Сенат • 03 Қараша, 2023

Өзекті мәселелерді қамтыған сауалдар

160 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысы Қарағанды облысындағы төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Отырыс барысында сенаторлар Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялады, депутаттық сауалдарын жолдады.

Өзекті мәселелерді қамтыған сауалдар

Кәсіпорындардағы апат қашан тыйылады?

Палата отырысының күн тәртібіне сәйкес депутаттар «Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы ара­сын­да­ғы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – жаһандық маңызы зор, беделді ха­лықаралық институттардың бірі. Бүгін мақұлданған заң Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен осы ұйым арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі. Сондай-ақ Еуропалық өңірлік комитетінің сессиясында қабылданған шешімдер отандық медицина саласының дамуына да оң әсерін тигізеді деп се­не­міз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Сергей Ершов Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің өнеркәсіп қауіп­сіз­дігіндегі жүйелі мәселелер туралы айтып берді. Оның мәлімдеуінше, «Ар­се­лорМиттал» кәсіпорнында апаттар жүйелі түрде болып келеді. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – ескірген жабдықты пайдалану.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұ­мыс істеген жылдары көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыру бойынша жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізбеген. Бұл – қайғылы оқиғалардың бас­ты себебі. Өткен ғасырда шығарылған құрал-жабдықтар әлі де қолданылады. Тозған жабдық жұмысшылардың өміріне және денсаулығына қауіп төндіреді. Бүгінгі таңда көптеген өнеркәсіптік кәсіпорынның иелері жабдықты ауыс­тыруға ақша үнемдеуді көздеп, бақы­лау­шы органдар талап ететін өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізумен шектеледі. Осыған байланысты өнер­кә­сіп­тік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға қауіпті өндірістік нысандарды жаңарту мен техникалық қайта жа­рақ­­­тан­дырудың жиынтық жоспарын келісу, сондай-ақ кәсіпорындардың оны уақтылы орындау жөніндегі міндетін бекіту функциясын беру орынды деп санаймыз», деді С.Ершов.

Депутат сонымен қатар бүгінгі таңда өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы өн­ді­ріс­тік бақылауды өндірістік бақылау қызметінің қызметкерлері атқаратынын атап өтті. Себебі олар жеке өндірістік бақылау қызметінің қызметкерлері емес, кә­сіпорынның басқа қызметтерінде жұ­мыс істейді.

«Қазіргі уақытта қоғамда аталған тра­ге­дияға кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігі туралы мәселе орынды көтеріліп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде қаупі жоғары са­ла­ларға қатысты мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажет. Осындай қайғылы оқи­ғаларға кінәлі адамдар жазаның жұм­сақ түрімен құтылып кетпеуі керек. Қылмыстық заңнама нормалары өнер­кә­сіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралының біріне айналуға тиіс», деді сенатор.

 

Архивтерде қордаланған мәселе көп

Еліміз бойынша архив қоймаларының толу көрсеткіші 90 пайыздан асады. Кейбір өңірлерде 100 пайызға толып қалуына байланысты құжаттар сақтауға қабылданбайды. Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі осы мәселе туралы айтты. Се­натор Премьер-министрге жолдаған де­пу­­таттық сауалында са­ла­да мәселелер жет­кілікті екенін және оларды шұғыл шешу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұрағат басқар­ма­ларының 98 пайызы заңнама талаптарына сәйкес келмейтін ғимараттарда орналасқан.

«2022 жылы қаңтар айында Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Тараз қалала­ры­ның салалық архивтері отқа оранды. Түрлі апаттар мен төтенше оқиғалар болған жағдайда құжаттарды эвакуа­ция­лайтын арнайы орындар мүлде жоқ», деді сенатор. Сондай-ақ елде 229 мем­ле­кеттік және арнайы мұрағат жұмыс істейтінін атап өтті. Олар кәсіби кадр­лар­дың жетіспеушілігін қатты сезінеді. Өңірлерде кадрлар ауысымы 50 пайызды құрайды. Жалақы аз, жүктеме көп болғандықтан маман тұрақтамайды.

«Архив саласындағы ахуалды саралай келе төмендегідей сауалдар туындайды. Архивтерді тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету бағытында қандай жұ­мыс­тар атқарылып жатыр? Төтенше жағдайларда архивтерді эвакуациялайтын орындар мен нақты пысықталған жоспар бар ма? Өңірлерде, оның ішінде жаңадан құрылған облыстарда архив саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен трансферттер бөлу көзделген бе?» деді сенатор.

 

Өңдеу өнеркәсібіндегі түйткілдер

Сенатор Сүйіндік Алдашев еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің өзекті мәселелерін көтерді. Ол Өнеркәсіп және құрылыс министріне жолдаған депутаттық сауалында жоғары қайта бөлу кластерін құру жөніндегі 15 ірі жоба бойынша министр­­лік жұмысындағы кемшіліктерді атап көрсетті. Сенатор сарапшылар мен өнер­кәсіп мамандарымен кездесулер барысында серпінді жобаларды іске асыруда үш мәселе бөлігі анықталғанын атап өтті. 

«Біріншіден, кәсіпорындарға жеткі­лік­ті көлемде және тиісті бағадағы шикі­зат­ты жеткізу, сондай-ақ оларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселесі күрделі. Нормативтік база жетілдіруді талап етеді. Бүгінгі таң­да отандық өндірісте қайта өңделген им­порттық шикізат пен компоненттер әлі де басым екені белгілі. Қолданыстағы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң Мемлекет басшысының Қа­зақ­стан тауар өндірушілерін ши­кі­­затпен қам­тамасыз ету жөніндегі тап­сыр­ма­сы­ның орындалуына ықпал ете алмайды», деп атап өтті С.Алдашев.

