Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновтің айтуынша, түс ауғанша екі аудан, бір қала бойынша 50 пайыздан артық халық өз таңдауын жасаған.
Приозерск қаласында да сайлау белсенді жүрді. Шағын шаһарда 11 сайлау учаскесі бар. Учаскелерде санитарлық талаптар толық сақталып, бақылаушылар тарапынан қадағалау жұмыстары жүргізілді. Бұл жөнінде Приозерск қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бекзат Сәрсенбеков хабарлады.
«Әр ауыл мен қала өз әкімін өзі таңдап алады» деген Мемлекет басшысының сөзінен кейін қала халқы сайлауға бейжай қарамағандай көрінеді. Жұрт учаскеге келіп, белсенді дауыс беріп, сайлау қарқынды жүріп жатыр. 6534 қала тұрғыны сайлау учаскелеріне тіркелген. Түске дейін 44 пайыздан астам сайлаушы дауыс берді. Сайлауға бүкіл жағдай жасалған. Мен дауыс беруге келген адамдардың көптігіне қуандым. Және бұл тек 50 және 60 жастағы адамдар емес. Келушілер арасында 18 жастағы азаматтар да бар. Мысалы, жақында ғана кәмелетке толып, сайлауға өмірінде бірінші рет келген жігітті кездестірдім. Бұл жастардың қаланың жағдайына алаңдап, өз болашағына ұмтылып жатқанын көрсетеді», дейді Бекзат Сәрсенбеков.
Ақтоғай ауданы аумақтық комиссиясының төрағасы Жанболат Райымбековтің айтуынша, 38 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Сайлау учаскелері бекітілген ережеге сәйкес жұмыс істеді. Әзірге заң бұзушылық тіркелген жоқ. Аудан бойынша барлығы тіркелген 10 475 адам дауыс береді деп күтіліп отыр. Денсаулығына байланысты үйінен шықпай-ақ дауыс берген қариялар бар. Осы орайда сайлау учаскесіне келе алмаған қарттардың үйіне жәшікті арнайы апарып, таңдау жасауға мүмкіндік беріліп отыр.
Осакаров ауданында да таңдау жасауға келген халық белсенділігі жоғары. 42 сайлау учаскесі бойынша 54 пайызға жуық тұрғын өз кандидаттарына дауыс берген. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Нұркенов сайлау кешкі 20:00-ге дейін жалғасатынын, қорытынды ертең шығатынын мәлімдеді.
Қарағанды облысы