Суретті түсірген – Руслан Кадыров
Алайда биыл егінге орақ мерзімінен бір ай кеш түсті. Енді қыс жақындағанда дәнді кептіру оңай іс емес. Ал зауыт ылғал өнімнің бағасын әдеттегідей арзандатып алады. Оның үстіне бүгінде килосы 80 теңгені құрап отыр. Бұл қаржы пайда әкелмек тұрмақ, шығынды толық жаппайды да.
Иә, биыл панфиловтік шағын шаруалардың жайы мәз емес. Өнім мол болғанымен ауа райының қолайсыздығы егіншілердің еңсесін түсіріп отыр. Қазір қырман біткеннің басы үйілме-үйілме сары алтынға толып жатыр. Қазан айы жаңбырлы болып әбігерге салып еді, енді қараша келіп қаһарына міне бастады. Соған қарамастан жанкешті жұмыстың нәтижесінде өткен айда 15 мың гектардан астам өнім қырманға құйылды. Бұл – ауданда өсірілген барлық жүгері алқабының жартысына жетер-жетпес көрсеткіш. Көктемнің салқыны мен таудан келетін қар суының жылдағыдан азайғаны кедергі келтіргендіктен шаруалар егінін әдеттегіден кеш еккен. Сондықтан өнім қазан айында ғана пісті. Енді жапатармағай жинайын десе ауданда техника күші аз. Шаруалар арнайы жинайтын комбайнға кезекке тұрып, уақытын өлтіріп жүр.
«Жүгіре пісті, енді жинайын десек, техника жоқ, күтіп отырмыз. Күннің райы құбылып тұр, жүгеріні толық кептіре алмаймыз-ау. Біз жерді жалға алып еккендіктен, қолымызда ешқандай күш жоқ. Ірі қожалықтарда арнайы кептіретін құрылғы болады, оны алу да үлкен шығын. Оның үстіне биыл баға өте төмен. Кеткен ақшамызды ақтай алмаймыз ба деп уайымдап отырмын. Былтыр баға жақсы болып еді, биыл түсініксіз», дейді жүгеріші Халил Алимұлы.
Техника демекші, биылғы науқандық жұмысқа аудан бойынша жалпы 90-ға жуық жүгері оратын комбайн қатысады. Оның жартысына жуығы алқаптан дәнді бірден уатып жинайтын әмбебап комбайн, 600-ден астам трактор, мыңнан астам тіркеме әзірленген. Егіншілер биыл да бірқатар жаңа техника сатып алған. Өткен тоғыз айда ауданда жаңадан жалпы құны 925,2 млн теңге тұратын 62 техника алынды. Дегенмен бұл техника саны жүздеген шаруаға шаққанда түк емес. Кейбір кәсіпкерлер кезегін апталап күтетінін айтады.
Қараңыз, шикізатты алатын «Крахмал-сірне» зауыты уатылған дәнді 15 пайыз ылғалдылығымен 80 теңгеден алмақшы. Ал ылғалдылық одан жоғары болса, баға да төмендей бермекші. Өкінішке қарай, әр тоннадан 80 мың таптым дегеннің өзінде шаруаның егін егіп, өсіруге жұмсаған шығынын бұл қаржы толық жаппайды. Былтыр баға 120 теңгені құраған. Оның өзі ақтамайтын болғандықтан, кейбір шаруалар көктемде сатпақшы болып, тұтынушы таппаған еді. Соны ойлаған егіншілер қазір собықты жүгері өнімінің килосын 50-60 теңгеден қырмандардан сатады. Мәселенің төркіні биыл Ресейден біздің елге бидай мен жүгерінің көптеп кіріп, бағаны түсіргенінде болып тұр.
Ал кейбір үлкен қожалықтардың көңілі тоқ. Әлеуеті мықты болғандықтан, ауа райының кедергісіне көп алаңдамайды. Мәселен, «Айгерім» шаруа қожалығын алып қарайықшы. Егіс алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізудің нәтижесінде жүгерінің өнімділігін екі есе арттырған. Тіпті екі жылдың ішінде 156 гектар жерге ылғал сақтау технологиясын енгізіп, оған жалпы сомасы 270 млн теңге инвестиция құйған. Бұған дейін жүгерінің әр гектарынан 70 центнерден өнім жинаса, тамшылатып суаруды қолданудың нәтижесінде әр гектарына 150 центнерге дейін өнім алып отыр.
