Аймақтар • 02 Қараша, 2023

Қой жүніне картоп еккен

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын арнасы түсіп келе жатқан дария суы­ның тапшылығын есік алдына бау-бақша егетін ауылдағылар да анық сезініп отыр. Бірақ ойланса оның да амалы табылады екен. Қармақшы ауданы Ақжар ауылының тұрғыны қой жүні мен сабанды араластырып, бақша егіп отыр.

Қой жүніне картоп еккен

Талғат Лекеров бұл тың кәсіпті 3 жыл бұрын бастапты. Әуелгіде YouTube желісінен қой жүніне картоп егіп, алақандай жерден тәп-тәуір өнім алып отырғандарды көріп, бұл жаңалықты өзінше жетілдіруді жөн көреді. Жүнге сабан қосып, картоптан кейін сәбіз егуді қолға алыпты.

– Биыл оған көң қосып, ізденісті ұлғайта түстім. Суды қолмен себезгілетіп қойсаңыз жеткілікті, арасы дымқыл тартып, ылғал сақталып тұрады. Осындай әдіспен биыл 300 килодай картоп жинап, тамыз айында сәбіз егіп қойдым. Аз күнде оны да жинай бастаймыз. Қызанақ пен қиярды да осы тәсілмен егіп отырмын. Жүн мен сабан тез шіріп, аз күнде кәдімгі қара топыраққа айналып шыға келеді, – дейді ол.

Талғаттың тәсіліне қызығатындар көп. Әсіресе, жастар жағы есігінің алдын көгертіп, керек кезінде аядай ауылға жаңалық әкелген кейіпкерімізден кеңес сұрайды.

Қызылордаға барғанда қала іргесіндегі Сабалақ саяжайынан маракуйя көшетін сатып әкелген Талғат оны да егіп көрді. Бразилия топырағында өніп, Азияның оңтүстік-шығысында, Оңтүстік Африкада, Аустралияда, сонау Гавай аралдарында өркен жайған маракуйяңыз Сырдың жерін жатырқаған жоқ. «Тек араларымыз тосырқап, гүлдеген кезінде дұрыс тозаңдамай қалды», дейді Талғат. Үлкендігі тауық жұмыртқасындай жеміс салған экзотикалық ағашты алдағы уақытта ерекше әдіспен күтімге алмақ. 

 

Қызылорда