Қаржы • 07 Қараша, 2023

Ел ақшасы айналымға енгенде...

234 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық валюта – кез келген тәуелсіз елдің төл нышаны. Аңсап күткен азаттықтың арнайы атрибуттарының бірі. Бұл – егемен елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, оны басқарудың негізгі құралы. Кез келген елдің шежіресі ұлттық валютасының тарихына тікелей байланысты болып келеді. Талай мемлекеттің ұлттық валюта тарихы ғасырлар бойы қалыптасқаны да белгілі. Оған сарғайған тарих парақтары куәгер. Ал енді төл теңгеміздің тарихы туралы аз-кем сөз алсақ.

Ел ақшасы айналымға енгенде...

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Кеңес одағының іргесі сетінегеннен кейін қар­жы­лық жүйесі де құлдырай бас­тады. Бірқатар себепке байланысты, ең алдымен, саяси сипаты болса керек, бәлкім, жас мемлекеттердің дербестікке деген ұмтылысының әсерінен бе, біртұтас валюта (рубль) аймағын сақтау сәтсіздікке ұшырады. Оның үстіне со­циалистік директивалық модельге не­гіз­делген заң­на­мамен нарықтық эко­но­микаға өту­дің еш қисыны болмайтыны да түсі­нік­ті еді.

Сол бір қиын-қыстау кезеңде  тәуел­сіз­дігін жариялаған Қазақстан да ТМД-ның бірқатар басқа елдерімен бірге «рубль аймағында» қала тұрды. Өйткені жаңа тәуелсіз мемлекеттің басшылығы осы қадамы арқылы жұмыс орындарын ғана емес, кеңес одағынан мұраға қалған көптеген кәсіпорындарды да сақ­тап қалуға болатынын жақсы түсінді. Осының арқасында ел тұрғындары отбасын асырап, күн көруге мүмкіндік алды.

Осылайша, рубль тәуелсіз дамудың алғашқы кезеңінде барлық посткеңестік мемлекеттерге, оның ішінде ТМД-ға кірмеген елдерге де мұра болып қалды. КСРО ыдырағаннан кейін ақшалай ыдырау үдерісі өте қиынға соқты. Және оның ақыры барлық посткеңестік мемлекеттер өздерінің ұлттық валюталарын енгізумен аяқталды. Кеңестік валюта ешкімге ке­рек­сіз болып қалды.

Кезінде Қазақстан КСРО-ны, ең алдымен, көмірмен және болатпен, сондай-ақ бүкіл кеңес өнеркәсібінің қажеттілігі үшін басқа пайдалы қазбалармен үз­діксіз қамтамасыз етіп отырды. Бар­лық дерлік жеткізілім тізбектері Орал мен Сібірге байланысты еді. Энергетикалық тұрғыдан Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі, батысы мен шығысы бір-бірімен байланыспады. Одақтың әу бастағы ойлағаны да осы еді. Солтүстігі Ресеймен, оңтүстігі Қырғызстанмен (электр энергиясы) және Өзбекстанмен (газ) бір жүйеде болды. Батыс өңірде 1979 жылы ашылған Теңіз және Қарашығанақ сынды ірі мұнай-газ конденсатты кен орындарын игеру бас­талып кетті. Бірақ Қазақстанның өзінде бұл саладағы мамандар тапшы болды. Қарашығанақта жұмысты, мысалы, ресейлік «Газпром» жүргізді.

Алайда 1993 жылы Ресей Фе­де­ра­циясы оңтүстіктегі көршісін рубль аймағынан шығарып жатқанын мәлім­деді. Қазақстан бұған қалай жауап берді?

