Бүгінде қалада жылу тарифін өсіру бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жоба қызу талқыланып жатыр. Жуықта өткен қоғамдық тыңдауда «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-ның өкілдері келер жылы тарифті күрт өсіріп, одан арғы жылдары баға қарқынын біраз баяулатамыз деп баяндады. Бұл жердегі ең әуелгі мәселе – кәсіпорыннан босатылатын орташа тарифтің құнын арттыру. Яғни тариф 1 Гкал жылу үшін қазір 5 579,55 теңге тұрса, ал келер жылы 13 911,98 теңгеге жетуі мүмкін. Есептесек, тарифтің өсімі 149 пайызға бірақ шырқамақ.
Ал есептегіш құрал орнатылған үйлер 60 пайызға көбірек төлейді. Бұл жердегі тариф 1 Гкал үшін 1 807,89 теңгеден 2 960,27 теңгеге өседі деп күтіліп отыр. Бизнес нысандары қазіргі 8 393,68 теңгенің орнына 9 550,30 теңге төлемек. Тарифтің ең ауыр салмағы бюджеттік ұйымдарға тиесілі: бүгінде мекемелер 25 921,46 теңге төлеп тұрған болса, 2024 жылға арналған жоба бойынша әр гигокалория үшін 117 467,49 теңге шығындалмақ. Әрі бұл есептегіш құрал қойылған жағдайда ғана. Егер ғимараттарда ондай мүмкіндік қарастырылмаса, тариф құны 1 Гкал үшін 180 мың теңгеге көтеріледі деп отыр монополистер.
Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Арман Әмірғалинның айтуынша, бюджеттік мекемелерге қарастырылған тариф жүктемесі мемлекеттің әлеумет алдындағы жауапкершілігіне салмақ түсіруі мүмкін. «Жылу кәсіпорнының қалтасына миллиондап құйылатын бұл қаражаттарды біз әлеуметтік мұқтаждықтарға жаратуға тиіспіз. Тарифті өсіру туралы әңгіме қозғаудың өзі әлі ертерек сияқты. Себебі шаһар қысқа жылыту маусымына толық дайын емес, көп үйлерде жылу жүйесі теңестірілмеді. Біз әуелі жылу беретін кәсіпорынның жұмысындағы нәтижелерді көруіміз керек. Содан соң ғана тариф мәселесін талқыласақ болады», дейді ол.
Алайда «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-ның басшылығы келер жылдан тарифті өсірмесек, орталықтың жағдайы тіпті мүшкіл болады деп отыр. Дәлел ретінде көмір бағасының қымбаттап жатқанын, кадрлардың тұрақтамаушылығы 25 пайызға жеткенін келтіреді. Әрі қызметкерлердің еңбекақысын жедел түрде көтеру керек. Былтырғы төтенше оқиға кәсіпорындағы құрал-жабдықтарды жаңалап, олардың жұмысын нықтай түсу керек екенін айқын аңғартты. Өткен жазда ЖЭО-дағы жабдықтарды жөндеуге аз қаражат құйылған жоқ. Десе де кәсіпорын қыста кідіріссіз қызмет көрсетуі үшін алдағы уақытта да жөндеу іс-шаралары үзбей жүргізілуі қажет. Сондықтан болашақ тариф сметасында жөндеуге 3,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл жөндеуге жұмсалатын шығындардың үштен бірі ғана көрінеді.
– Біздің қазіргі шығындарымыздың көбеюіне уәкілетті органдардың тарифті тежеп келуі себепші. Стансаның техникалық ресурсы төмендеп кетті. «Екібастұз жылу-энерго» жыл сайын қоғамдық тыңдаулар өткізгенде тұтынушылардан проблемаларға мұқият назар аударып, тарифті өсіруге келісуді сұрап келді. Алайда көпшілік те, меморгандар да біздің ұсынысымызды қабылдамады. Биыл жазда жүргізілген жөндеудің нәтижесінде жабдықтардағы тозу көрсеткіші 43,7 пайыздан 38,3 пайызға дейін төмендеді. Келер жылы қазандық агрегаттарын жөндеу жалғаса береді. Ал жылу желілеріндегі тозу 90 пайызды құрап отырған уақытта біз жылу параметрлерін шектен тыс көтеруден қорқамыз. Кез келген уақытта былтырғыдай кең ауқымды зақымдар пайда болуы мүмкін. Алдағы 10 жыл ішінде шамамен 35 шақырым желіні күрделі жөндеу қажет. Мұның барлығы өте көп қаражатты қажет етеді, – деп түсіндіруге тырысты стансаның бас директорының міндетін атқарушы Анатолий Моисей.
Жергілікті бизнес өкілдері тарифтің көтерілуіне үзілді-кесілді қарсылық танытып жатыр. Айтуынша, көптеген бизнес және өндірістік нысандарда жылудың тиісті параметрлері жеткіліксіз. Сапалы жылу жоқ. Есептегіш құралда жылудың температурасы небәрі +48 градусты көрсетіп отыр. Шын мәнінде, бұл көрсеткіш +55 градус болуға тиіс еді. Сондықтан барлық тораптағы тұтынушылар сапалы жылуға қол жеткізбейінше тарифті өсіру туралы мәселені көтерудің қисыны жоқ деп есептейді.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов жаңа тарифтік жоба қараша айының соңына дейін талқыланатынын ескертті. Нақты шешім тұтынушылар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектерді назарға ала отырып қабылданбақ.
Екібастұз қаласының тұрғыны, мүлік иелері республикалық бірлестігінің басқарушы директоры Александр Разумовский қаладағы көпқабатты үйлердегі жылу желілері жазда толыққанды шайылған жоқ деп есептейді. Себебі қазіргі жылу тасымалдағыштар мамандар айтқандай стансадан қалыпты шыққанымен үй орамдарына жеткенде төмендеп кетеді. «ПИК-тер мен басқарушы компаниялар өкілдері келтіріп отырған цифрлар мүлде шындыққа сәйкес келмейді, менің есебімше жылу құбырларының 50 пайызы дұрыс шайылған жоқ. Ендеше, алдағы қыста көпқабатты үйлер қауіпті аймақта қала бермек. Қазіргі күні жергілікті мемлекеттік органдар көпқабатты баспаналардағы санитарлық нормаларды да назардан шығарып алды. Жертөлелердің жағдайы адам шошырлық», дейді тұтынушы.
Айтып өтейік, «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС «ОАЭК» АҚ-ның құрамына енеді. Екібастұз қаласы бойынша стансаның 50 мыңнан аса тұтынушысы бар. Оның 49,5 мыңы – жеке азаматтар. Былтырғы апаттан кейін стансадағы бірнеше жылыту агрегаты мен жылу желілерінің жартысы жергілікті атқарушы биліктің меншігіне берілгені мәлім.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы