Қоғам • 07 Қараша, 2023

Қаржылық сауатсыздық құрдымға кетіреді

239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Шымкентте экономикалық тергеу департаменті жал­ған энергетикалық сусындар шығаратын жасырын цехты анық­тады. Дәл осындай жағдай мұның алдында да болған. Де­партамент ыдыс-аяқ жуатын химиялық тұрмыстық зат жасау бо­йынша экономикалық қылмысты әшкере еткен еді.

Қаржылық сауатсыздық құрдымға кетіреді

Қазір­гі таңда бірінші іс бо­йын­ша тергеу жүріп жатса, екін­ші істе жа­зық­тылар жауап­кер­шілікке тартылды. Сонымен бірге былтыр құзырлы орган 3 қаржы пирамидасының жолын кескен. Бұл туралы Шым­кент қаласы бойынша экономикалық тергеу депар­та­­ментінің басқарма басшысы Камилхан Исмаилов брифингте айтып берді.

Маманның пікірінше, жұрт­шылықтың қаржы пира­ми­да­сының қақпанына түсуінің бір­ден-бір себебі – бұл сала жөнінде сауатының болмауы. Жұрт бар жиған-тергенін пи­ра­­мидалық ұйымдарға салып, пай­даға белшесінен батып қала­мыз деген дәмемен алданады. Алайда құзыретті орган өкілі де­по­зитке ақша салу тек лицензиясы бар екінші деңгейлі банк­тер үшін ғана рұқсат екенін айтады. Ал қаржылық пирамида құрушыларда лицензия деген атымен болмайды.

«Алаяқтар уатсап желісінен топ ашып, «6 мың теңге са­лыңыз да, соңыңыздан 6 адам­ды кіргізіңіз, олардың әрқай­сы­сынан 2 мың теңгеден пайда көресіз» деген сияқты жарнамамен адамды қызықтырады. Оңай олжа тапқысы келгендер әдемі сөздерге бірден елі­тіп қа­лады. Қазір елі­мізде қар­жы­ пирамидасымен жұртты саз­ға отырғызғандарға заң кү­ше­йіп келеді. Мәселен, осы іс­пен құрықталғандардың мүл­кі тәркіленеді, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін. Тіпті қаржы пира­ми­дасын жарнамалағандар да қыл­мыстық жауапкершілікке тартылады. Биыл экономикалық қылмыс жасаған бір азамат 6 жыл 8 айға сотталды. Ол да са­­лым­шылардан ақша жинап қар­жы пирамидасын құрған. Жалпы, қаржы пирамидасының негізгі белгілері бар. Соның ішін­дегі ең бастысы – ал­дын ала де­­позит ретінде салымшылардан ақша жинау. Ал мұндай қыз­метті атқару тек мем­лекеттік лицен­зиясы бар екін­ші деңгейлі банктер ғана жү­зеге асырады», деді эко­но­ми­калық тергеу де­пар­­та­мен­тінің басқарма басшысы.

Осы тұста мынадай бір сауал туындады. Бүгінгі таңда не көп, желілік маркетинг көп. Олар да соңыңнан адам кіргізесің, ақша салып затымызды аласың деп шарт қояды. Сонда бұл да қаржы пирамидасының бір түрі ме? Бұған қатысты маман желілік маркетинг қар­жы пи­рамидасы ма, жоқ па де­генді депар­та­менттің ішіндегі уәкілетті орган анықтайтынын айтты. Басты талап шағымның болуы екен. Яғни желілік маркетингтен зардап азамат болса, экономикалық тергеу де­партаментіне арыз түсіре ала­ды.

Бүгінге дейін мегаполисте экономикалық қылмыс бойынша 96 іс департаментте тіркелген бо­латын. Оның басым бөлігі сотқа жолданды да. Сонымен бірге қаржы пирамидасын құрды деген айыппен 5 іс тергеуде жатыр. Одан бөлек, департамент қаржылық алаяқтықпен ашылған мыңдаған сайтты бұғаттаған. Экономикалық қылмысқа қар­сы күрес қалада тоқтаусыз жүріп жа­тыр. Адамдардың алаяқтар қарма­ғына ілініп қалуы қар­жы­лық сауат­сыз­дыққа келіп тіре­леді. Дегенмен халықтың қар­жылық сауатын арттыру бо­йынша мегаполисте ілкімді қа­дам­дар бар­шылық екен.

Бұл жөнінде ақпараттық-ком­му­никациялық орталықта өткен брифингте қаржы нары­ғын зерттеу және дамыту агент­ті­гінің Шым­­кенттегі өңірлік өкілдер бас­қар­масының басшысы Әбілғазы Қалназаров баян етті. Маман мәлімдегендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­сына сәйкес «Amanat» пар­тия­сы­ның «Қарызсыз қоғам» жобасы мегаполисте сәтті жүзе­ге асырылып жатыр. Түрлі қар­жы­лық қиындықтарға тап келген азаматтар партия өкілдігіне ке­ліп керекті кеңес ала алады. Сон­­дай-ақ айлықтан-айлыққа де­йін пайызы жоғары несиелер бе­ре­тін қаржылық ұйымдардың қызметіне шектеу қоятын заң ережесі қарастырылып жат­қа­нын жеткізді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда қоғамда өзекті болып отырған проблеманың бірі – азаматтардың несиелік қа­рызға батуы. Мем­лекет өз тара­пы­­нан «көрпеге қарап кө­сілуге» шақырып, тиісті шара­лар қабылдап-ақ жатыр. Мә­се­лен, соның бірі ретінде қар­жылық сауат­тылықты арттыру бойын­ша 2020-2024 жылдарға арналған Үкімет қабылдаған тұ­жырымдаманы айтуға болады. Тұ­жырымдама цифрлық комму­ни­кациялық құралдар арқылы халықтың қаржылық сауатын ашудың іс-жоспары қамтылған. Әсіресе мектеп оқушылары мен студенттерге қаржыны дұрыс бас­қа­руға үйрету мәселесіне ерекше басымдық берілген. Өз кезегінде маман алдағы уақытта жұмыс іс­те­мейтін жастарға онлайн түрде қазіргідей банктен оп-оңай несие ала салу мүмкін болмайтынын айтады.

 

ШЫМКЕНТ