Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында заңды қатаң сақтауды, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Президент даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретініне назар аударды.
Мәселені шешу үшін жастар қанатының белсенділері мен жақтастары тарихи ескерткіштерді, табиғи саябақтар мен киелі жерлерді бұзақылық пен вандализмнің іздерінен тазартуға кірісті. «Жастар рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Ескендірованың айтуынша, бұл мәселе ғалымдар мен сарапшыларды ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отыр.
«Жақында біз «Жұмбақтас» жартасын тазартуға бардық. Ол жерде бояу тастарға өте қатты сіңіп кеткені соншалық, оларды толығымен тазалап кетіруге бірнеше ай уақыт кетеді. Тіпті адам аяғы баса бермейтін жерді де бояп тастаған, онда машықтанбаған адамға арнайы жабдықсыз көтерілу қиын. Айналаның бәрі ылғал, тастар тайғақ болғандықтан оған жету мүмкін емес. Бірақ кейбір «шебер-бояушылар» сол жерге арнайы бояу мен құралдарын алып шықты ғой. Ескерткіштерді тазарту мен сақтаудан бөлек, акциямыздың мәдени-ағартушылық миссиясы да бар. Жастар тарихты нақты мысалдармен зерттеп, сонымен бірге мәдени және табиғи мұраға жауапкершілікпен қарауды үйренеді», деді ол.
Ақерке Ескендірова жастар қанаты осы жағдайға қатысты әлеуметтік зерттеуді бастағанын айтты. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында 18 бен 50 жас аралығындағы 100-ден астам адамнан сауалдама алынған. Азаматтар вандализмге қарсы күресудің тиімділігін арттыру және оның алдын алуға қатысты түрлі ұсыныс пен идеяларын ұсынып жатыр. Зерттеу қорытындылары қажетті шешімдер қабылдау үшін Мәжіліс пен Үкіметке жолданбақ.
Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, «Amanat» фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин бұл мәселенің түп төркіні әрбір жеке тұлғаның тәрбиесі мен мәдениетіне байланысты екенін атап өтті.
«Қазақстандағы мәдени-тарихи ескерткіштерінің 60 пайызы Маңғыстау облысында орналасқан, «ашық аспан астындағы музей» деп атауға болады. Бұл көне дәуірден келе жатқан ескерткіштер. Олардың бәрі мемлекеттің қорғауына алынған, бірақ кейінгі кезде заңның әлсіздігіне байланысты көптеген қорымды темір іздейтіндер қопарып, бүлдіріп кеткен. Олар тек сол жердегі ұлттық қазынаны ұрлап қана қоймай, нысанның іргетасын да бұзады», деді ол.
Бұл ретте депутат қолданыстағы заңнамаға енгізілуі қажет өзгерістерге жеке тоқталды. «Бірінші мәселе әртүрлі нысанды қарайтын инспекторлар хаттама толтыра алмайды, оларға сол бұзып жатқан адамдарды ұстап, жауапкершілікке тартуға заңды құқық берілмеген. Екінші, Еуропада темір іздейтін құрылғы жеке адамға сатылмайды. Оны арнайы маманданған мекемелерге ғана сатып алуға рұқсат беріледі және ол лицензияланады. Біздің елімізде де солай жасауымыз керек. Бұл – біздің өткен тарихымыз. Егер тарихты сақтап қорғамасақ, онда ертең ұлттық мұрамызды жоғалтып, қайдан шыққанымыз, ата-бабамыз кім деген түпкі тарихымызды ұрпаққа жеткізе алмаймыз. Сондықтан, тек тәрбие жұмысымен айналысып қоймай, заң жағынан да әртүрлі шектеу жасауымыз керек», деді Еділ Жаңбыршин.
Мәжіліс депутаты, партия фракциясының мүшесі Сергей Пономаревтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері елімізде вандализмнің 1200-ден астам фактісі тіркелген. «Мұндай жағдай өзімнің де басымнан өтті. Ата-анам Алматыдағы зиратта жерленген. Олардың қабірін тонап қана қоймай, басқа да шойын қоршауларын сындырып, алып кеткен. Құқық қорғау органдарына жүгінгеніме қарамастан, осы әрекет үшін ешкім де жазаланған жоқ. Сонда мұны қалай істеген деп сұрадым. Шойын – бұл сынғыш металл және оны алып кету үшін көлікке тиеудің қажеті жоқ. Тек балғамен ұрып құлатады да, қапқа салып, темір қабылдау пункттеріне апарады», деді ол.
Депутат жыл басында Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне енгізілген түзетулерге сәйкес, тарихи-мәдени мұраларға, тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мемлекет қорғауындағы табиғи нысандарға жазып, бояп, суреттер салып немесе қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін өзге де іс-әрекеттермен қорлағаны үшін 50-ден 100 АЕК-ке дейін айыппұл, не түзеу жұмыстары немесе қоғамдық жұмыстарға 160 сағатқа дейін тарту немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін жеткізді.
Партиялықтар өзекті мәселеге қатысты қатаң шаралар қолдану қажет деп есептейді. Дөңгелек үстел барысында «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова вандалдар мен бұзақыларға қарсы әрекеттің халықаралық тәжірибесін мысалға келтірді. Сонымен, тарихи ескерткіштерді бүлдіргені үшін Италияда 5-тен 32 млн теңгеге дейін, Өзбекстанда – 1,2 млн теңге, Ресейде 1-ден 15 млн теңгеге дейін айыппұл қарастырылған, ал Ұлыбританияда айыппұлдың ең жоғары мөлшері мүлдем шектелмеген.
«Келтірілген зиянның ауырлығына байланысты бас бостандығынан айыру жазасы да көзделеді. Ұлыбританияда – 6 айға дейін, ал Ресейде 2 жылдан 3 жылға дейін. Бұл тұрғыда елімізде ең жеңіл жаза мен ең төмен айыппұл қолданылады. Яғни мемлекет мұндай фактілерге жұмсақ қарайды. Жаза қолданудан бөлек, кезекшілікпен күзет пункттерін қою сияқты вандализм фактілерінің алдын алуды қолға алу керек. Киелі орындардың барлығында мұндай пункттерді бірден ашу мүмкін емес екені түсінікті. Біз республикалық маңызы бар ескерткіштерден бастауды ұсынамыз. Оқушылар мен студенттерді еріктілер ретінде археологиялық экспедицияларға жиі тартқан жөн», деді ол.
Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов «Жастар рухы» бұл бағытта маңызды әрі жемісті жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Серғазы Қуандықов ғылыми зерттеулер мен экспедицияларды қаржыландырудың жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, дөңгелек үстел тақырыбы бойынша ұсынысын ортаға салды.
Еске сала кетейік, Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғауға арналған жалпы республикалық акция биыл 20 қазанда басталды. «Жастар рухының» 50-ден астам белсендісі осы бағыттағы алғашқы сенбілікті «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өткізіп, «Жұмақтас» жартасын тазалады.
Алматы облысындағы Іле өзенінің бойында орналасқан «Тамғалы-Тас» шатқалынан 10 қап қоқыс шығарылды. Қостанай облысы Мичуринск ауылында «Жастар рухы» белсенділері Ыбырай Алтынсарин кесенесінің аумағында сенбілік өткізді. Осындай іс-шаралар бүкіл ел аумағында өтіп, оған 1500-ден астам жастар қатысты, олар 500-ден астам ескерткіш пен киелі орынды тазартты.