Жуырда, «Егеменнің» 20 қазандағы санында әріптесіміз, белгілі журналист Бекен Қайратұлы біздің «Абылайдың ақ үйінің» құжаттарын тапқан жаңалығымыз туралы былай деп жазыпты: «Білген жанға бұл – керемет жаңалық. Тегі, жүрегі елім деп соғатын, сол елінің жыртығын жамап, жел жағына ық болайын дейтін ықыласы мол, мақсаты биік жандардың қолынан келетін шаруа», деген екен. Бәлки артықтау айтылған шығар, бірақ шынында мақсат сол – «елдің жыртығын жамау» еді.
Ханға үй салынып, сый жасаудың себептері
Биыл хан үйінің ашылғанына 15 жыл толды. Осыған байланысты біз осы мақаламызда ханға үйдің не себепті тұрғызылғанына, Ресей патшасының қазақ ханына неге мырзалық танытқанына, сонымен бірге қалпына келтірілген соң үйдің «Абылай хан резиденциясы» музей-кешеніне айналып, атқарған жұмыстарына тоқтала кетуді жөн көрдік.
Абылай билігінің Орта жүзде күшеюі 1744 жылы ағасы Әбілмәмбет ханның Түркістанға көшу кезеңінен басталады. Осы кезге дейін Орта жүздегі билеушілер қатарында Әбілмәмбет, Абылай және Барақ сұлтан қатар аталатын болса, Әбілқайыр ханды өлтірген соң Барақ сұлтан биліктен тайдырылады. Осыған байланысты Ресей империясының сыртқы саясаты мұрағатынан алынған мына бір құжатта былай делінген: «Барақ сұлтан Орта жүз Найман руындағы Өтебайға, Шорақ биге, Қабанбай батырға және Қаракесектің биі Қазыбекке үш кісі жіберіп: «Мен Әбілқайыр ханды өлтірдім, енді мені хан ретінде мойындаңдар», депті. Бірақ қазақтар оған: «Ханды өлтірген кісі бізге хан бола алмайды» деп жауап береді». («Абылай хан тарихы», жинақ, 2-том, П-павл., 2021, 47 б. Аударған З.Тайшыбай). Сөйтіп, Барақ билікке араластырылмайды, ал қартайған Әбілмәмбет Түркістанға көшіп кетеді. Сондықтан Орта жүздің барлық билігі Абылайдың қолында қалады.
1750 жылы қазақтың ата жауы Жоңғарияда да билік ауысып, Қалдан Сереннің орнына Лама Доржы билік басына келген. Бірақ оның қарсыластары таққа таласып, оған қарсы өзара күрес жүргізіп жатады. Абылай хан жоңғар билеушілерінің өзара қырқыстарын қолдап, оларды бір-біріне айдап салып, әлсірей беруіне ықпал етеді. Бұл туралы академик В.Басин былай деп жазды: «После смерти хунтайджи Галдан-Церена Аблай решительно вмешивается во внутренние дела Джунгарии, способствуя упадку этой некогда могущественной державы». (В.Басин., Россия и казахские ханства а XVІ-ХVІІІ вв»., А-ты-71.,с 210).
Тақ үшін таласқа белсене қатысса да хан тағынан құр қалған Дабаши ноян мен оның жиені Әмірсана қазақ арасына келуге мәжбүр болады. Белгілі тарихшы, Абылайды терең зерттеген ғалымдарымыздың бірі Болатбек Нәсенов В.Вельяминов-Зерновтың «Исторические известия о киргис-кайсацкой сношения России съ Средней Азии со времен кончины Абул-Хаир хана 1745-1765 гг» атты еңбегіне сілтеме жасай отырып, Дабаши мен Әмірсананы ұстап бермеу Абылайға үлкен күшке түскенін айтады. Өйткені жоңғар ханының қысымынан ыққан Малайсары батыр бастаған батырлар мен билер қашқындарды қайтару керектігін айтып, Абылайға салмақ салады. Бірақ Абылай жоңғар тұтқынында болғанда өзіне көмектескен Дабаши мен Әмірсананы ұстап бермейді. Іс насырға шаба бастағанда Ұлытауда хан кеңесін шақырып, беделді сұлтандар мен билерге өзінің сөзін мойындатып, екі қашқынды жауына бергізбеуге келістіреді. Осының өзі Абылайдың сенімді жолдас, келістіруге шебер дипломат екенін көрсетті. Бұл оқиға оның Қазақ даласындағы беделін көтере түсті. Ал жоңғар ханы Лама Доржы бұған өшігіп, қазақ жеріне қайтадан басып кіріп, Орталық және Солтүстік Қазақстанда сол кездерде мекендеген керей, уақ, үйсін тайпаларына шабуылдайды. Бірақ Абылай хан өзінің қатарына Дабашиді де алып, Лама Доржыны талқандап, ұрыста оны өлтіреді. Сөйтіп, жоңғар билігінің басына Дабашиді отырғызып, оны қонтайшы қылады.
