітабына жылы лебізі мен естелік жазба қалдырды.
«Шымкенттегі Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық университетте Жүсіпбек Аймауытұлына атында ескерткіш ашылып, тақтайша қойылды. Алаш қайраткерінің ұрпағы осы іс-шараға қонақ болып қатысып, бір жағынан біздің музейге тарихи құжаттардың көшірмесін тапсырды. Алаш көсемдерінің ұрпақтары музеймен тығыз байланыста. Мәселен, Сұлтанбек Қожановтың інісінің баласы көне фотоальбомды сыйға тартып кетті. Ол Кентау қаласынан С.Қожанов атындағы көшенің ашылуына күш салған. Алаш зиялысының атынан туған жерінен музей де ашқан. Алдағы уақытта Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығын тойлауға әзірлікте жүр. Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Тіпті Whatsapp желісінде ортақ чатымыз да бар. Биылдан бастап видеотеканы қолға алдық. Бұл жерде репрессия құрбандары ұрпақтарының естелігін жазып аламыз. Кейін редакциялап, жинаққа енгіземіз. Әсіресе музейдің жұмысына шетелдіктер қатты қызығады. Жақында ғана АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм мырза мен жұбайы Шарон Ваксман ханым, АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин және елшіліктің қызметкерлері бізде қонақта болды. Бас консулдың қызы аштық тақырыбында тарихи ізденістер жүргізеді екен. Біздің қордағы құжаттармен, фотоальбомдармен танысып, құнды жәдігерлерге жолыққанын қуанышпен жеткізді. Жалпы, музейге шетелдіктер тарапынан қызығушылық жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, 2021 жылы 21 шетелдік азамат музей қонағы болса, биыл 8 айдың өзінде олардың саны 300-ге жуықтады», деді музей директоры Мария Асқарова.
Еліміздегі саяси бағыттағы қуғын-сүргін тақырыбына арнап алғаш ашылған музейдің бір ерекшелігі сыртқы сәулеті мен ішкі дизайны атауына сай үйлесім тапқан. Музей «Экспозициялық», «Тағзым» және «Кино» залдарынан тұрады.
ШЫМКЕНТ