Жолмұхан ақсақалды бір көргендер тоқсанға аяқ басқан қария дегенге сене қоймайды. Өйткені қарияның сөзі анық, қимылы ширақ. Қолынан қаламын тастамай, көзілдіріксіз оқып, жазады. Ақылман ақсақал – талай кітаптың авторы. Кейінгі кітабы осы айда жарыққа шықты. Көңілге бір қаяу салатыны – Жолмұхан атаның қазір Қарасай ауданындағы «Нұр Отау» қарт адамдарға арналған пансионатты мекен етуі. Бұл орталықта 40 қария өмір сүріп жатыр. Олардың ішіндегі ең ерекшесі – Жолмұхан ата.
Бүгінде ақсақалдың жағдайын біліп келушілердің саны үзілмейді. Әрбірін ыстық ықыласпен қабылдап, емен-жарқын әңгімесін айтудан жалыққан емес. Тіпті қария аталған пансионатта үш кітап жазып тастаған. Көптің санасында «Атамыз осындай атақ-дәрежесімен неге мұндай жерде ғұмыр кешіп жүр?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мұның себебін жазбас бұрын алдымен қарияның ғұмырнамасынан сыр шерткен дұрыс шығар.
Жолмұхан Түрікпенұлы 1934 жылы 13 шілдеде Алматы облысының Еңбекшіқазақ аудандағы Шыбыл (қазіргі Қайрат) ауылында дүниеге келген. 1948 жылы Ақши ауылындағы 7 жылдық орта мектепті үздік бітіріп, кейін оқуын Алматыдағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатында жалғастырған. Қазақтың атақты ақыны Тұманбай Молдағалиевпен тай-құлындай тебісіп бірге өскен.
1951-1957 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) физика-математика факультетінде білім алған. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін біраз жыл мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, Алматы кинотехникумының директоры сынды бірқатар қызметте істеді. 1962-1964 жылдары ҚазМУ-де психология мамандығы бойынша аспирантурада оқып, педагогика ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды. 10 жылдан аса Жоғары және орта білім беру министрлігінде ғылыми-педагогтік кадрлар даярлау бөлімін басқарды. 30 жыл уақыт аралықта Абай атындағы ҚазҰПУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де профессор лауазымында ұстаздық етті. Аталған оқу ордаларда «Үздік ұстаз», «Ғылым қайраткері», «Еңбектегі ерлігі» сынды атақтарды алды.
Жолмұхан Түрікпенұлы – еңбек жолында мыңдаған шәкіртке ұстаз атанған жан. 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы атанды. Оның ішінде 20 монография мен оқу құралы бар. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында бірнеше рет психология бойынша кәсіби біліктілігін жетілдірді. Оның осындай ұстаздық қызметі жоғары бағаға ие болып, «КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі» деген атақ берілген. Көптеген маңызы жоғары медальмен, Құрмет грамоталармен марапатталған. Сондай-ақ Жолмұхан атамыз – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының «Құрметті азаматы».
Ғұмырын ұстаздыққа арнаған Жолмұхан атаның осы жолда тыным таппай табандылық танытуы тектен-тек емес. Ұрпақ тәрбиелеу ісіне араласу – оның қанында бар қасиет. Әулетіне тікелей қатысы бар десек те болады. Әкесі Түрікпен өткен ғасырдың 20-жылдарында туған ауылында мектеп ашып, ауыл балаларының сауатын ашқан. Тіпті хат танымайтын үлкен кісілердің де алғашқы мұғалімі болған. Анасы Дариға Имашқызы болса, мектепте қызмет атқарған. Әке-шешеден бес ағайынды болса, бәрі де Жолмұхан ата сияқты ұстаздық жолды таңдаған.
Жолмұхан Түрікпенұлының отбасына тоқталар болсақ, оның тағдырдың талай сынағына сынбай, басына келген қиыншылықты көтере білген жігерлі мінезіне тәнті боласыз. Ол кісі университетте жүріп ауылдағы ақсақалдардың ақылымен 2-курс оқып жүргенде қойшының қызы Нұрымханмен шаңырақ көтерген. Екеуі Ботагөз, Айдар, Қанат есімді балаларға ата-ана атанып, бақытты өмір сүрді. Алайда жас отбасының ғұмыры ұзаққа бармады. Жолмұхан Түрікпенұлы 27 жасында өмірлік жарынан айырылды. Қолында балалары мен аурушаң шешесі қалып, соларды бағып-қағу үшін тұрмыс тауқыметін кешті.
«Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» демекші, Жолмұхан атамыз біраз жүріп, екінші рет отбасын құрды. Роза есімді қызды жолықтырып, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешті. Дүниеге келген Жаннасы мен Сәулесі олардың көзқуаныштарына айналғанымен, жұбайы Роза екеуінің көңіл жарастығы біраз уақыттан кейін үзілді. 25 жыл ерлі-зайыпты атанғанымен, олар заңды түрде ажырасуды дұрыс көріпті.
Жолмұхан атаның өмірінде мұндай аласапыран кезеңді өзінен басқа жан баласының түсінуі қиын. 2015 жылы ұлы Айдар өмірден өтсе, биыл қызы Ботагөз бақилық болды.
Жалпы, Жолмұхан ата ұл-қыздарының қызығын көріп, олардан 20-дан аса немере-шөбере сүйіп отыр. Қазіргі таңда Қанаты өз шаруасымен айналысып, тіршілік кешіп келеді. Қыздары Жанна мен Сәуле әкесі сияқты педагог атанып, Астана қаласында еңбек етіп жатыр.
Атақ пен дәрежесі бір басына жетіп артылатын, тәрбие берген ұл-қыздары бар ақсақалдың пансионатта өмір сүруі – Жолмұхан атаның өз шешімі. Қарияның басынан өткені – ешкім түсіне бермейтін трагедия. Мұны қазыналы қария әңгіме барысында күрсініспен жеткізді. Ал Жолмұхан атаның осы орталыққа жол тауып келгенін «Нұр Отау» пансионаттың басшысы Галина Бурматова ерекше еске алып, қызық жайттарымен бөлісті.
– Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын мен Алматыдағы қарияларға арналған пансионатты басқарған едім. Содан бір күні атамыз келді. Үстінде қымбат костюмі бар. Сұңғақ бойлы, келбеті келіскен, сондай көз тартарлық болды. «Сіз бізге келдіңіз бе?» деп басында таңғалып сұрадым қалжыңдап. Одан кейін біраз әңгімелестік. Атамыз менің телефон нөмірімді жазып алып кетті. Кейін мен ол қоғамдық орталықтан кеттім. Біраз уақыттан кейін пансионатты Қаскелеңде аштым. Атамыз 10 жылдан кейін мені қайта тауып алып, осында келгісі келетінін айтты. Басында оның баласы «барлаушы» адамдай біздің орталықты көріп кеткен. Оны кейін түсіндім. Сөйтіп, Жолмұхан қария былтыр келді. Баласы қарсы болғанымен, атамыз осында қалуды жөн санады. Бүгінде жағдайы жақсы. Ол кісіге өзі сияқты ғалым адамдар үзбей келіп тұрады, – дейді Галина Камалқызы.
Қазыналы қарияның бұл пансионатта алаңсыз ғұмыр кешіп жатқанына бір жылдан асыпты. Ақсақалмен әңгімелесу кезінде көңіліне қаяу түсірмей, мұнда тұруының себебін жұқалап сұрап көрдік.
– Немерем де, қызым да алып кетем деп жиі айтады. Бірақ менің жағдайымды ел түсіне бермейді ғой. Бұл – менің жеке басымдағы трагедия. Әрине, балаларым ұялады. Мен Астанада қызымның қолында тұрып көрдім. Алайда бөтен жерде жан тыныштығын таба алмадым. Оның үстіне ағайын-туысым, таныстарым, ескі әріптестерім, барлығы осы жерде дегендей. Жағдайымды сұрап әлі де келіп тұрады. Ашығын айтқанда, балаларыма салмақ салғым келмейді. Күндіз жұмысын істеген адам түнде демалу керек қой. Ал менің мазам түн ортасында қашады. Неше түрлі жағдайлар болады. Жедел жәрдем шақыруға тура келеді. Осындай сәтте оларға қиындық туғызғым келмейді. Сондықтан осы жерге өз еркіммен келуге бел байладым. Мына жерде қарным тоқ, киімім бүтін. Айтар шағымым жоқ. Қарайтын күтуші бар. Осында жүріп үш кітабым жарыққа шықты. Жаным тыныш. Алда не боларын білмеймін, бәрін уақыт көрсетер, – деп ақсақал өткен-кеткенді еске алды.
Жолмұхан атаның айтуынша, демалыс күндері немерелері алып кетіп тұрады. Қыдыртып, естелікке фотоға түседі екен. Біз барғанымызда қыздарымен, немерелерімен түскен суреттерін телефонынан көрсетіп, мәз болды. Келесі жылы атамыз мерейлі 90 жасқа келеді. Қолынан қаламын тастамайтын қарияның көрер қызығы таусылмасын дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы