Мектеп • 06 Қараша, 2023

Ауыл мектебінің әлеуетін арттыру

158 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің әр өңірінен, әсіресе ауылдардан, алыс-жақын шетелдерден келген білім саласының қызметкерлері Астанаға ат басын бұрды. Мұның себебі «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан өздеріне керегін алып, тың тәжірибесін бөлісу еді.

Ауыл мектебінің әлеуетін арттыру

Ауқымды жиынға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, NIS басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев және педагогтер қатысты.

Конференцияның ашылуында сөз алған Тамара Дүйсенова білім саласында кейінгі жылдары іске асырылып жатқан бағдар­ламаларға тоқталып, ауылдарды дамытуға арналған жобаға сәттілік тіледі.

– Білім сапасын көтеру мақсатында қазір елдегі үздік мектептердің тәжірибесін өзге білім мекемелеріне тарату ісі жүргізіліп жатыр. Оның өзегінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы тұр. Қазірде оған 80 мектеп қаты­сып жатыр. Екінші кезеңде 200-ге тарта білім ошағы қамтылады, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Ә.Жанғозин 330-дан аса ауыл мұғалімінің басын қосқан ауқымды конференцияның маңызын атап өтіп, жобаның ұлттық деңгейде іске асырылуына қолдау білдірген серіктестерге алғысын білдірді.

– Екі күндік халықаралық конферен­цияның маңызы ерекше. Өйткені шара аясында спикерлер тек білім беруге ғана емес, тәрбие үдерісіне, оқушылардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді талқылайды. Биылғы оқу жылынан бас­тап 80 ауылдық мектеппен Назарбаев зияткерлік мектептері тығыз байланыс орнатып жатыр. Бүгінгі іс-шара сол жұмыс­тардың жалғасы, – деді Ә.Жанғозин.

Ұйымдастырушылардың дерегінше, қазір жоба аясында 2 400-ге жуық педагог біліктілігін арттырған. Соның нәтижесін­де педагогтердің кәсіби сенім деңгейі 15 па­йызға өскен. Ал тірек мектептердегі оқушылардың сабақты меңгеру көрсеткіші 38%-ға артқан.

– Бүгінгі таңда «Қазақстан халқына» қоры білім саласында 9 қайырымдылық жобаны жүзеге асырып келеді. Қор­дың аталған саладағы жобаларға қолдау білдіруі – сапалы білім алу үшін жағдай жасаудың үлгісі, балалық шаққа салынған инвестиция. Біздің ойымызша, тұрғылықты жеріне қарамастан, әр бала осында және қазір білім алу үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы керек. Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымымен бірлесіп іске асырылып жатқан осы жоба – соның айқын дәлелі, – деді Ләззат Шыңғысбаева.

Айта кетейік, екі күнге созылған конференцияда мұғалімдерге Ұлыбрита­ния­дағы Кембридж университетінің құр­метті профессоры Колин Маклафлин, Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, Нидерландтағы Ха­лық­аралық мектептер кеңесінің (CIS) ат­қарушы директоры Джейн Ларссон, Ұлы­британиядағы Anglian Learning Multi Aca­demy Trust компаниясының не­гізін қа­лаушы Кейт Эванс, литвалық пси­хиатр Дарюс Радкявичиюс және білім беру саласының өзге де танымал шетелдік және отандық сарапшылары өз зерттеулері мен баяндамаларын ұсынды.

Педагогикалық жиын барысында ауыл мұғалімдері отандық және шетелдік автор­лардың кітаптарымен танысты. Кембридж университетінің құрметті профессорлары Колин Маклафлин, Лиз Винтер және Наталья Яковец редак­циялаған «Mapping Educational Change in Kazakhstan» кітабы мен Дүйшөн Шаматов пен Әйгерім Әлиас­қардың «Білімге құштарлық», сондай-ақ ағылшын тілінде жазылған тұңғыш қазақ романының авторы Ғабит Бекахметовтің «Barsa Kelmes: The Nomads Return» туын­дысының таныс­тырылымы өтті.