Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Біз цифрлы әлеуметке қадам басқалы әлеуметтік желілердің ленталарында, WhatsApp хабарламаларда, телеграм-арналардағы посттарда, YouTube пен ТikТок-тағы бейнежазбаларда ақпарат ағыны тым көп. Ал ақпараттық ортада нақты болған жағдайларды ойдан шығарылғандардан ажырату оңай емес. Қара халық, әдетте, мәліметтің оң-терісін, дұрыс-бұрысын тексеріп жатпайды. Осы ретте «Stopfake.kz» сайты желінің отандық сегментінде жалған ақпараттың таралуын тоқтату және жалпы түсінбеушілік пен қате түсінік деңгейін төмендету, оқырмандарға сыни ойлаудың маңыздылығын еске түсіру және фейктердің қалай және не үшін жасалатынын түсіндіру бағытында жұмыс істеп келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, интернет порталға алғашқы материал 2020 жылдың шілдесінде жарияланған екен.
«Біздің жоба коронавирус пандемиясы кезінде қолға алынды. Ол кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат көбейіп, отандастарымыз арасында белсенді таралған еді. «Stopfake.kz» сайты осы инфодемиямен күресу, оқырмандарға дәлелденген деректерді ұсынып, фейк ақпараттарды жедел және дәйекті түрде жоққа шығару үшін құрылды. Ақпаратты тексерген кезде біз бастапқы дереккөзді анықтаймыз, ғылыми зерттеулерді қараймыз, фото және видео материалдардың түпнұсқалығын тексереміз. Сондай-ақ сауал жолдап, сараптамалық және ресми пікірлерді, оның ішінде мемлекеттік органдар өкілдерінің дәйексөздерін келтіреміз. Үш жылдан астам уақыт ішінде біз Қазнетте тараған мыңдаған хабарламаның шынайылығын тексердік. Алғашқы ақпарат – карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты халық арасында 75 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленетіні туралы жалған ақпаратты терістеу болды», деді «Stopfake.kz» жобасының кураторы Айбек Күмісбеков.
Мамандар соңғы рет Telegram-да елді дүрліктірген «Адамдарды цифрлық көміртегі төлқұжаттарымен бақылайды» деген ақпаратты теріске шығарды. Жарияланымда биыл қазан айының басында «Intrepid Travel» компаниясы «The Future Laboratory» болжам жасау агенттігімен бірлесіп, есеп дайындағанын көрсетеді. Бұл мәлімет көптеген шетелдік ақпарат сайтына тарап үлгереді. Туристік компанияның пайымдауынша, болашақта саяхатшылар үшін көміртегі төлқұжаттары енгізілуі мүмкін. Онда көмірқышқыл газын шығарудың жылдық лимиті көрсетіледі-мыс. Нәтижесінде, мұндай құжаттар қозғалысты шектейді. Сонымен қатар жаһандық жылынуға байланысты саяхат картасы да өзгереді екен. Бірақ бұл болжам ғана деп берген. Шын мәнінде, фактчекерлер мұндай көміртегі төлқұжаттарын жасап, енгізу бойынша ресми мәлімдемелер немесе жобалар жоқ екенін анықтады.
Сондай-ақ сайтта сарапшылармен сұхбаттар, желідегі алаяқтардың құрбанына айналмау туралы түсіндірме материалдар және жалған жаңалықтарды тануға қатысты нұсқаулар жарияланады. Сайт өкілі әлеуметтік желілерде немесе БАҚ-та жарияланған кез келген ақпараттық хабарламаның сенімділігіне күмән болған жағдайда, оны порталдан тексеріп көруге кеңес береді.
«Шындықты өтіріктен ажырата білу – ақпараттық сауаттылықтың бір белгісі. Жалған жаңалықты тану үшін алдымен автордың кім немесе қандай ұйым екенін білу керек. Хабарламада нақты дереккөзге сілтеменің болуына немесе сілтеменің кімге жасалғанына назар аудару керек. Көбіне фейктер анонимді түрде таратылады. Немесе ақпарат көзі туралы өте түсініксіз жазылады, оқиғаның қайда болғаны, орны мен күні көрсетілмейді. Хабарламаға қарап, онда не жазылғанын дерек пе, пікір ме, соны анықтаңыз. Фейк белгілерінің бірі – оның тақырыбы айқайлап тұрады, оны одан әрі таратуға шақырады. Жалған хабарламалардың көпшілігі оқырманды берілген сілтеме бойынша өтуге итермелеу үшін жасалған жарнамалар немесе алаяқтық хабарландырулар. Сыни ойлауды дамытып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратпас бұрын ақпаратты тексеру қажет. Мұның бәрі смартфон мен интернеті бар кез келген адамға оңай әрі қолжетімді. Фотосуреттер мен бейнежазбаларды верификациялауға іздеу жүйелеріндегі кескінді кері іздеу қызметі көмектеседі. Қазіргі уақытта суреттің жасанды интеллект арқылы немесе адамның қолымен жасалғанын анықтайтын сайттар бар», деді А.Күмісбеков.