Руханият • 07 Қараша, 2023

Үнді қайраткері Қазақстан туралы не жазды?

258 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кейде айна-тарихтың бетін сүрткен сайын оның ар жағынан өткен дәуірдегі алуан түрлі оқиға, тарихи шындықтар, тіпті заманның ағысына төтеп беріп, өз еңбегімен ел жадында қалған тұлғалар туралы деректер кездеседі. Сол үшін де кешегі күннің оқымыстысының бірі Хенри Гласси: «Тарих – өткен күн ғана емес, ол қазіргі жиһанкезге пайдасы зор белгілі бір көзқарасқа ие карта» деп бекерге айтпаса керек. Қалай десек те, қазақ тарихы қазған сайын қазынасы қопарылып шыға беретін сарқылмас байлыққа ұқсайды. Әрине, тамыры терең, салты мен дәстүрі бекем елдің өткен уақыттың еншісінде өз үлесі болары даусыз. Отарлық саясат қанша жерден бұғалық салса да, тарихты ешкім тұншықтыра алмайтынына көз жетті. «Тарих сұрақ қоя білген адамға ғана жауап береді». Бұл парасатты сөзді осыдан бір ғасыр бұрын дүниеге келген Хаджо Холборн айтыпты. Оның бұл пайымы өз тарихыңды іздеуден жалықпа дегенді айтып тұрғандай. Әрине, іздейміз де. Өткен дәуірге, қызыл көз қоғам мен солақай саясатқа біздің көбірек есеміз кетті.

Үнді қайраткері Қазақстан туралы не жазды?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Зерттеу жұмысымызды жалғастыру барысында қолымызға түскен тағы бір кітап жайында сөйлемекпіз. Әрине, қазақ және Қазақстан хақында. Вашингтоннан Питтисбург қаласына қарай Орталық Азияны зерттеу туралы халықаралық конференцияға қатысуға жолға шықтық. Арақашықтық – алты сағаттық жол. Бұндайда не ойлайсың, әрине, сапар хақында, ізденіп жүрген тақырыбыңа байланысты тың деректер табу туралы толғанасың. Діттеген жерге жетіп, әр елден келген ғалымдардың әр тақырыптағы баяндамаларын тыңдап, ой бөлісуге мүмкіндік алдық. Әредікте, Питтисбург университетінің Hilman кітапханасына бас сұқтым. Кітап қоры бай, келушілері аз емес бұл рухани орданың Орталық Азияға қатысты бөліміндегі каталогтерді ақтарып отырып, «Кеңес одағындағы жаңа адам» деген кітапты кездестірдім.

Кітаптың авторы үнді революционері және Үндістан Социалистік Респуб­ликалық қауымдастығының мүшесі Бежой Кумар Синха. Оның кім болғаны туралы деректерді ақтарып көріп едік, мына мәліметтерді кездестірдік. Синха 1925 жылы Канпурда өткен Үндістан ұлттық конгресінің сессиясында «Хиндустан Сева Дал» науқанын ұйымдастырады, кейінірек Британ үкіметінің қудалауымен Лахор, Раджахмундри, Андаман түрмелерінде саяси тұтқында болыпты. Тіпті 1938 жылы 52 күн бойы тұтқындарға жасал­ған адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге қарсы аштық жариялайды. Ол ағылшындар тыйым салған «Үнді Бастилиясының Андаманында» атты кітап жазған.

Аталған кітаптың екінші бетінде Үнді революциялық қозғалысының жетекшісі Бхагат Сингхтың суреті берілген. Бұл автордың оған деген өзгеше құрметі болса керек, себебі, Бежой Кумар Синха оның ізбасары саналады. Кезінде Иосиф Сталин Бхагатты арнайы Мәскеуге шақырады, бірақ бұл шақыру оған жетпейді. Сондықтан кей үнді тарихшылары егер ол Сталинмен кездессе, үндінің сол кездегі азаттық күресі басқаша жағдайда болар ма еді деген болжамдар айтады.

Бхагат Сингх пен Сталинді бай­ланыстырған адам 1920 жылы Ташкентте құ­рылған эмиграциялық Үндістан ком­мунистік партиясының негізін қалау­шы­лардың бірі Шаукат Усмани еді.1928 жылы Усмани Коммунистік Интер­на­ционалдың VI съезіне аттан­ғалы жат­қанда, Бхагат Сингх пен оның жақын серігі Бежой Кумар Синханы өзімен бір­ге кеңес одағына баруға шақырады. Сингх­пен бірге Бежой Кумар Синха Үндіс­тан республикалық қауым­дастығының халық­аралық қаты­нас­та­ры­на жауапты бол­ды. Ол Усманидің бұл ша­қыруын өзі­нің «Кеңес одағындағы жаңа адам» кіта­бында растайды. Біз бұл ақпа­раттардан автордың кім болғанын және оның кітабына не үшін «Кеңес ода­ғын­дағы жаңа адам» деп ат қойғанын біле аламыз.

Аталған кітапты парақтағанда, оның тақырыбы, содан соң кітап болып шыққан жері бірден назар аудартады. Бұл еңбек Үндістанның Бомбей, Ахмедабад, Жаңа-Дели қалаларындағы «Халық» баспасында 1971 жылы басы­лыпты. Бүкіл кеңестік елдердің сол кездегі жағдайын жіпке тізгендей етіп жазған автор Қазақстан туралы да көрген-білгенімен бөліседі. Алғашқы сөйлемінде-ақ ол Орталық Азияға орналасқан осы мемлекеттің ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі мен мәдениеті дамып жатқанын тілге тиек етеді. Байқоңыр ғарыш айлағы тың игеру науқаны сияқты ақпараттарды да қағыс қалдырмайды. Осы тұста республикадағы қазақтардың үлесі небәрі 30 пайыз, ал орыстардың саны
42 пайыз болғанын жазады. Сөз арасында америкалық сенатор мен ерлі-зайыпты украиндықтың диалогін кірістіреді:

«Соншама бай мемлекетіңді тастап, мына шөл далаға неге келдіңдер?

– Қазақтарға көмектесейік деп келдік».

Іле-шала сөз алған украин жігіті «біз мұнда келгенде ештеңеміз болмаған, ал қазір біздің 60 мың гектар жеріміз бар. Былайша айтқанда, мұнда текке жүргеніміз жоқ». Міне, кітап иесінің осы диалогі арқылы кешегі кеңес үкіме­ті­нің қазақ жерін қалай емін-еркін пайдаланғанын түйсінеміз. Бежой осыны жазу арқылы сұрқия саясаттың аз халықтарға қандай саясат қолданып жатқанын әлемге паш еткісі келген де шығар, бәрі де мүмкін.

Ары қарай «Шілік» кеңшарында қазақ, орыс, өзбек, украин сияқты 33 ұлттың өкілі бірге жұмыс істеп жатқанын баяндай келе, бұл көпұлтты аймақта байырғы мәдениеттің әлі де сақталып, тіпті дамып келе жатқанына таңырқайды, бірақ ассимиляциялану үрдісі де жүріп жатқанын аңдайды. Оны еуропалық ерекшелікке ие орыс мәдениеті далалық қазақ мәдениетін жойып жіберуі мүмкін бе деген сұрақ жиі мазалағаны шындық. Сол сұрақтың жауабын ол өзі арнайы қатысқан Алматыда өткен Африка-Азия конференциясы делегаттарының құрметіне ұйымдастырылған эстрадалық қойылымнан іздейді. «Ең алдымен, орыс балетін көрдік, содан соң қазақтың халық биі орындалды. Тар көйлек киген орыс бишілеріне қарағанда, бүкіл денесін жауып тұратын қазақы көйлек бишілерге құп жарасыпты. Келесі кезекте КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова есімді қазақ әншісі сахнаға көтерілді. Оның тамылжыған дауысы мені ғана емес, отырған көрерменнің бәріне ұнағаны шындық. Өзі де, дауысы да әсем әншіге тәнті болудан жалықпадық. Оны сөз жоқ, «қазақтың бұлбұлы» деп атаған дұрыс болар. Осындай көңілді кештің құрметті қонағы болып отырғанымда, қасымда отырған қазақ әйелі маған Қазақ республикасының альбомын сыйға тартты. Әлгі естеліктің ішіне «Қазақ даласы мен ескерткіштерін естен шығармағайсыз» деп жазыпты. Олардың бұл сыйлығы сол сәттегі менің көңіл күйімді одан әрі көтеріп тастады» деп жазып, Бибігүл Төлегенованың суретін кітабына кірістіреді.

Осылай Алматыдағы бірінші күнін көңілді өткізген Бежой Кумар келесі күні жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне барады. «Музей десе, музей екен, өте ретті, ұқыпты орналастырылған, келген қонақтарға жазушының өмір деректері туралы шағын фильм де ұсынылады»дей келе, Мұхтар Омарханұлының әде­биеттегі орны мен биік белесі туралы өз көзқарасын оқырманға ұсынады. «Ол шығармалары арқылы туған халқының оянуы мен еркіндік пен теңдік әлеміне қарай қадам басуына жол іздеді» деген шынайы бағасын береді.

Бежойдың кітабының келесі бет­­­те­р­­інде қазақтың ән мен жырға деген тазалығы, Жамбыл Жабаев, «Қаракөз» спектаклі туралы деректер келтіреді. Алматыдағы шет тілдері институтындағы студент жастармен кездесіп, олардың болашаққа деген ұстанымы мен көзқарасын білуді көздеген ол «бір студент Толстойды сүйіп оқитынын және бірі Бальзакті, Бунинді оқып жүргенін айтты», дейді. Автордың келесі бас сұққан жері – сол кездегі «Казахстанская правда» газеті. Орыс тілінде күнделікті шығатын бұл газетте Николай Шевцов есімді редактормен кездескенін тілге тиек етеді. Алматыда өткен Махатма Гандидің ғасырлық мерейтойына байланысты іс-шарада Алматының әйгілі ғалымы, қайраткер Ишанбай Қарақұловпен қалай кездескенін әңгімелейді. «Қара­құ­лов Ганди және оның мұрасы туралы баян­­дама жасады. Содан кейін Тагордың шығар­маларын қазақ тіліне аударған бір про­фессор сөз алды. Ал мен өз сөзімде бүкіл әлемде Ганди мен Лениннің армандары орындалатын күн алыс емес екенін айт­қанымда, залда отырғандар ду қол ша­палақтады».

Осылай өз тебіренісін жасыра алма­ған ол іс-шарадан соң Қарақұловтың өзін қазақы үлгідегі киіммен келіп құшақтағанын, оның бала мінезді, ақ көңіл адам, жүзінде еш жасандылық жоқ екенін айтады. Кітаптың кейінгі беттерінде орыс ұлты мен қазақтың небір қиын күндерде, жақсылық пен машақаттарда да бірге болғанын, Гер­манияға қарсы күресте бірге соғысқа аттанғанын еске түсіреді.

Әлемде қаншама үлкен кітапхана бар, ал солардың қай бұрышында қазаққа қатысты деректер шаң басып жатқанын ешкім білмейді, бірақ оны іздеп, ғылыми айналымға салу кешегі тарихымыздың шаң басқан бетін сүртумен бірдей игілікті шаруа. 

 

Вашингтон, АҚШ