Форум • 09 Қараша, 2023

«RoboLand 2023»: Оқушылардың ой жарысы

209 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағандыда «RoboLand 2023» VIII ауқымды форумы биыл сегізінші мәрте өтті. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузиядан өрен жүйріктер келді. Фестивальдың финалының өзіне 300-ге жуық команда қатысып, жеңіс жерлестеріміздің еншісінде қалды.

«RoboLand 2023»: Оқушылардың ой жарысы

«Robоland» фестивалі Қарағандыда 2015 жылдан бері өтіп келеді. Бүгінгі күні дәстүрге айналған. 2016 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Осы уақытқа дейін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Сербия, Польша, Италия, Грекиядан келген жас техника білгірлері өнер көрсеткен еді. Жыл өткен сайын фестивальдың да ауқымы кеңейіп жатыр.

Биылғы фетивальдың өзгешелігі сол, жасөспірімдермен қатар педагогтер де қатысты. Мұғалімдер Robоland Kazakhstan санатында өз шеберліктерін көрсетті.

Павлодардан келген «Сатурн» ро­бо­т­техника мектебінің 2-сынып оқу­шысы «Болашақтың мектебін» ой­лап тауыпты. «Біздің мектеп мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Олар са­баққа лифтімен көтерілу арқылы бара алады», дейді Қайсар Қайыржанов.

Өскеменнен жетекшісімен келген Шыңғыс Мұхамедхановтың «Робот Валли реттеуші» жобасы мектептен үйіне кешқұрым қайтатын балаларға арналған. «Валли кеш батқанда жарық жағып, көлікті тоқтатады. Егер көлік қатты келе жатса, ал бала жолдан өтіп бара жатса, Валли дереу жолға шығып, жарық жағады. Ол көліктің келе жатқанын алыстан сезеді. Жол-көлік апатынан сақтайды», дейді Ш.Мұхамедханов. 

Ал RoboLand-2023 көрмесіне Біш­кектен келген 18 жастағы Ринат Советқанов «жеті жылдан астам роботтехникамен айналысып келемін, өнертабысқа деген сүйіспеншілікті оятып, соңында бағдарламалау және 3D модельдеу жобаларына қатыстым» дейді. Фестивальдың іріктеуіне 1 100-ден аса команда қатысқан. Финалдың өзінде алты елдің 300-ден астам командасы бақ сынады.

Дәстүрге айналған фестиваль­дың төрешілер тобын Халықаралық спорттық және білім беру роботтехникасы қауымдастығының президенті Максим Васильев басқарады.

– Жыл сайын фестивальдың ауқымы артып келеді. «RoboLand» әр­­түрлі елдердің роботтехникалық шы­ғармашылығының серіктестерін біріктіреді. Мұндай фестивальдарда жеңіс емес, қатысу маңызды. Негізгі сыйлық – бұл жерде балалардың алатын білімі. Олар тәжірибе алмасады, басқа қатысушылардың жұмыста­рын, техникалық тәсілдерін көреді. Леонардо да Винчи картиналармен қатар, тікұшақтың прототиптерін және басқа да техникалық өнертабыстарды жасады. Бұл да – шығармашылық. Ол тек әдемі технологияны ғана емес, оңтайлы жұмыс істейтін ұтымды технологияны жасауға бағытталды, – дейді бас төреші.

«RoboLand-2023» көрмесіне кел­ген шетелдік қонақтар қата­рында Португалиядағы Минхо универ­си­тетінің өкілі, профессор Фернандо Рибейро да бар.

– Жас қатысушылардың робот­тех­никаға құмар болуы – маңызды. Олар жас болғанымен, не қалайтында­рын біліп, соған қуанатыны жақсы. Осындай фестивальдар арқылы өскелең ұрпаққа көңіл бөлінеді. Өйткені олар – біздің болашағымыз. Басқа елдерде техникалық саланың қалай дамып жатқаны мені үнемі қызықтырады. Біз елімізде осы бағыттағы білім беру жобаларына балаларды қызықтыруға тырысамыз. Қазіргі таңда RoboParty ұйымдастырудамыз, – дейді Ф.Рибейро.

 Жоғарыда атап өткеніміздей, «Robo­Land 2023» халықаралық фестива­ліндегі жалпы командалық есепте қарағандылық өрендер жеңіске жетті. Екінші орын Өзбекстан еліне бұйырса, Маңғыстау облысының оқушылары үшінші орын иеленді.

Соңғы сайыста «Дарын» мектебінің «Нақты әлемдегі STEM технологиялар» мен «Ақпараттық технологиялар» мектебінің «Роботтарман шоуы» үздік танылды. Шахтинск қаласындағы Оқушылар сарайының  «Робогеометрия (2-деңгей)» жобасы Р.Қошқарбаев атындағы орта мектеп (Нұра ауданы) оқушыларының «Су роботтарының лабиринті» ерекше көзге түсті. №12 негізгі мектеп пен (Осакаров ауданы) №20 мектеп-лицейінің  (Теміртау қаласы) «3D прототипі (2-деңгей)» жобалары да озық үлгілер қатарынан көрінді.

Жеңімпаздарға диплом, мерей­тойлық медаль және AITAS қазақ­стандық холдингінен жаңа заманауи смартфон табысталды.

 

Қарағанды облысы