Кәсіпкер • 03 Қараша, 2023

«Даму» қорының қолдауы қомақты

242 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлер үшін мемлекет қолдауы аса маңызды. Осы орайда түрлі несие бағдарламалары олар үшін орасан көмек. Өңірдегі кәсібін жаңа ашқандарға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық бөлімшесі қомақты қолдау көрсетіп отыр. Қор мамандарымен бірге көмек алған бизнес мекемелерін аралап көрдік.

«Даму» қорының қолдауы қомақты

Біз алғаш барған «Altynarna Geosynthetic» кәсіпорны «2021-2025 жылдарға арналған кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы бойынша «Даму» қорынан несие сомасының 50 пайызына кепілдік түрінде қолдау алды.

– Біз «Даму» қорымен бұрын­нан тығыз қарым-қатынаста жұ­мыс істейміз. Субсидиялау мен кепілдік тетіктерін пайдаланып келеміз. Субсидияланған несие арқылы өзімізге керекті аппа­раттар сатып алдық. Қарамағымызда бірнеше зауыт бар. Соның бі­рінде жаңа өнім шығару үшін техника жеткіздік. «Altynarna Geosynthetic» компания­сы тұты­ну­шыларға халықаралық стан­дарттарға сәйкес келетін сапалы және сенімді геосинтетикалық материалдарды ұсынады. Сонымен қатар әртүрлі инженерлік және қоршаған ортаны қорғау жобалары үшін оңтайлы шешімдерді әзірлеуге көмектесу арқылы өз тұтынушыларына кеңес береді және техникалық қолдау көрсетеді, – дейді «Altynarna Geosynthetic» ЖШС құрылтайшысы Ренат Мин­хаиров.

«Altynarna Geosynthetic» ЖШС – жоғары сапалы гео­син­тетикалық материалдарды өндіруге және жет­­кізуге ма­ман­данған жетек­ші ком­­­панияның бірі. Геосинтетика – қор­шаған ортаны қорғау, топы­рақтың геотех­никалық қасиет­те­рін және инженерлік құры­­лым­дар­дың беріктігін жақсарту үшін қолда­нылатын заманауи материал. «Altynarna Geosynthetic» геомембрана шығарады.

«Бұл – гидрооқшаулау, ылғал мен химия­лық заттардың енуіне жол бермеу үшін қол­данылатын пластикалық полимерлі пленка. Геотекстиль болса, топырақты нығайту, су­ды сүзу және эрозияны болдырмау үшін қол­данылатын материал. Ал геотор – топырақ­ты нығайту, беткейлердің тұрақты­лығын қам­тамасыз ету және топы­рақтың жылжуын болдырмау үшін қолданылады», дейді кәсіпорын басшысы.

Кепілдіктен бөлек «Даму» қоры кәсіпкер­лерге несие алғанда пайызын жеңілдетіп қолдау көрсетеді. Биылғы бұл көрсеткіш 7 пайызды құрапты. «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру» бағдар­ламасы ая­сында «Кәсіпкер» жобасымен көмекке ие болған «Invictus Karaganda» ЖШС спорт клубы бүгінде өркен жайған.

 – «Invictus Karaganda» ЖШС – үлкен спорттық нәтижелерді дамытуға және қол жеткізуге ар­налған алаң. Біз 2023 жылдың ақпан айында ашылдық. «Даму» қорынан 50 млн теңге несие алдық. Бұл қаражатты фитнеске арналған заттарға жұмсадық. Осы залдағы тренажерлердің біразы сол ақшаға алынды. «Invictus» атауы латын тілінен аудар­ғанда «жеңілмейтін» дегенді біл­діреді. Клуб спорттың әр сала­сында әртүр­лі жаттығу мен бағ­дар­ламаны ұсынады. Әр спорт­шыға кәсіби қолдау көрсетеді, олар­дың жетістікке жетуіне атсалысады. Мұнда арнайы мамандар жұмыс істейді. Жиырмадан астам жаттықтырушымыз бар, – дейді «Invictus Karaganda» ЖШС басшысы Дмитрий Бердников.

«Даму» қорының қолдауын сезінген көп бизнес мекемелерінің екеуі – осы.  Қор құрылған кезден бастап, елде жалпы несие сомасы 11,4 трлн теңге болатын 197 мыңға жуық бизнес-жобаны қолдағанын айтады аймақтық филиал директоры Әсет Тілемісов.

– Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасы дамуына ықпал етеді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде отандық тауарлар мен қызметтер өндірісі дамып, халықты жұмыспен қам­тып, тауар импорты азая бастады, – дейді аймақтық филиал директоры Әсет Тілемісов.

Бизнесті қолдау және дамыту бағдарлама­лары іске қосылған кезден бері, облыста кәсіпкерлердің 356 млрд теңге болатын 5 974 жобасы субсидияланып, 3 424 жоба «Даму» қорынан 48 млрд теңгелік кепілдік алған.

– Ал биылғы жылдың басынан бері 393 жоба 24 млрд теңгеге субсидияланса, 349 жоба 5,3 млрд теңгелік кепілдік алды, – дейді филиал директоры.

Жақында қор облыстағы кәсіп­кер­лерді жеңіл несиемен қаржы­ландыру мақсатында «Кәсіпкер» атты өңірлік бағдарламаны іске қосты. Осы бағдарлама аясын­да «ЦентрКредитБанкке» 200 млн теңге салыныпты. Ол қар­жы­ны бағдарлама шарттары бо­йын­ша Қарағанды облысында бизнесін тіркеп, жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес өкілдері жеңілдетілген несие ретінде алады. Бір кәсіпкерге 50 млн теңгеге дейін беріледі. Несие – инвестиция, айналым қаражатын толықтыруға жұмсалуға тиіс. Несие мерзімі – 5 жылға дейін. Жылдық мөлшерлемесі – 7%. Мұндай жеңіл несие алу үшін кәсіпкер экономиканың басымдық берілген салаларында қызмет етуге тиіс деген талап бар.

 

Қарағанды облысы