«Айгерім» шаруа қожалығының басшысы Ұлан Сарпековтің айтуынша, ол жүгері өсірумен 11 жылдан бері айналысып келеді.
«Шаруашылықта мал азығына және тұқымға арналған жүгері түрлерін, сол сияқты попкорн жүгерісін өсіреміз. Жүгері өсіруде ылғалды сақтау технологиясын енгізудің маңызы зор. Осы ретте 2022 жылы алдымен 55 гектарға тамшылатып суару жүйесін енгізіп, әр гектарынан 150 центнерге дейін өнім жинадық. Биыл тағы 101 гектарға осындай құрылғылар қойдық. Бұл ретте су үнемдеу технологиясын орнатуға жұмсалған шығынның бір бөлігі мемлекеттен субсидияланатыны едәуір көмек. Қазір күзгі жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Өнімділік былтырғы шамада болады деп жоспарлап отырмыз», дейді Ұ.Сарпеков.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, тамшылатып суарудың израильдік технологиясын алматылық «Ирригатор Казахстан» ЖШС орнатқан және осы компания жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне тиісті сүйемелдеу жасап келеді. Сонымен қатар компания мамандары сусорғы стансасында қалай жұмыс істеу керектігін шаруашылықтағы екі жұмысшыға арнайы үйретті. Қожалықта жүгері шаруашылығымен қатар, қазақтың биязы жүнді қойын өсіру жолға қойылған. Бүгінде шаруашылықта 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 40-қа жуықтайды.
Жалпы, Жаркент өңірінде жүгеріні кептіру, сақтау және өткізу мәселесі де өзекті. Бұдан бірнеше жыл бұрын шаруалардың өтінішіне орай Пенжім ауылында облыс әкімдігінің қолдауымен жүгеріге арналған 2 қырман салынған болатын. Екеуі де бүгінгі күні халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Жалпы, бірінші қырманда бір ауысымда 1200 тонна, ал екінші қырманда бір ауысымда 1500 тонна дән кептіріледі. Сол сияқты «Оразбаев Б.З.» шаруа қожалығы өткен жылы тәулігіне 800 тонна дән кептіретін, сыйымдылығы 10 мың тонналық жүгері кептіру және сақтау зауытын салған болатын. Бұл нысанның өңір шаруашылықтары үшін де тиімділігі мол болды. Шаруашылық басшысы Берік Оразбаевтың айтуынша, қоймада 2022 жылы 5 мың тоннаға жуық жүгері дәні сақталған. Биыл да жұмыс қарқыны одан кем болмайды. Зауытта 25 адам жұмыс істейді.
Аудан әкімі Марат Сағынбектің сөзіне қарағанда, бүгінгі күнде ауданда 30 мың тоннадай өнім жүгері өңдеу кәсіпорнына өткізілген. Шаруалар өнімдерін негізінен Жаркент крахмал-сірне зауытына тапсырады. Ал жалпы ауданда 4 мыңға жуық шаруашылық жүгері өсірумен айналысады.
«Әлемдік нарықтағы бағаларға сәйкес бүгінгі күні жүгері ылғалдылық деңгейіне қарай 70-80 теңгенің арасында бағаланады. Бұл өткен жылғы құнынан едәуір төмен. Сондықтан біз қазір жүгеріні белгілі бір көлемде Қытай нарығына да лайықты бағада өткізу туралы келісімдер жасауды жоспарлап отырмыз», дейді аудан әкімі М.Сағымбек. Бұл ретте ол жүгері өсірушілерге зауытқа өткізген өнімінің әр тоннасына 6 мың теңгеден субсидия беріліп отырғанын да атап өтті.
Айта кетейік, биыл Жетісу көлемінде 57 мың гектарға жүгері себілсе, соның 47 пайызы – Панфилов ауданының үлесінде. Бүгінгі күнге жетісулық шаруалар 32,3 мың гектарды жинап алды. Облыс көлемінде жүгерінің орташа шығымы 63,3 центнерден айналса, бұл көрсеткіш Панфилов ауданында 66,1 центнерден келіп отыр. Панфилов аудандық әкімдігінің мәліметінше, аудан биыл 180 мың тонна жүгері жинауды жоспарлаған. Мұнда әзірге жүгері алқабының 13,2 мың гектары жиналыпты.
Жетісу облысы