Қоғам • 07 Қараша, 2023

«Жоқ мұғалімнің» жалақысы қанша?

1364 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары білім сала­сындағы жем­қорлыққа қатысты жаға ұстатар сұмдықтардың са­нынан жаңылып, ұр­пақ болашағын кімге сеніп тап­сырарымызды білмей дал болатын күнге жеттік. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Айталық, биыл да респуб­лика бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменттерінің аймақтағы білім беру бөлімдеріне жүргізген тексерісі барысында есепшілердің ебін тауып қаржыға қарық болып келгені анықталып отыр. Осы­лайша, аудандық білім бөлімдерінің кейбір лауазымды тұлғалары мен есеп-қисапқа жауапты мамандары заманауи жүйеде кет­кен ұрымтал сәтті де ұтымды пайдаланып, ел қазынасына орасан шығын келтірген.

«Жоқ мұғалімнің» жалақысы қанша?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жымқыру схемасы «жемісті» жұмыс істеген

Биыл Жамбыл облысында 200-ден астам педагог 24 миллион тең­ге көлемінде заңсыз жалақы алға­ны белгілі болды. Бұл қаражат негі­зі­нен мүмкіндігі шектеулі 225 бала­ны үйде оқыту үшін бөлінген екен. Алайда бірде-бір рет сабақ берме­ген мектеп мұғалімдеріне жала­қы жазылып отырған. Мұндай заңсыз­дық облыстағы 6 бірдей ауданнан анық­талып отыр. Олардың ең көбі Байзақ ауданында. Ондағы 26 мектептің отыз­ға жуық мұ­ғалімі өткізбеген дәріс­тері үшін 11 миллион 200 мың теңге жа­лақы алыпты. Ал Қарағанды облы­сындағы білім саласына тек кейін­гі үш жылда мемлекет 12,1 трлн теңге жұмсаған. Бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттің бар­лық шығыстарының 28%-ын құ­рай­ды. Әйткенмен мемлекеттің сала­ға деп бөлген қаражаты толық білім­ді ұрпақ қалыптастыруға жұм­сал­маған. Өйткені облыстың білім басқармасына жасалған сыбайлас жем­қорлық тәуекелдері осыны айғақ­тайды. Талдау көрсет­кендей, ай­мақ­­тағы жалақы қорынан бюджет қаражатын жым­қыру схемалары жіпке ті­зіліпті. Жалпы алғанда биыл 102 млн теңге соманы құрайтын 12 жым­қыру фактісі анықталса, қазір мем­лекетке тек 77 млн теңгесі ғана қай­тарылды.

Шымкенттік білім басқар­масының лауазымды тұлғалары жүйелі жем­қор­лық қылмыстар үшін сотты болып жатса, есеп­шілері бюджет қаражатын жым­қырудың түрлі тәсілін қол­данып келген. Мәселен, екі қалалық мектептің бухгалтері 2020-2023 жылдар кезеңінде жеке шотына мектеп қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорына бөлінген 67 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз аударған. Мұндай қылмыс қаладағы №2 мектепті де айналып өтпеген. Онда 6 жылдан астам уақыт бойы директор, бас менеджер және бас бухгалтер бірлесіп, қазына қаржысын қалтаға басқан.

Жетісу өңірінің аудандық білім бөлімдері де бюджет қа­ра­­жатын жүйелі негізде аса ірі мөлшерде жымқырғаны анық­­талған. Күдіктілер үш жыл бойы жұмыс істемейтін адам­дарға жалақы төлеп, мектеп қызмет­керлерінің жалақысын көтеру арқылы 4,6 млрд теңге шығын келтірген. Осындай сорақылық Алматы қаласының білім беру саласында да «жемісті» жүзеге асқан, мұнда 12 сыбайлас жем­қорлық тәуекелі анықталып отыр. Алматы қаласының Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов атап өт­кен­дей, бүгінде мегаполистегі білім беру саласы сыбайлас жем­қорлық тәуекелдеріне барынша бейім көрінеді. Себебі сыбайлас жемқорлық қылмысты талдау нәтижесі де қаладағы білім беру жүйесіндегі қылмыстардың саны азаймайтынын көрсетеді. Мысалы, 2019-2022 жылдар ара­лы­ғында департаментпен білім беру саласындағы 17 қылмыстық іс тергелген. Ал Түркістан облы­сында 22,6 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұм­салуы­ның алды алынды. Бұл туралы жақында облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бас­шысы Мұрат Төлеубаев ақ­па­­раттық-коммуникациялық қыз­­­мет орталығында өткен бас­па­­сөз мәслихатында айтқан еді. Спи­кердің айтуынша, өңірдегі білім саласының мамандары еңбекақы төлеу қорының «тиімділігін» жыл­дар бойы көріп келген.

