Қоғам • 06 Қараша, 2023

Ұлы миссиямыз – ұлттық мемлекет орнату

311 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросы жақында жариялаған 2021 жыл­ғы Ұлттық санақтың қоры­тындысы бойынша еліміздегі қазақтардың саны 13,4 млн адам­ды құрап, республика хал­қының 70,4 пайызына жеткен. «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған 1990 жылы ұлтымыздың саны 6 млн 534 мың ғана, ал ел халқының құра­мындағы үлесі небәрі 39,69 па­йыз болғанын ескерсек, бөркімізді аспанға атып қуанарлықтай жайы­мыз бар.

Ұлы миссиямыз –  ұлттық мемлекет орнату

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осыған орай, «Біз енді моноұлт, моноұлттық мемлекет болдық па?», деген сауал қойып жатқан ағайындар да бар. Бұл сұраққа Уикипедиядан: «Ұлттық мемлекет көп ұлтты мемлекетке қарама-қарсы моноэтностық, моноұлттық мемлекеттің синонимі ретінде қарастырылуы мүмкін», деген жауап таптық. Ал 2007 жылы Астана қаласындағы жүйелі зерттеу­лер институты шығарған «Саяси түсіндірме сөздікте»: «Ұлттық мемлекет – қандай да бір этностың, ұлт­тың тарихи қалыптасқан отанында құрылған, ұлттың егемендігін біл­діретін мемлекет. Ұлттық мемле­кет құру – қоғамдық дамудың аса маңызды үрдістерінің бірі. Тек ұлт­тық мемлекеттер халықаралық қаты­настардың толыққанды субъек­тілері ретінде өмір сүре алады деген пікір қалыптасқан. Ұлттық емес мемлекеттер толыққанды болып есептелмейді. Олар не ұлттыққа айналуы керек, не өмір сүруін тоқтатуы керек», деп жазылған екен.

Бұл ретте Егемендік декларация­сын әзірлеген академик Салық Зи­манов бастаған заңғар тұлғалы ұлт қайраткерлерінің кемеңгерлігі мен ерен еңбегін аса ризашылықпен еске алып, асқақ рухына тағзым ету – парызымыз. Себебі олар ұлтымыздың өз жерінде азшылық болып отырғанына қарамастан, аталған декларацияға: «Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады» деген қағиданы асқан табандылықпен енгізді. Сол үшін Жоғары Кеңестегі елімізде ұлт­тық емес, азаматтық қоғам орна­туды ұсынған «Демократиялық Қа­зақстан» депутаттар тобымен қызу пікірсайысқа түсіп, өз ұстанымдарын білімдарлықпен қорғай білді. Мәсе­лен, депутат, академик Сұлтан Сар­таевтың: «Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – кұқықтық мемлекет. Алай­да ол – ағыл­шындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапо­ния және басқа көптеген ұлттық негіз­дегі құқықтық мемлекетті мысал­ға кел­тіруге болады. Біз де осы мем­ле­кеттердің үлгісінде өзіміздің еге­мен­ді, ұлттық республикамызды дамытып, көркейтетін боламыз», деген та­ри­хи сөзі жадымызда сақталып қал­ды.

Егемендік декларациясының не­гі­зінде 1993 жылы қабылданған Ата заңның преамбуласында: «Біз, Қа­зақстан халқы, дүниежүзілік қоғам­дастықтың ажырамас бөлігі бола оты­рып, қазақ мемлекеттілігінің бұл­жымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының ба­сым­дығын тани отырып, демокра­тиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, аза­мат­тық татулық пен ұлтаралық келі­сімді, өзіміз үшін және өз ұрпақ­та­рымыз үшін лайықты өмірді қам­та­­масыз етуді қалай отырып, осы Конс­титуцияны қабылдаймыз», деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Бұл Қазақстанның ұлттық мемлекет екендігін заң жүзінде жария­лау болып танылды. Ал 1995 жы­лы республикалық референдумда қабылданған Ата заңның преам­бу­ласында: «Бiз, ортақ тарихи тағ­дыр бiрiктiрген Қазақстан хал­қы, байырғы қазақ жерiнде мемле­кет­тiлiк құра отырып, өзiмiздi ер­кiн­дiк, теңдiк және татулық мұрат­­тары­на берiлген бейбiтшiл азамат­тық қоғам деп ұғына отырып, дүние­жү­зi­лiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдын­дағы жоға­ры жауапкершілігімізді сезі­не отырып, өзіміздің егемендік құ­қығы­мызды негізге ала отырып, осы Конс­титуцияны қабылдаймыз», деп «жұқа­лаңқырап» жазылғанымен, оның астарында да ұлттық мемлекет ұғымы жатыр. Тағы бір айта кетерлік жайт – 1993 жылғы Конституциядағы «Қа­зақ­стан Республикасында мемле­кет­тік тіл – қазақ тілі. Орыс тілі ұлт­­­ара­лық қарым-қатынас тілі болып табылады» деген қағида жаңар­тылған Ата заңда: «Қазақстан Респуб­ликасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», деп өзгертіліп, келешекте республикамызда қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тіліне айналуына жол ашылды. Соның негізінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», деді.

Жалпы, ұлттық һәм моноұлттық мемлекетті анықтаудың өлшемшарт­тары заңнамалық тұрғыда бекітілме­ген екен. «Freedom House» халық­аралық ұйымы моноұлттық мемлекет – халқының кемінде үштен екісі бір этносқа жататын мемлекет деп санайды. Ресейдің география пәні оқулығында титулды ұлты барлық халқының 90 па­йызынан асатын мем­лекет – бір ұлттық мемлекет деп көрсетілген. Кейбір зерттеушілердің пікі­рінше, халқының 95 пайыз­дан астамын бір ұлт құрайтын елді ғана моноұлтты мемлекет деп санау­ға бо­ла­ды. Мұндай мемлекетке Алба­ния, Армения, Бангладеш, Брази­лия, Грекия, Исландия, Италия, Ма­­жарстан, Моңғолия, Норвегия, Польша, Порту­га­­лия, Солтүстік және Оңтүстік Ко­­рея, Жапония және араб елдері жатқы­зылған.

Шынтуайтында, моноұлтты мем­ле­кеттің артықшылығы көп. Мұндай елде мемлекеттік тілдің үстемдік құ­руы ұлттық саясатты ұғынықты да нә­ти­желі жүргізуге, сапалы білім беруге және заңдарды дұрыс түсіндіруге оң ықпалын тигізеді. Бірыңғай өмір салты мен дәстүрлер жас ұрпаққа ұлт­­тық тәрбие беруге, бейбіт қатар өмір сүріп отырған этностарды жа­қын­­­­дастыра түсуге мүмкіндік береді. Та­­рих жаугершілік заманда ұлты бір көш­пелі тайпалар тез бірігіп, саны көп әрі қару-жарағы мықты дұш­пан­дарға тойтарыс бере алғанын ай­ғақ­тады. Алапат су тасқыны, жер сіл­кінісі, жанартау атқылауы кезінде де моно­ұлтты мемлекеттердің халықтары бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара қимылдап, табиғи апаттарды еңсере білген. Ал Оңтүстік Корея  1998 жылғы дүниежүзілік экономикалық дағдарыс кезінде қолма-қол ақша тап­шылығынан үлкен қиындыққа тап бол­ғанда үкіметтің үндеуіне орай корей халқы өз мемлекетін дамыту қо­рына алтын бұйымдарын тегін тап­сыр­ғаны мәлім. Осылай жиналған 250 тонна алтын Таңғы шық елінің тірел­ген тұйықтан шығуына таптырмас көмек болып, бүгінде Оңтүстік Корея заманауи технологияларды да­мы­ту, компьютерлік техниканы, ав­томо­бильдерді және тұтыну заттарын шы­ғару бойынша әлемдегі жетекші орындардың бірін иемденіп отыр.

