Сайлау • 06 Қараша, 2023

Өзге этнос өкілдері де жаппай атсалысты

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуда аудан әкімдерінің сайлауына халық жұмыла кірісті. Таң бозынан сайлау учаскесіне кезекке тұрған тұрғындардың саны да көп. Кербұлақ пен Сарқан ауданында сайлауға отбасымен келіп дауыс бергендер де болды. Қарапайым халық ел үшін маңызды оқиғада белсенділік көрсетті.

Өзге этнос өкілдері де жаппай атсалысты

Жалпы, облыс бойынша аудан әкімдерінің сайлауына барлығы 94 сайлау учаскесі бекітілді. Оның 60-ы Кербұлақ ауданында болса, қалғаны Сар­қан ауданына тиесілі. Түрлі себепке байланысты 5 сайлау учаскесі жұмыс істемеді. Одан бөлек 2 аудандық аумақ­тық комиссиялардың 21 мү­шесі, учаскелік сайлау ко­мис­­сияларының 538 мүшесі жұ­мылдырылды. Екі ауданның сайлаушылар саны 54 634 адамды құрайды. Кербұлақта – 27 787, Сарқанда 26 847 адам таңдау жасауға құқылы.

Жайнақ батыр ауы­лында №211 сайлау учаскесіне аттың құлағында ойнайтын «Жайнақ» көкпар құрамасының шабандоздары дауыс берді.

«Конституциялық құқығы­мыз­ды пайдаланып, дауысымызды бердік. Ауданымыз ха­лық таңдаған әкім көмегімен гүл­денері анық», дейді көк­паршылар. Олар жаңа әкім ұлт­тық ойындарымызды ұлық­­таса деген ұсынысын да біл­дірді. Сонымен қатар өзге этнос өкілдері де белсенділік танытты. Алтынемел ауылдық округінде – 317, ал Тастыбастау ауылында 35 чешен ұлты өмір сүреді. Солардың барлығы өз таңдауын жасап, ауданның жандануын тіледі.

Кербұлақ ауданы Сайлау комиссиясының төрағасы Жанат Бураханов заң аясында ешқандай құқық бұзушылық болмағанын жеткізді. «Ауда­нымыздағы 60 сайлау учас­кесінің 59-ы жұмыс істеп отыр. Қазіргі уақытта өлке тұр­ғын­дарының дені өз дауысын берді. Науқан байқаушылардың қа­тысуымен, заң аясында өтіп жатыр», дейді Ж.Бураханов.

Айта кетейік, Жетісу өңі­ріндегі екі ауданның әкі­мін сайлау додасына 14 кандидат ұсынылды. Он кандидатты алты саяси партия ұсын­са, қалғаны өзін-өзі ұсынған. Үміт­кер­лердің көбі – мем­ле­кеттік қызметкерлер. Олардың орташа жасы – 46, оның ішінде біреуі – әйел. Ал ең кен­жесі 36 жастағы «Рес­пуб­ли­ка» партиясының Сар­қан ауда­нын­дағы кандидаты. Түрлі се­беп­пен он кандидат сайлау дода­сынан шығып қалды. Осы­лайша, әр облыста жер­гі­лікті тұрғындар «Amanat» және «Respublica» партиялары ұсын­ған екі кандидаттың ішінен жаңа әкімді таңдады.

 

Жетісу облысы