Инфографика • 03 Қараша, 2023

Санымыз өсті, сапамыз қалай?

312 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен он жыл ішінде халқымыздың саны едәуір артып, ұлттық құрамға қатысты көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарғаны туралы ресми хабардың таралуы жұртшылықты қуанышқа бөледі. Ендігі жерде елімізде қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін одан әрі бекемдей түсу қажет. Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы санақ қорытындысы бо­йынша тақырыптық жинақты жариялады.

Санымыз өсті, сапамыз қалай?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақтың үлесі – 70,4%

Бұған дейін жарияланған санақтың алдын ала қорытындылары бойынша қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асқаны айтылғаны белгілі. Ұлттық статистика бюросы жариялаған соңғы нақты деректер қазақ халқының саны 13,4 млн адамды құрап, 2009 жылдан бері 33,7 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Яғни 63,1 пайыздан 70,4 пайызға көтерілдік. Алғашқы бестікке орыс (2,9 млн адам), өзбек (614 мың), украин (387 мың), ұйғыр (290 мың) этносы кірген.

Санақ қорытындысы бойынша еліміз­дегі эт­нос саны 124-ті құра­ды. Олар­дың ара­сында лив, вепсі, ороч, дол­­ган­­, удэгей, цахур­, мансы, на­­най­­, моңғол, селькуп, чук­ча, уль­та, нивх, ижор, кет, коряк­­, қырым­шақ, нганасан, саам­, чуван секілді аз санды ұлт өкіл­­дері де бар. Айта кетейік, 2021 жыл­ғы санақ сауалдамаларына «ұлтты көр­сет­пеу» жауап нұсқасы қосылған болатын. Осылайша, 24,8 мың адам өз ұлтын көрсетуден бас тартқан.

2009 жыл және 2021 жылдағы халық са­на­қ­­­тарының нәтижелеріне қарасақ, 12 жыл­­­дың ішінде қазақтан басқа, негізінен мұ­сыл­­­ман ұлттардың барлығы өсім көр­сет­се, өз­ге дінді ұстанушылар қатары, со­ның ішін­де орыстар азайған. Мәселен, қа­зақ­­­­тар­­дың жалпы саны орыстардан 4,5 есе көп. Ал 1 жасқа дейінгі қазақтардың са­­ны о­сы жас­тағы орыс­тардан 11 есе асып түс­­кен. Бұл көр­сеткіш біздің халықта туу көр­­­сет­кіші ана­ғұрлым жоғары екенін, осы ұрпақ өсіп-же­тілгенде еліміздегі ха­лық­­тың ұлттық құ­ра­мы мүлдем басқаша бо­ла­­ты­­нын білдіреді. Елімізде алеут, ульча, не­ги­­дал, швед халқының өкілдері мүлдем жо­ға­­лып кетсе, жаңадан даниялықтар, кет, нга­на­­сан, ульта, моңғол халқының өкілдері пайда болған.

 

117 мың қазақ ана тілінен тамыр үзген

Халқымыздың саны артқаны жақсы, ал тіл меңгеруі мен діни ұстанымы қандай деңгейде? Бұл жағынан, өкінішке қарай, әлі де сан соғар сәттер баршылық. Мәселен, Ұлттық статистика бюросы жариялаған жинақтағы «Ұлты және ана тілі бойынша халық» бөлімінде еліміздегі 13 497 891 қазақ ұлтының 13 380 107-сі қазақ тілін өз «ана тілі» ре­тін­де атаса, 117 784 қазақ басқа ұлттың тілін таңдаған. Бұл елімізде мемлекеттік тілде сөйлей алмайтыны өз алдына, тіпті ана тілінен толықтай тамырын үзген қандастарымыздың да әлі де көп екенін аңғартып тұр.

Бір қуантарлық көрініс, 700 мыңнан астам орыс ұлтының өкілі мемлекеттік тілді меңгергендігін айтқан. Бұл – елі­міз­дегі орыс халқының 25 пайызы. Өзге де ұлттар арасында мемлекеттік тілде сөйлейтіндер қатары артып келеді. Сонымен бірге 629 мың орыс ұлтының өкілі болашақта қазақ тілін үйренуді жоспарлап жүрген болса, 602 мың орыс тілді азамат қазіргі күні мемлекеттік тілді үйреніп жатыр.

Дін ұстану тұрғысына келсек, бұрын «ел халқының 70 пайыздан астамы мұсылман» дейтін болсақ, бұл жолы жағдай күрт өзгергені қайран қалдырады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бо­йынша халқымыздың 69,3 пайызы ғана өзін мұсылман санайтынын айтып­ты. 17,2 пайызы – христиандар. Дінге сенбейтіндер 2,3 пайызды құраса, дінін көрсетуден бас тартқандар 11 па­йыз болған. 2009 жылғы санақ кезінде олардың үлесі 0,5% еді. Өз сенімін жасырғандардың қатары 12 жылда 20 есеге артуының артында қандай сыр жатқаны жұмбақ.

 

Алматы – полиглоттар қаласы

2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан асқан халықтың 44,9 пайызы екі тілді, 28,6 пайызы үш тілді меңгерген. Санақ қорытындысы бойынша тағы 1,7 пайызы 4 тілде сөйлейді, 5 тілді ха­лық­тың 0,2 пайызы біледі. 6 тілді білетін полиг­лот­­тардың үлесі 0,1 пайыз немесе 8 845 адамды құрады.

Қызықты дерек, ерлерге қарағанда 4-5 тілді меңгерген әйелдердің үлесі басым, олар сәйкесінше 47,9 және 52,1 пайыз. Бірақ 6 және одан да көп тілді білетін ерлер үлесі, керісінше, әйелдердің үлесінен асып түседі – 55,6 пайыз.

Өңірлік бөліністе 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттар Алматы қаласында тұрады. Бұл ретте 35,1% немесе 6 042,1 мың адам ағылшын тілін біледі, оның 27,6 пайызы еркін сөйлейді. Жас сегментінде ағылшын тілін білетіндердің үлесі 10-14 жас және 25-29 жас аралығында көп.

 

20 миллионға қашан жетеміз?

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тінше, 1 қазанда еліміздегі халық саны 19 967 964 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 387 957, ауыл тұрғындары – 7 580 007 адам. Жыл басынан бері халық өсімі 1,02% немесе 201,1 мың адамды құрады. Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана мен Алматы қалаларында, тиісінше – 4,06, 2,28 және Маңғыстау облысында 1,94 пайыз тіркелген.

Халықтың табиғи қозғалысы есе­бі­нен өсудің ең жоғары қарқыны Түркістан облысында байқалды, онда халық саны – 34 097, Шымкент қала­сын­да – 19 242, Алматы облысында 18 251 адамға өсті. Халық өсімінің қар­қынын ескерсек, биыл қараша айында ел тұрғындарының саны 20 миллионға же­теді.