Біраз уақыттан соң сол Дабашиге жиені Әмірсана қарсы шыққанда енді соңғыны қолдайды. Абылайдың Жоңғар хандарын бір-бірімен шабыстырып, әлсіретуді көздегенін, сөйтіп, оларды басып алғысы келетінін Қытай императоры Цянь-Лунь сезіп қалып, өз әскерін Жоңғария жеріне кіргізу туралы бұйрық береді. Бұл туралы ол: «Егер әскерді дереу жорыққа шығармасақ, қазақтардың жолы болады да олар жағдайды өз пайдасына шешеді», деген («Қазақстан тарихы», ІІІ том, 248 б.).
Абылай Әмірсананы қолдағанымен, оны күші мол қытай жағы бәрібір талқандайтынын білген соң, бұл әрекеттен бас тартады. Саны аз, сапасы төмен Әмірсананың қолы ұзаққа шыдай алмай жеңіліп, ал өзі қашып келіп тағы да Абылайды паналайды. Ал Жоңғар империясы қытайдың араласуымен түпкілікті құлап, қайта бас көтере алған жоқ. Қытай жағы 1756 жылы Әмірсананы ұстап бермедің деген сылтаумен Қазақ жеріне басып кіреді. Екі топқа бөлінген қытай әскерін екі генерал – Хадаха мен Дардана басқарған. Алғашқы шайқас Шаған Оба ауданында болды. Одан кейінгі ірі шайқас Қарқаралы тауларындағы Жарлы өзенінің жағасында өтті. Бұл екеуінде де қазақ қолдарының жолы болмады. Айтқандай, соңғы соғысқа жоңғар әскерлерінің қалдықтарын жинап алған Әмірсана да қазақ жағында қытайға қарсы соғысқан. Бірақ қытай әскері жеңісті жорығын жалғастыра берді. Тек күзге қарай Абылайдың Бөгенбай батыр бастаған мол қолы Баянауылдағы Шідерті өзенінің жағасында қытайлармен үлкен шайқасқа шықты. Осы жерде қазақ қолы қытайларды мол шығынға ұшыратып, күйрете жеңді. Ұрыс болған осы аймақты қазақтар «Шүршітқырылған» атап кеткен. Көп шығынға ұшыраған әскерлерінің қалдығын Шын императоры кері шақырып алуға мәжбүр болады. Қытай деректері бұл жеңілістерін бұрмалап көрсетіп, «күннің суығына, аттардың болдырып, азық-түліктің азайып қалғанымен» сылтауратады. Алайда жеңіліске императордың қатты күйзелгенін екі генерал – Хадаха мен Дардананы орнынан алып, жазалағанынан көруге болады.
Өз күшіне сенген Абылай бұл кезде орыс патшалығына да ырық бермей, тәуелсіз саясат ұстанған. Академик В.Басиннің жазуына қарағанда бұл кезде: «Абылай шел даже на резкие замечания в адрес российских властей. Еще весной 1755 года при встрече с российским посланником М.Араповым Аблай делал вид, что его совершенно не интересуют российские дела...», деген. Одан әрі ғалым: «В то же время Аблай дал понять, что применить силу в случае необходимости как против джунгар так и против здешних властей Оренбурской администрации и Сибирских краев», дейді.
Демек, бұл кездерде Орта жүздегі Қазақ хандығы Қытайға да, Ресейге де іс жүзінде бағынышты болмаған. Осындай кезде Ресей патшалығы күшпен емес, Абылайды өз жағына бейбіт жолмен тарту үшін алдап-арбаудың саясатына кіріскен. Патша Сыртқы істер коллегиясына қазақ сұлтандарына үнемі сыйлықтар беріп тұруды тапсырады. Сол бұйрықпен 1758 жылы Абылай сұлтанға патшаның атынан қазақ және орыс тілдерінде құттықтауы жазылған қылыш сыйлайды. Ал 1759 жылы ресейлік елшілер А.Тевкелев пен П.Рычков Сыртқы істер коллегиясына: «Аблай ныне, во всей Средней Орде за главного владельца почитается», деген. («Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ вв»., стр 582.)