Проблемалардың екінші бөлігінде іске асыру мәселелері, онда озық технологияларды қолдану, қаржыландыру көздері мен жоба операторларын анықтау қамтылған. Үшінші бөлікте ел экономикасына қажетті өнімді айқындау, өнімді экспортқа тасымалдау және өткізу сияқты маркетингтік проблемалар белгіленді. «Сізден жобаларды жоспарлау және іске асыру барысында жоғарыда аталған базалық, іске асыру және маркетингтік мәселелер қалай азайтылады деген сұ­раққа жауап беруіңізді сұраймыз. Сена­торларда Үкімет 15 серпінді жобаны жүзеге асыруға дайын ба деген сұрақ туындап отыр», деді сенатор.

 

Резервтік қуат көзі керек

Кейбір ауруханаларда резервтік жағдайда іске қосылатын электр қуаты жоқ. Сенатор Жанна Асанова Денсаулық сақтау министріне жолдаған депутаттық сауалында мұндай жағдайда жансақтау бөліміндегі және операция  жасау бөлмесіндегі адамдардың қаза болуы мүм­кін екенін айтты.

Депутат 29 қазанда Астанада бірнеше сағат бойы электр қуаты болмай қалғанын еске салды. Қосалқы трансформатор стансасындағы апат салдарынан қаланың бір бөлігінде электр қуаты болмай қалды. Оның ішінде ауруханалар да бар.

«Дәрігерлер күн сайын әртүрлі арнаулы техниканы пайдалана отырып, үлкендер мен балалардың өмірі үшін операция үстелінде арпалысқа түседі. Жүздеген пациент жансақтау бөлімінде, кейбірінің өкпесіне механикалық желдету аппараты қосылып тұр, енді бірі гемодиализ секілді ағзалар өмірін жасанды түрде қолдауға арналған құрылғыға тәуелді болып отыр. Медициналық техниканың бәрі жұмыс істеуі үшін электр энергиясы әрқашан керек. Ол болмаған жағдайда пациенттердің өмірін сақтап қалу немесе қолдау көрсету мүмкін емес. Сондықтан аурухананы резервтік қуат көзімен жаб­дық­тау міндетті талап болып отыр», деді Ж.Асанова.

Депутат клиникалар мен стационарларда, оның ішінде шалғайдағы ауылдық жерлерде автоматты түрде үздіксіз қуат беретін генераторлардың болуын тексерудің маңыздылығын атап өтті. Үздіксіз қуат беретін автоматты генераторды ауыстыру немесе ол жоқ болған жағдайда сатып алу үшін қаржы бөлу керек, ал денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары ауруханаларды электрмен үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз етуді, генераторлардың жарамдылығы мен генераторға арналған отынның болуын бақылауды күшейтуге тиіс.

 

Азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатады

Елімізге шетелдік өнімдерді импорттау жалғасып келеді, ал өзіміздің тамақ өнімдерімізді өңдеуді дамытуға ниетіміз жоқ. Сенатор Талғат Жүнісов Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін көтерді.

Ол Президенттің  халыққа   Жолдауында үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделетін өнімнің үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту міндеті тапсырылғанын еске салды. Сенатордың пікірінше, бұл міндетті іске асыру үшін ғылым мен бизнестің күш-жігерін біріктіру қажет.

«Елімізде азық-түліктің негізгі түр­­лері бойынша атап айтқанда, ірім­шік­тер мен сүзбе, шұжық өнімдері, құс еті мен тағамдық қосалқы өнімдер, сары май, қант, жеміс-көкөніс кон­сер­вілері және май өнімдері бойын­ша импорттың деңгейі жоғары. Ғылым бизнеспен бір­лесіп импортқа тәуел­ділік деңгейін тө­мен­детуді, тамақ өнім­дерінің ассор­ти­ментін молайтуға мүм­кіндік беретін озық шетелдік технологияларды трансферт­­теу жөніндегі ұсыныстарды қарауы қажет», деп атап өтті сенатор.

Депутаттың пікірінше, агроөнеркәсіп кешенінде бастапқы өндірістен жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруға нақты серпіліс жасау үшін еліміздегі қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін ғылыми-технологиялық дамытудың кешенді бағдарламасы керек, ол үшін бірқатар мәселені жедел шешу қажет.

«Мал сою, сүт, жемістер мен кө­көністерді өңдеуге арналған шағын меха­никалы жабдықтардың шағын сериялы өндірісінің кіші кластерін жасау керек. Еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы білікті мамандар санының өсуін қамтамасыз ету өткір мәселе болып отыр. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, өңірлік бағдарламалар, Ғылым қоры, Дүниежүзілік даму банкі бағдарламалары аясында ауыл шаруа­шы­лығы шикізатын қайта өңдеуді қар­жыландыруды ұлғайту және тағы басқа да шаралар арқылы оны ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету деңгейін көте­рудің маңызы ерекше. Сондай-ақ елі­міздің азық-түлік және қайта өңдеу өнер­кәсібі бойынша кадрлық және ғылыми әлеуетін дамыту үшін жыл сайын салалық ғылыми зерттеу институттарында PhD даярлау жөнінде нысаналы гранттарды бекіту қажет», деді сенатор.