«Газпром» Қарашығанақтан кетті. Қазақстан мұнай кен орындарын өз бетімен игеруге кірісті, мамандарды жедел оқытумен қатар, «Шеврон», «Бритиш Газ», «Харрикейн» сияқты батыстық мұнай компанияларын да шақыра бас­тады. Адымы баяулаған алып зауыттар жаңа инвестор тапты. Жоғары вольтты электр жеткізу желілері солтүстіктен оңтүстікке қарай созылды. Қара және түсті металл Қытайға жөнелтіле бастады, өйткені бұл мемлекет экономикалық тұрғыдан тез дами бастаған-тын. Кей тұстарда шетелдік инвесторлардың ығына жығылуға да тура келетін жағ­дай­ ұшырасты. Өйткені бізде басқа таңдау болған жоқ еді. Ең бас­тысы, Қазақ­стан осындай қиындықтарды еңсере отырып өзінің ұлттық валютасы – теңгені айналымға енгізді.

1992 жылдың бірінші жартысында Қазақ елінің басшылығы тек Ресей рубліне арқа сүйеудің аяғы орта жолда қалдыратындығын түсінді, өз валютасын шығару жолында батыл қадам жасауға көшті. Жаңа ақша шығару туралы келісімшарт британдық «Харрисон» фирмасымен жасалды. 1993 жылы 1,3,5,10,20,50 және 100 теңгелік вексельдер Қазақстанға жеткізілді.

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің жасалу тарихы ел Президентінің 1993 жылы 12 қарашадағы №1399 «Қа­зақ­стан Республикасында ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлығымен басталды. 1993 жылғы 15 қарашадағы құ­­жатқа сәйкес елде ұлттық валюта – теңге енгізілді. Ұлттық валютаны айна­лым­ға енгізу туралы шешім тәуелсіз Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа деңгейінің негізі болып қаланды. Теңгенің айналымы егемен елге ұлттық на­рықтық экономиканы құру үшін қа­жетті алғашқы қадамдарды жасауға мүм­кіндік берді.

Елімізде ұлттық валюта өте қысқа мер­зімде – бір жылдың ар жақ-бер жағында дайындалды. Соған қара­мас­тан теңгенің өнімділік деңгейі ең жоғары сапада болды, осы себеп­тен оны қолдан жасау өте қиын еді. Сол замандағы төл теңгенің 18 қауіп­сіздік деңгейі болды. Бұл – су бел­гілері, қауіпсіздік жіптері, айқын және қайталанатын жасырын бейнелер, кішкентай жазулар және тағы басқалар.

Теңге – әлемдегі ең қауіпсіз ұлттық валюталардың бірі. Қазақстан Ұлттық банкі банкноттармен және монета­лар­мен бірге инвестициялық және кол­лекциялық монеталарды шығарады. Инвестициялық монеталар күміс пен алтыннан соғылды. Резиденттер сатып алу күні мен бағалы металдар бағасына негізделген сатып алу бағасы арасындағы айырмашылықтан пайда көре алады.

Коллекциялық және құйма монеталар белгіленген төлемдер бойынша заңды төлем құралы болғанымен, олардың негізгі мақсаты – мәдени, білім беру және инвестициялар. Әрине, олар өте шектеулі мөлшерде шыға­ры­лады, тек Қазақстанда сатылады, ал шетелде жинақ бағасымен сатылады. Қа­зақстанның монеталары мен банкноттары нумизматтардың халықаралық жарыстарында беделді орындарға ие болды. Оларға көп жылдық тарихы бар монета үйлерінің өкілдері, жоғары деңгейлі әлемдік нумизматтар, сондай-ақ АҚШ, Канада, Германия, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Нидерланд, Украина, Литва, Беларусь өкілдері қатысатын.

Одан беріде де төл ақшамыз талай өзгерісті бастан кешірді. Дизайны жағынан да, сапалық жағынан да, қорғаныш қабілеттілігі жағынан да түлеп-түрленді. Ең бастысы, халық төл ақшасына сенім артты. Оның бір дәлелі – теңгемен салынған депозиттің доллар немесе басқа да валюталармен салған салымдарынан жыл сайын артып келе жатырғандығы. Ел сенген теңге ешқашан теңселмеуі керек.

 

Керімсал ЖҰБАТҚАНОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

АҚТӨБЕ