Достықты жалау еткен жарысқа облыстық «Saryarqa» телеарнасы мен «Бірінші Қарағанды» телеарнасы, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі және журналистика кафедрасының ұстаздарынан жасақталған команда қатысты.
Команда жетекшілерімен тартылған жеребе бойынша алаңға «Saryarqa» телеарнасы мен «Бірінші Қарағанды» телеарнасының командасы шықты. Екі команда да доп соғуға әбден әккіленген журналистер бар екен. Дегенмен «Бірінші Қарағандыдағы» қыз-жігіттер 2:0 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Журналистика кафедрасы мен «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің командасының ойыны да тартысты өрбіді. Екі командада күнделікті спортпен шұғылданып жүрген шымыр ойыншылар бар. Бірінші кездесуде медиахолдинг жеңіске жетті.
Екінші кезеңде де «Saryarqa Aqparat» есепте алға әжептәуір ұзап кеткен еді. Бірақ кафедрадағылар ойын соңында жинақталып алып, басым түсті. Жалпы есеп 1:1 болды. Қорытынды кездесуде әбден волейбол ойынына машықтанып алған журналистика кафедрасының командасы айқын жеңіске жетті.
Ақтық кезеңде журналистика кафедрасы «Бірінші Қарағанды» командасын да ұтып алды. Ал «Saryarqa Aqparat» телеарналық әріптестерін екі кезеңде де жеңіп, жүлделі орыннан көрінді. Бұл турнирдің басты мақсаты – достықты ту ету. Әріптестікті әрмен қарай нығайту.
– Бұл алаңда қарсылас жоқ. Бәріміз – әріптеспіз, доспыз. Қызмет барысында ғана емес, осындай спорттық шараларда да бас қосайық. Спорт – адамдарды бір-біріне жақындастырады. Өзара байланысты, ауызбіршілікті күшейтеді. Әрдайым спортпен шұғылданып, сергек жүрейік. Достығымыз жасай берсін, – деді филология факультетінің деканы Елдос Түйте.
Қарсыластарын тәжірибелі ойынымен таң қылған алаң иелері жол берді. Кубоктерін «Бірінші Қарағанды» командасына табыстады. Сөйтіп, 2-орын «Saryarqa Aqparat» медиахолдингіне, 3-орын «Saryarqa» телеарнасына бұйырды. Журналистер де бір мезгіл микрофонын, қаламын, диктофонын қойып, бой жазып қалды. Ұйымдастырушылар осы турнирді дәстүрге айналдыратындарын және жеткізді.
ҚАРАҒАНДЫ