Моноұлттық мемлекетте іс қағаз­дары мемлекеттік тілде жүргізілуге, мемлекеттік органдарда титулды ұлт­­тың өкілдігі болуға және заңна­ма­сында ұлттық ерекшеліктері ескері­луге тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымының Ғылым, білім және мәдениет комитеті (ЮНЕСКО) ұлттық мемлекет – мәде­ни шекаралары саяси шекараларына сәйкес келетін мемлекет, ал ұлт­тық мемлекет идеалы – этносы мен мә­дени дәстүрі бір адамдарды бі­рік­тірген мемлекет  деп санайды. Осындай талаптар тұрғысынан алған­да, Қазақстанда нағыз ұлттық мем­лекет әлі толық қалыптасып бол­ған жоқ. Әсіресе мемлекеттік тіл мәрте­бесіне ие ана тіліміздің жағдайы көңіл көншітпейді. Өткен Ұлттық санақ қорытындысы көрсеткеніндей, 117 784 қазақ басқа ұлттың тілін өз ана тілі деп есептейтіні – соның айғағы. Бұл мәлімет елімізде өз ана тілінде сөйлемек түгіл, оны білгісі де келмейтінін жасырмай айтуды ар санамайтындардың аз еместігін көрсетті.

Осы ретте халқының 98 пайызда­йын армяндар құрайтындықтан, әлемдегі ең моноұлтты мемлекет бо­­­лып саналатын Армения Рес­пуб­­­ли­касында титулды ұлт азамат­та­ры­ның өз балаларын басқа тіл­дегі сыныптарға беруіне тыйым са­лын­ғанын айта кеткен жөн. Ондай сы­ныптарға ұлттық азшы­лық өкілдері мен Ресей азамат­тығы бар адамдардың балала­рының баруына ғана рұқсат етілген. Бұл армян ұлтының ана тілін ардақтау ниетінен туындаған шара екендігі анық. Өкінішке қарай, біздің елде ұлтымыздың үлес салмағы 70,4 пайызға жеткенімен, балаларын орыс тілінде оқытатын мектептерге беріп жатқан көптеген ағайынның арасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы сияқты бірен-саран қоғамдық бірлестіктер ғана хал-қадерінше үгіт жүргізіп, олардың ұлттық сана-сезімін оятуға тырысып жүргені болмаса, басқа пәрменді шара қолданылмай отыр. Бәлкім, ол үшін ұлтымыздың саны мен сапасы әлі де  арта түсуі қажет шығар. Әрине, бұл – көп болып кеңесіп шешетін мәселе.

ЮНЕСКО-ның ұлттық мемлекетте мәдени шекаралар мен саяси шекаралар сәйкес келуі туралы қағидасы да ойландырмай қоймайды. Өйткені еліміздегі солтүстік өңірлерінде күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл кең қолданысқа ене алмай тұр. Бұл облыстардың мем­лекеттік органдарында әртүрлі іс-шараларды қазақ тіліндегі бір-екі ауыз сөзбен бастап, «көпшілікке түсінікті тілде» жалғастыру үйреншікті әдетке айналған. Сондай-ақ ұлттық және мемлекеттік мерекелерде қойылатын концерттерде қазақ тіліндегі ән мен бидің үлесі 50 пайызға да жетпейтіндігі жөнінде сыни пікірлер айтылып жүр. Міне, осындай кемшіліктерді жою үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізетін кез жетті.

Ата заңымызда еліміз ұлттық мемлекет болып жарияланғанымен, оны орнату жолында отыз жыл ішінде атқарған ісімізден атқармаған ісіміз көп сияқты. Әйтеуір, осы кезеңде мемлекет құраушы ұлтымыздың саны екі еседей өскені – көңілге медеу. «Көбеймесек, көсегеміз көгермес» дейтініміздей, орта жасы 32-дегі қыл­шыл­даған жас ұлтымыздың қатары одан әрі қалыңдай түссе, бұзылмас орда, алынбас қамал болмасы хақ.

Түйіндей айтқанда, ата-бабамыз мирас еткен ұлы даламызда толық­қанды ұлттық мемлекет орнату – біздің ұлы міндетіміз һәм миссиямыз.