Аймақтар • 03 Қараша, 2023

Жамбыл облысы: Сұраныс арта түсті

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында сұйытылған газға деген сұраныс едәуір артқан. Жауап­ты мамандардың айтуынша, өңірде газ қондырғысымен жаб­дықталған көліктің саны да артқан. Мәселен, 2021 жылы сол са­нат­қа кіретін көлік саны 13639 болса, биыл 23888-ге жет­кен.

Жамбыл облысы: Сұраныс арта түсті

«Облыс бойынша 31 газ желісі ұйымы бар. 226 автогаз құю бе­кет арқылы сұйытылған мұнай газы сатылып жатыр. Қазіргі кезде Тараз қаласындағы кейбір автогаз құю бекеттерінде сұйытылған мұнай газын лимитпен немесе талонмен сату үрдісі қалыптасқан.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында сұйытылған газға деген сұраныс – 8000-10000 тонна. Қажеттілікті өтеу мақсатында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Энергетика министрлігінің ық­пал етуімен Жамбыл облысы үшін «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-нан 2023 жылдың қараша айы­на 5218 тонна сұйытылған мұнай газы қарастырылған. Қазіргі таңда қараша айына бөлінген сұйытылған мұнай газына «Петро­Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС мен кәсіпкерлер арасында келісімшарт жасалған, қараша айына қажетті көлем жақын күн­дері облысқа жөнелтілмек», дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй­коммуналдық ша­руашылық басқарма басшысы орын­басарының міндетін атқарушы Мәулен Қожақов.

М.Қожақов келтірген дерекке сүйенсек, жақын күндері «ПКОП» ЖШС 12 вагон-цистернамен 432 тонна мұнай газын жеткізбек. Сұйы­­тылған газ жеткізілген сәт­те жа­нар­май құю бекеттеріне тең­дей үлес­тіріледі. Сондай-ақ Жам­был облысы бойынша 322 тонна сұйы­тылған мұнай газының қалдығы бар.

Жауапты маманның айтуынша, 2023 жылдың 30 маусымында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің №8 бұйрығына сәйкес сұйытылған газдың нарықтағы ба­ғасы бекітілген. Қазіргі таңда об­лыс орталығы Тараз қаласы мен оған жақын аудандардағы авто­газ толтыру бекеттерінде сұйы­тыл­­ған мұнай газының 1 литрі 71 тең­ге­ден сатылып жатыр. Ал шалғайда орналасқан аудан­дарда газ бағасы – 76 теңге.