09 Маусым, 2010

ҮЙІҢДІ ТАСПЕН ҚОРШАМА, ДОСПЕН ҚОРША

637 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облысқа жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы бұл сапарында ел дамуына арналған индустриялық-инновациялық бағдарламалар шеңберінде аймақта жүзеге асырылатын бірнеше жобамен таныспақ. Премьер-Министр ең алдымен “Батыс Еуропа - Батыс Қытай” халықаралық автомагистралінің құрылысында болды. Мұндағы жұмыс қазір екі ауысымда, яғни қарқынды жүргізіліп жатыр. Көлденеңінен килігіп, іске кедергі келтіріп тұрған ешқандай түйінді мәселе жоқ. Автомагистральдің облыстан өтетін шақырымдарын тендер бойынша жеңіп алған “Ақмола құрылыс материалдары”, “КСС ЕgC/Жамбылжолқұрылыс” және “Казахдорсторй” ЖШС-лар сияқты компаниялар өздеріне мін­деттелген тапсырмаларды абы­рой­мен орындап келеді. Жұмыс кес­тесінен ауытқушылық жоқ. Құ­ры­лыс материалдары мен техника жеткілікті. Адам күші мол. Мы­са­лы, тек қана “КСС ЕgC/Жам­был­жолқұрылыс” пен “Казахдор­строй” ЖШС-ларында тиісінше 737 және 1379 адам жұмыс істейді. Маңызды құрылыстың кедергі­сіз жүргізілуіне облыс әкімі Қ.Бо­зым­баев та көп көңіл бөліп, қа­жет­ті көмек көрсетіп отыр. Битум­ға деген сұранысты Қызылорда зауы­ты орындайтын болды. Ал цемент Өс­кеменнен алынбақ. Оған дейін Жам­был өңіріндегі цемент зауыттары да іске қосылмақшы. “Батыс Еуропа - Батыс Қытай” халықаралық автомагистралінің құрылысындағы осындай жақсы істермен танысқаннан кейін Премьер-Министр қазақ-қырғыз шекарасындағы “Айша бибі” ке­ден бекетіне келді. Қазақ елі қашаннан үйін тас­пен емес, доспен қоршаған ел ретінде белгілі. Бұл абзал ойдың ба­сында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың өміршең саясаты тұрғаны белгілі. Жамбыл облысындағы кеден органдары бүгінде Қазақ­стан-Қырғыз елдері аумағындағы республикалық және халықаралық дәрежедегі 10 автожолды, көп жақ­ты байланысқа арналған 4 ав­тожолды және екі жақты байла­ныстағы 6 автожолды бақылауда. Кеден қызметінің кедендік бақы­лауды жүргізуге лайықты ғимарат­тар мен шекара шебінде бекеттер, бақылау-өткізу пункттері ашылып, олар мультимедиялық құралдар­мен, заманауи техникалармен жабдықталғаны көзге көрініп тұр. Шы­нында “Айша бибі” кеден бекеті мен көрші қырғыз елінің кеденін салыстыра қараған адамға кімнің кім екені анық байқалады. Бұрнағы жылы Жамбыл облы­сы бойынша кедендік бақылау департаменті ел қазынасына 18 миллиард теңге өндірсе, ағымдағы жылдың өткен 5 айы ішінде 3,5 миллиард теңге өндірді. 2010 жылы жеңілдетілген тәртіп бойынша өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар екі есеге артып, жалпы сомасы 59 миллион 41 мың теңгені құрады. Премьер-Министр К. Мәсімов кеден бекетіндегі барлық игілікті істермен және жаңа техникалар­мен танысты. Шекара қызметінің арнайы үйретілген иттерінің арнайы қойылған сөмкелер мен шабадандардың ішінен “жарыл­ғыш затты” тауып алуы жинал­ғандарды тәнті етті. Ал бұл кеден­шілер үшін үйреншікті іс. Қырғыз еліндегі уақытша үкіметтің өтініші бойынша екі ел арасында әзірге 3 кеден бекетінің ашылғаны белгілі. Егер көрші елде жағдай жақсарса, бақылауда ұстауға болатын басқа кеден бекеттері де ашылуы мүмкін. Одан кейін қырғыз елінің уақытша үкіметі алдағы уақытта Кеден одағына кі­ру­ге мүдделі екендіктерін жеткізіпті. Ол енді алдағы уақыттың еншісі. Премьер-Министрдің жұмыс сапары бүгін одан әрі жалғасады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.