Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Осыған орай, «Біз енді моноұлт, моноұлттық мемлекет болдық па?», деген сауал қойып жатқан ағайындар да бар. Бұл сұраққа Уикипедиядан: «Ұлттық мемлекет көп ұлтты мемлекетке қарама-қарсы моноэтностық, моноұлттық мемлекеттің синонимі ретінде қарастырылуы мүмкін», деген жауап таптық. Ал 2007 жылы Астана қаласындағы жүйелі зерттеулер институты шығарған «Саяси түсіндірме сөздікте»: «Ұлттық мемлекет – қандай да бір этностың, ұлттың тарихи қалыптасқан отанында құрылған, ұлттың егемендігін білдіретін мемлекет. Ұлттық мемлекет құру – қоғамдық дамудың аса маңызды үрдістерінің бірі. Тек ұлттық мемлекеттер халықаралық қатынастардың толыққанды субъектілері ретінде өмір сүре алады деген пікір қалыптасқан. Ұлттық емес мемлекеттер толыққанды болып есептелмейді. Олар не ұлттыққа айналуы керек, не өмір сүруін тоқтатуы керек», деп жазылған екен.
Бұл ретте Егемендік декларациясын әзірлеген академик Салық Зиманов бастаған заңғар тұлғалы ұлт қайраткерлерінің кемеңгерлігі мен ерен еңбегін аса ризашылықпен еске алып, асқақ рухына тағзым ету – парызымыз. Себебі олар ұлтымыздың өз жерінде азшылық болып отырғанына қарамастан, аталған декларацияға: «Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады» деген қағиданы асқан табандылықпен енгізді. Сол үшін Жоғары Кеңестегі елімізде ұлттық емес, азаматтық қоғам орнатуды ұсынған «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобымен қызу пікірсайысқа түсіп, өз ұстанымдарын білімдарлықпен қорғай білді. Мәселен, депутат, академик Сұлтан Сартаевтың: «Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – кұқықтық мемлекет. Алайда ол – ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония және басқа көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекетті мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытып, көркейтетін боламыз», деген тарихи сөзі жадымызда сақталып қалды.
Егемендік декларациясының негізінде 1993 жылы қабылданған Ата заңның преамбуласында: «Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және өз ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Бұл Қазақстанның ұлттық мемлекет екендігін заң жүзінде жариялау болып танылды. Ал 1995 жылы республикалық референдумда қабылданған Ата заңның преамбуласында: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», деп «жұқалаңқырап» жазылғанымен, оның астарында да ұлттық мемлекет ұғымы жатыр. Тағы бір айта кетерлік жайт – 1993 жылғы Конституциядағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады» деген қағида жаңартылған Ата заңда: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», деп өзгертіліп, келешекте республикамызда қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тіліне айналуына жол ашылды. Соның негізінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», деді.
Жалпы, ұлттық һәм моноұлттық мемлекетті анықтаудың өлшемшарттары заңнамалық тұрғыда бекітілмеген екен. «Freedom House» халықаралық ұйымы моноұлттық мемлекет – халқының кемінде үштен екісі бір этносқа жататын мемлекет деп санайды. Ресейдің география пәні оқулығында титулды ұлты барлық халқының 90 пайызынан асатын мемлекет – бір ұлттық мемлекет деп көрсетілген. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, халқының 95 пайыздан астамын бір ұлт құрайтын елді ғана моноұлтты мемлекет деп санауға болады. Мұндай мемлекетке Албания, Армения, Бангладеш, Бразилия, Грекия, Исландия, Италия, Мажарстан, Моңғолия, Норвегия, Польша, Португалия, Солтүстік және Оңтүстік Корея, Жапония және араб елдері жатқызылған.
Шынтуайтында, моноұлтты мемлекеттің артықшылығы көп. Мұндай елде мемлекеттік тілдің үстемдік құруы ұлттық саясатты ұғынықты да нәтижелі жүргізуге, сапалы білім беруге және заңдарды дұрыс түсіндіруге оң ықпалын тигізеді. Бірыңғай өмір салты мен дәстүрлер жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге, бейбіт қатар өмір сүріп отырған этностарды жақындастыра түсуге мүмкіндік береді. Тарих жаугершілік заманда ұлты бір көшпелі тайпалар тез бірігіп, саны көп әрі қару-жарағы мықты дұшпандарға тойтарыс бере алғанын айғақтады. Алапат су тасқыны, жер сілкінісі, жанартау атқылауы кезінде де моноұлтты мемлекеттердің халықтары бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара қимылдап, табиғи апаттарды еңсере білген. Ал Оңтүстік Корея 1998 жылғы дүниежүзілік экономикалық дағдарыс кезінде қолма-қол ақша тапшылығынан үлкен қиындыққа тап болғанда үкіметтің үндеуіне орай корей халқы өз мемлекетін дамыту қорына алтын бұйымдарын тегін тапсырғаны мәлім. Осылай жиналған 250 тонна алтын Таңғы шық елінің тірелген тұйықтан шығуына таптырмас көмек болып, бүгінде Оңтүстік Корея заманауи технологияларды дамыту, компьютерлік техниканы, автомобильдерді және тұтыну заттарын шығару бойынша әлемдегі жетекші орындардың бірін иемденіп отыр.
