Қазақстан • 08 Қараша, 2023

Астана әуежайын БАӘ компаниясы басқаратын болды

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана халықаралық әуежайы инвестор Terminals Holding компаниясымен бірлескен жұмысты бастады, деп хабарлайды Egemen.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана әуежайын БАӘ компаниясы басқаратын болды

Фото: ашық дереккөз

Қабылданған шешімнің негізгі мақсаты - Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту, инвестиция құю арқылы ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуден өткізу, жүк терминалының қуаттылығын және жолаушылар ағынын арттыру.

«Бұл Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағында сағатына 20 ұшу және қону операциясын орындауға мүмкіндік береді. Ал жүк терминалының аумағы 3,3 мың шаршы метр болады. Астана халықаралық әуежайы жылына 11 мың тонна жүкті қабылдау және жөнелту жұмысын жүргізіп келеді», делінген хабарламада.

Осы тұста ортақ келісім әзірге 1 жылға қарастырылғанын айта кету керек.

«Бір жыл көлемінде инвестор Астана әуежайының әлеуетін зерделеп, мүмкіндіктерін қарастырады. Содан кейін нақты инвестиция көлемі мен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасу мәселесі қарастырылады», дейді әуежай өкілдері.

Terminals Holding-пен ынтымақтастық туралы келісімге 18 қазанда Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына сапары барысында қол қойылды.