Қазынаның қаржысын майшелпекке айналдырған Алматы облысында жұмыс істемейтін «мұғалімдерге» де жүйелі жалақы төленген. Осыған дейінгі деректерде күдіктілердің келтірген шығы­ны 609 млн теңге болса, соң­ғы мәлі­меттерге сенсек, 848 млн теңгеге жеткен. Ең сорақысы – әлгі айтқан 609 млн теңге шы­ғын Жамбыл және Іле аудандарына ғана тиесілі болып отыр. Оның ішінде 500 млн-нан астамы Іле ауданының үле­сіне тиген. Алматы облысының Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл департаментінің баспасөз бөлі­мі атап өткендей, алғашында 6 бух­галтерге қатысты қылмыстық іс тір­келсе, қазір қитұрқылыққа бар­ған есепшілердің де есебі өсіп отыр.

 

Жүйенің өзі жемқорлыққа негізделген

Білім саласындағы ұрлық екі жолмен жүзеге асады екен. Бі­ріншісі – мектепте жұ­мыс іс­те­­мейтін адамдардың құжа­тын тіркетіп, жүйелі жалақы аударылады. Екіншісі – мұғалім­дердің жалақысына рұқсат етілген кө­лем­нен асырып айлық ресім­деледі. Есепшілердің есебін жүр­­гізуге мүмкіндікті молынан қарастырып берген жүйенің өзі жемқорлыққа негізделген. Қа­лай? Өйткені бұрынғыдай әрбір мектепте өздерінің есеп­шілері жоқ. Сондықтан әр ауданда орталықтандырылған бух­галтерия жұмыс істейді. Олар өздеріне қарайтын барлық білім мекемесінің қаржылық мәсе­лесіне есеп жүргізеді. Соның ішін­де мұғалімдердің жалақысын тағайындау да солардың құзы­ры­на кіреді. Яғни аудандық бі­лім бөлімдері «Parus-Kaz» және 1С жүйелерімен жұмыс іс­тейді. Жүйедегі ақпарат кейін Аста­на­дағы қазынашылық базаға жі­­­бе­ріледі. Бір қызығы, толық ав­томаттандырылмаған осы жүйе­­лерде кез келген ақпаратты қол­мен жазу мүмкіндігі бар. Мы­салы, 100 мұғалім болса, 101-«мұғалімнің» құжаттарын қосып қояды. Осы арқылы «педа­гогке» жалақы аударылады немесе еңбекақысы екі есе көрсе­тіледі.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, білім саласындағы қаржылық заң бұзушылықтарды болдырмаудың бірінші қадамы – ашық және есеп беретін жүйе құру. Білім берудің барлық саласында және барлық құрылымында ашық­тық­ты қамтамасыз ететін қа­таң ережелер мен тәртіп әзір­леу қажет. «Жемқорлық мүм­кін­дігін болдырмас үшін Қазына­шылық барлық қаржылық тран­зак­циялардың құжаттарына тек­серу жүргізу міндетін қосу және қаржы опера­цияларының қолжетімділігін арттыру керек. Оқу жылы бары­сында 2 рет желілер туралы, контин­гент туралы және білім беру ұй­ымдарының штаты туралы есеп беру ісі қай­та­дан жандандырылуға тиіс. Бухгалтерлік есеп жүргізетін ұлт­тық платформа әзірлеу де кезек күттірмейтін мәселе. Оны барлық еңбек, білім платформаларымен, оның ішінде НОБД ұлттық мәліметтер базасымен біріктіріп, интеграциялау маңызды», дейді ол.

Екінші маңызды аспект – білім беру жүйесінде ашықтық принципі негізінде мұғалімдер арасында этикалық нормалар мен құндылықтарды нығайту арқылы сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Осылай деген депутат: «Онда әрбір тәр­биеші, әрбір мұғалім және әкім­ші сы­байлас жемқорлыққа қар­сы күрестегі өз рөлінің маңыз­дылығын түсінеді. Бұған білім беру бағдарламалары, этика­лық тәрбие және сыбайлас жем­қорлық әрекеттері үшін қатаң жаза қолдану арқылы қол жет­кізуге болады», дейді.

Үшінші фактор – қоғамдық бақылауды енгізу және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, үкімет, білім беру мекемелері және жалпы қоғам арасындағы ынтымақтастықты құруға негіз­делуге тиіс. Азаматтар сыбайлас жемқорлық істерін бақылауға және хабарлауға, қорғауды қам­тамасыз етуге белсенді қаты­суы қажет. Спикердің сөзінше, бақылау және қадағалау тетік­­терін күшейту – барынша өзек­­ті. Қаржылық операцияларды қа­дағалауға және тексеруге жауапты тәуелсіз комитеттерді не­месе органдарды құру кезек күттірмейтін мәселе. Қаржылық операциялардың ашықтығын халыққа қолжетімді етудің амалдарын да қарастырған абзал. «Қаржылық қызметкерлердің штатын көбейту, білім саласын­дағы заң бұзушылыққа жол бер­ген қаржы және есеп қызмет­кер­леріне лицензия немесе одан әрі жұмыс жасауын тоқта­та­тын механизмді енгізу маңыз­ды. Білім басқармалары жаны­нан аудит бөлімін құру, бі­рақ соған қарамастан жылына 1 рет мемлекеттік аудит өт­кізуді заңмен бекітуді ұсына­мын. Электрондық есепке алу жүйелерін енгізу өзектілігін көрсе­тіп отыр. Бұл ретте заманауи ақпараттық те­нология­лар мен электрондық есеп жүйеле­рін қолдану да кезек күттірмеуге тиіс. Білім беру ұйым­дарындағы қаржылық операцияларды қадағалау үдерісіне ата-аналарды, студенттерді және қоғам өкілдерін белсенді тарту маңызды. Жемқорлыққа жауапкершілікті күшейту мен әртүрлі бақылауды енгізіп қана тосқауыл бола аламыз», дейді Ж.Сүлейменова.

Ал «Qazaqtanu» журналының бас редакторы Бақтыбай Асан­ұлы: «Жаңа технология жем­қорлыққа жол ашып берді», дейді. Айтуынша, оның игілігін ең әуелi бухгалтерлер жақсы көрді. «Бұрын барлық әрекет қағазда тiркелiп, басшының қолы қойылса, қазір директорлардың электронды қолы көбiне бухгалтерде жүреді. Ал «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса». Сол сенiмдi өз пайдасына жарату оңай болды. Қазір көп директорлар цифрлық технологияларды толық игерген жоқ», дейді ол. Сондай-ақ ол мектепте емес, барлық мекемедегі қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын қоғам білетін ашық жүйе жұмыс істеген дұрыс еке­нін жеткізді. Мәселен, шетелде әр мектепте ата-аналардың қам­қоршылық кеңесіне мектеп бас­шылығы жауап береді.

Мұндай пікірді қоғам белсен­дісі, педагог Аятжан Ахметжан да айтып отыр. «Бухгалтер жеп, білім бөлімінің басшысы мен мектеп директоры жемеді дегенге сенбеймін. Барлығы үлесін алады. Яғни, таза сыбайластықтың тамыры терең жайылғанын көрсе­тіп отыр. Не мектеп директо­ры қаржылық сауат­сыз. Бухгалтердің жұмысын білмеуі мүмкін. Сондықтан бухгалтер директордың сыртынан білдіртпей білгенін істейді. Жал­пы алғанда біздегі тұтас жүйе жемқорлыққа негізделген. Сон­дық­тан тек бір саланы ғана жем­қор­лықтан тазарту мүмкін емес, ол үшін тұтас жүйе өзгеру керек», дейді педагог.

 

ТҮЙІН. Оқу-ағарту министрі сөзден іске көшудің қарекетін қылмақ керек. Себебі осыған дейін сала басшылары мәселенің салдарын шешуді сөзбұйдаға салып жүргенде, білім саласы қазына қаражатын қалтаға басудың түрлі әдіс-тәсілін қолдануға көшіп жатыр. Ал ұрлықтың соңы ұрпақ тәрбиесіне де әсер ететінін ескерсек, саладағы салғырттыққа ертерек тосқауыл қойған дұрыс.