1761 жылдан Абылайға Ресей патшасының қазынасынан 100 рубль, ал Құлеке мен Құлсарыға одан гөрі аздау жалақы да төленіп тұрған. Айта кететін жайт, Абылай 1759 жылы патшаға хат жазып, Петр қорғанының жанынан саудахана ашуды сұраған. Ол хатта: «Прошу же я и мой народ, чтоб дозволить в крепости святого Петра киргизцам выменивать муку и крупу». Осы саудахана орны тез өсіп, оның маңына қазақ байлары, орыс, татар көпестері, қоқандтық, ташкенттік саудагерлер қоныстар салған. Кейін қазақ пен басқа жұрттың араласу некесінен «шалақазақ» атты субэтностар да пайда болған. Абылайдың Қытай билеушісіне жазған бір хатында:
«Руссия халқыменен салқы қылып,
Шартнама қағаз жаздық елші жүріп.
Ортада саудахана жасап қойдық,
Қызылжар атты шаһар біз салдырып...» деп жазады. (Шәді төре Жәңгірұлы., «Тарихат» дастаны).
Міне, сол саудахана кейін Қызылжар қаласына айналған. Ал Абылайдың Ақ үйі қазіргі қаланың аумағына 1762 жылдан салына бастаған. Ол кезде Петропавл деген қала жоқ, тек 1752 жылдан бастап салынып, құрылысы 1771 жылы ғана толық аяқталған «Әулие Петр» деген шағын қорған ғана бар. Бірақ өсіп келе жатқан қаланы патша шенеуніктері өздерінің кеңселерінде қорғанның атауымен «Петропавл» деп жазып кеткен. Ал бүкіл Қазақ даласы оны Қызылжар дейді.
Абылаймен жылы қарым-қатынас орнатудың тағы бір тәсілі – оған қыс қыстайтын ағаш үй және оның қабылдауына келгендерге арналған қабылхана салу екенін білген ІІ Екатерина патша өз қолымен үй салуға жарлық береді. Осыдан-ақ патшаның Абылай ханмен санасып, оның ықпалы мен беделінің зор екенін мойындағанын көрсетеді.
Біз Мәскеуден алдырған үйдің жоспарында былай делінген: «План вновь построенного киргис-кайсацкой Средней Орды Аблай солътанного домъ. А что именно значить под сим: 1. Покои Аблай солтана. 2. Канцелярия. 3. Баня. 4. Дом для приезжающихъ киргис-кайсацских старшин...». Сонымен бірге әр үйдің сызбасы да берілген. Қорыта айтқанда, Абылайдың үйін орыс патшасының ханнан ығысып, оны қайтсе де өзінің жағына тарту мақсатымен салынған құрылыс деп білуіміз керек. Осының өзінен қазақ ханының құдіреті мен күшін сезуге болады. Алайда ІІ Екатерина Абылайды Орта жүздің ханы деп танитын грамотаны Петропавл қорғанына келіп, алуға шақырғанда хан өзінің Үш жүзге хан сайланғанын айтып, патшаның грамотасын алудан бас тартқан... Бұл да Абылайдың тәуелсіз хан болғандығының айғағы. Тарихымыздың осындай қатпарларының куәсі болып тұрған бүгінгі «Абылай хан резиденциясы» музейінің осындай қырлары бар.
Ақ үйдің бүгінгі тынысы
Көп күрес пен тартыстан соң 5-6 жыл бойы жөнделіп, 2008 жылдың тамыз айында толық қалпына келтіріліп, «Абылай хан резиденциясы» музей-кешені болып ашылғаннан бері бұл үй қаламыздың сәні де, тарихи-мәдени маңызы аса зор ескерткіші болып тұр. Солтүстік Қазақстан облысына келген меймандардың, саяхатшылардың, тіпті кездейсоқ жолаушылардың оған соқпай кететіні некен-саяқ. Тіркелген келушілердің өзі ғана 135 мыңнан асыпты. Алыстан келгендер ғана емес мектептердің, жоғары оқу орындары мен колледж, лицейлердің оқушылары да оған экскурсияға жиі келіп тұрады.
Музейдің алғашқы күнінен жұмыс істеп, қазір осы ұжым директорының орынбасары болып жүрген Әсемгүл Қыдыбекованың айтуына қарағанда, облысқа іссапармен келген Мемлекет пен Үкімет басшылары, атақты адамдар да бұл үйге ат басын тіреп, Құрметті қонақ кітабына тілек-лебізін жазған. Соның ішінде қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Сенат төрағасы болып жүргенде Солтүстік Қазақстанға келген жұмыс сапарында Абылайдың үйіне соғып, Құрмет кітабына қолтаңбасын қалдырған.
