Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Шынында да, жол-көлік оқиғасы салдарынан бақилық болған азаматтардың саны жыл өткен сайын артып барады. Ереже бұзған жүргізушілердің кесірінен талай адам өмірмен қош айтысып, ондаған отбасы тірегінен айырылды. Жамбылдық полиция қызметкерлері әр оныншы жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің көлік рулін басқару кезінде ұйықтап кетуі салдарынан болатынын айтып отыр.
Автокөлік жүргізушілерін былай қойғанда, мопед, скутер және самокат тізгіндеген азаматтар да жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып жатыр. Дерекке көз жүгіртсек, мопед тізгіндеген тұрғындардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тауыпты. Өзекті өртейтін өкініш те осы.
«Рейд барысында облыс орталығында полиция қызметкерлерінің қатысуымен 87 мопед пен скутер жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 45 мотокөлік айыптұраққа қойылды. Бір сөзбен айтқанда, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзатын жас та, жасамыс та азаймай тұр. Көліктің осы бір түрін көбіне
16 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер пайдаланатынын айта кеткен жөн. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, профилактикалық әңгімелер жүргізілді», дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов.
Полиция департаменті өкілі келтірген дерекке сүйенсек, жыл басынан бері мотокөліктердің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғасының саны едәуір артқан. Ал мопед жүргізушілерінің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғасының саны 11-ге жеткен екен. Салдарынан бір адам қаза болса, он үш адам түрлі дәрежеде жарақат алыпты.
«Мопед және скутер жүргізген балалардың қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр. Салдарынан бір бала өмірмен қош айтысса, тоғыз бала жарақат алған. Мәселен, таяуда ғана кәмелет жасына толмаған скутер жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып, «Range Rover» маркалы автокөлікпен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан скутер жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Әрине, мұндай өкінішті жағдайлар кімді де болса ойландырса деген тілек бар», дейді мәселеге жан-жақты тоқталған Қ.Мәжікенов.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасарының айтуынша, ата-аналар балаларына қымбат сыйлықты тарту еткенімен, оның арты немен аяқталатынына назар аудармайды. Ал балалар жол қозғалысы ережесін білмейді. Осының кесірінен жасөспірімдердің қатысуымен болатын қайғылы оқиғалар саны кемімей отыр.
«Көбіне жасөспірімдер жол ережесін мүлдем білмей жатып көлік тізгіндейді. Ең өкініштісі де осы болып тұр. Ата-аналар баласына қымбат сыйлық сыйлауға құштар болғанымен, оның салдары туралы ойлай бермейді. Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бас ауыртпайтыны басты әрі өзекті мәселеге айналды. Үлкендер скутер, мопед тіпті велосипед те көлік құралдарына жататынын ұмытпағаны жөн. Кейде осы көлік құралдарының қатысуымен болған апаттардың салдары қайғылы жағдайға әкелетінін қаперден шығарып аламыз. Қысқасы, немқұрайдылықтың соңы орны толмас өкінішке апарып жатыр. Мұндай мәселенің болмауына барлық тарап мүдделі болуға тиіс.
Біз мотокөлік жүргізушілері жауапкершілік жүгін сезінсе дейміз. Қандай да бір көлікті тізгіндеген адам жол қозғалысы ережесін толық білгені абзал. Сонда ғана қайғылы жағдайлардың алдын алатын мүмкіндік тумақ. Кәмелет жасына толмаған балаларға мотокөлік әперген ата-аналар мәселенің байыбына тереңінен үңілгені абзал. Тіпті бала 16 жасқа толғанға дейін оған мопед пен скутер сатып әперудің ешқандай қисыны жоқ. Жолаушы ретінде де осы санаттағы көлікпен жүруіне рұқсат бермесе деген тілегіміз бар. Ата-аналар ең бірінші кезекте жасөспірімнің қауіпсіздігіне назар аударуы қажет. Өйткені жасөспірім – бір отбасының ғана емес, елінің де үміті», дейді Қ.Мәжікенов.
Әлбетте, жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы санының арта түскені кімді де болса ойландырмай қоймайды. Бір отбасының үміті мен ертеңі болар өрімдей жастың жол апаты салдарынан бақиға аттануы – трагедия. Бұл өткір мәселемен қоғам болып күрескен жөн.
Жамбыл облысы