Моноұлттық мемлекетте іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуге, мемлекеттік органдарда титулды ұлттың өкілдігі болуға және заңнамасында ұлттық ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымының Ғылым, білім және мәдениет комитеті (ЮНЕСКО) ұлттық мемлекет – мәдени шекаралары саяси шекараларына сәйкес келетін мемлекет, ал ұлттық мемлекет идеалы – этносы мен мәдени дәстүрі бір адамдарды біріктірген мемлекет деп санайды. Осындай талаптар тұрғысынан алғанда, Қазақстанда нағыз ұлттық мемлекет әлі толық қалыптасып болған жоқ. Әсіресе мемлекеттік тіл мәртебесіне ие ана тіліміздің жағдайы көңіл көншітпейді. Өткен Ұлттық санақ қорытындысы көрсеткеніндей, 117 784 қазақ басқа ұлттың тілін өз ана тілі деп есептейтіні – соның айғағы. Бұл мәлімет елімізде өз ана тілінде сөйлемек түгіл, оны білгісі де келмейтінін жасырмай айтуды ар санамайтындардың аз еместігін көрсетті.
Осы ретте халқының 98 пайыздайын армяндар құрайтындықтан, әлемдегі ең моноұлтты мемлекет болып саналатын Армения Республикасында титулды ұлт азаматтарының өз балаларын басқа тілдегі сыныптарға беруіне тыйым салынғанын айта кеткен жөн. Ондай сыныптарға ұлттық азшылық өкілдері мен Ресей азаматтығы бар адамдардың балаларының баруына ғана рұқсат етілген. Бұл армян ұлтының ана тілін ардақтау ниетінен туындаған шара екендігі анық. Өкінішке қарай, біздің елде ұлтымыздың үлес салмағы 70,4 пайызға жеткенімен, балаларын орыс тілінде оқытатын мектептерге беріп жатқан көптеген ағайынның арасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы сияқты бірен-саран қоғамдық бірлестіктер ғана хал-қадерінше үгіт жүргізіп, олардың ұлттық сана-сезімін оятуға тырысып жүргені болмаса, басқа пәрменді шара қолданылмай отыр. Бәлкім, ол үшін ұлтымыздың саны мен сапасы әлі де арта түсуі қажет шығар. Әрине, бұл – көп болып кеңесіп шешетін мәселе.
ЮНЕСКО-ның ұлттық мемлекетте мәдени шекаралар мен саяси шекаралар сәйкес келуі туралы қағидасы да ойландырмай қоймайды. Өйткені еліміздегі солтүстік өңірлерінде күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл кең қолданысқа ене алмай тұр. Бұл облыстардың мемлекеттік органдарында әртүрлі іс-шараларды қазақ тіліндегі бір-екі ауыз сөзбен бастап, «көпшілікке түсінікті тілде» жалғастыру үйреншікті әдетке айналған. Сондай-ақ ұлттық және мемлекеттік мерекелерде қойылатын концерттерде қазақ тіліндегі ән мен бидің үлесі 50 пайызға да жетпейтіндігі жөнінде сыни пікірлер айтылып жүр. Міне, осындай кемшіліктерді жою үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізетін кез жетті.
Ата заңымызда еліміз ұлттық мемлекет болып жарияланғанымен, оны орнату жолында отыз жыл ішінде атқарған ісімізден атқармаған ісіміз көп сияқты. Әйтеуір, осы кезеңде мемлекет құраушы ұлтымыздың саны екі еседей өскені – көңілге медеу. «Көбеймесек, көсегеміз көгермес» дейтініміздей, орта жасы 32-дегі қылшылдаған жас ұлтымыздың қатары одан әрі қалыңдай түссе, бұзылмас орда, алынбас қамал болмасы хақ.
Түйіндей айтқанда, ата-бабамыз мирас еткен ұлы даламызда толыққанды ұлттық мемлекет орнату – біздің ұлы міндетіміз һәм миссиямыз.