Мұнда Әбіш Кекілбайұлының, Асанәлі Әшімовтің, Омбының губернаторы В.Назаровтың, т.б. белгілі тұлғалардың қолтаңбалары бар.
Қазір «Абылай хан резиденциясы» мұражайына қаладағы «Ислам мәдениеті» музейін қосып берген болатын. Сонымен бірге барлығы 35 адам осы екі музейден нәпақасын айырып отыр. Осыдан 3-4 жыл бұрын Абылай хан мұражайына облыстағы Сәбит пен Ғабит, Мағжан музейлерін және көрші өңірлердегі жеке адамдарға арналған музейлерді қосып, республикалық мәртебеге көтеру жөнінде сөз болған. Бірақ түрлі себептермен бұл мәселе аяқсыз қалды. Ал облыстағы мәдениет саласының бір пысықай бастығы тіпті Абылай хан мұражайын облыстық өлкетану музейінің бір бөлімі етіп қосып жібере жаздады. Елдің, жердің тарихынан хабары жоқ, хан музейінің тарихи маңызын түсінбеген бастықсымақ әйтеуір халықтың өре түрегелген қарсылығымен қызметінен кетіп тынды.
Абылай хан резиденциясы музей кешеніне 2017 жылдан бері білікті азамат Аян Садаев басшылық етіп келеді. Қазір музей қоры 700-ге жуықтады. Халқымыздың өткен өмірінен сыр шертетін осынау құнды материалдар мен жәдігерлер көрермендердің көзайымына айналып, рухани тыныс береді. Қазір Көкшетау музейлерімен, Семейдегі Абай және Мұхтар, Қостанай, Өскемен, Сырымбеттегі Айғаным, т.б. мұражайлармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Алматыдағы Абылай хан атындағы халықаралық университетпен де тығыз ғылыми байланыс орнатылған. Музейдің көшпелі көрмелері Қызылорда, Семей, Қостанай, Астана, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, тағы басқа қалаларға шығарылған. Сондай-ақ әріптестердің де көшпелі көрмелері қабылданып, Қызылжар халқына тарту етілді.
Қазір Абылай хан музейі өлке тарихын зерттеудің берік орталығына айналып келеді деп айтсақ артық емес. Оның зерттеу жұмыстарының аясында, жергілікті өлкетанушылардың көмегімен Абылайдың Жанатай, Мықтыбай, Сүйіндік батырларының өмірі мен ерлігі елге таныстырыла бастады. Олардың кейбірінің бастары көтеріліп, еске алу шаралары өткізілді. Ал Құлеке мен Құлсары батырлардың ұрпағы Мұрат Жантілеуов Абылай хан мұражайымен тығыз ынтымақтастық орнатып, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырып, бабалары туралы көлемді жинақ та құрастырды. Сонымен қатар белгілі ақын, драматург Баянғали Әлімжановқа драмалық шығарма жаздырып, оны С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театры сахналады. Абылай батырлары тарихының ашылуымен ұрпақтарының қолында сақталып келе жатқан мұралар хан музейінің экспонаттар санын толықтырды. Мысалы, Құлеке батырдың найзасының ұшы бір ұрпағының үйінен табылды.
Былтырдан бері ғана студенттер, мектеп оқушылары, зиялы қауым өкілдері қатыстырылған «Абылай хан және оның заманы», «ХVІІІ ғасырдағы қазақ батырлары», «Құндылықтар қайнары», «ХVІІІ ғасырдағы Қазақ даласының ішкі және сыртқы жағдайы», «Әбілмансұрдың жұлдызды сәті», «Ұлттық қару-жарақтар», тағы басқа тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, дәрістер оқылды.
«Ақ үйдің» 15 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияға ғалымдар, өлкетанушылармен қатар Абылай ханның бүгінгі ұрпақтары да шақырылды. Соның ішінде Кенесары бұтағынан тараған Асылхан ағамыз Теміртау қаласынан жетсе, Тараз, Алматы қалаларынан да ұрпақтары келіп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды, бабаларының музейіне тарту-таралғыларын жасады.
Ұлы Абай «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек?» демейтін бе еді, егер Абылайдың музейі болмаса, осынша мәдени-рухани шараларды кім өткізер еді? Тарихымыздың қаншама қатпарларына кім ат басын бұрар еді? Абылай хан музейі шама-шарқынша осынау дүниелерді жасап, халыққа тарихи, рухани ләззат сыйлап тұр. Сондықтан ханнан қалған асыл мұраны ұрпақтарының жүрегіне қайрат беріп, көңілдеріне ой салып тұрған асыл мұра десек артық емес-ау.