Қабдыкәрім Ыдырысов 1928 жылы Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Өтес («Жаңа ұйым» ұжымшары) ауылында дүниеге келген. Тағдырдың жазуы сол, 9 жасында әкесі «халық жауы» деген жаламен ұсталып кете барады. Тұстастары секілді, Қабдыкәрім соғыс жылдарындағы тауқыметті көріп, тез есейеді. Өзінің жазуынша, соғыс уақытында үлкендердің көңілін аулау мақсатында домбыра тартуды үйреніп, әнші бала атанған. Тіпті облыстық сауыққойлар олимпиадасында 1944 жылы атақты Естай ақынмен жарысқа түсіп, жүлделі екінші орын алған. Сірә, Қабеңнің өз жанынан өлең шығару қабілеті де сол кезде оянған. Бала кезінде Иманқұл атты ауыл қариясының батырлар жырын оқуға баулуы да үлкен әсер еткені анық. Одан кейін жасөспірім шақта Иса, Естай, Құдайберген ақындардың әсері зор болғанын өзі өмірбаянында жазған. Десе де, Қабеңнің шығармашылық өмірінде жыр жампозы, Халық жазушысы Қалижан Бекқожиннің орны бөлек екені даусыз. Қабдыкәрім Ыдырысовтың ақын болып қалыптасуы, Алматыдағы қаламгерлер ортасында жарқырап жүріп, жайнап өсуі – бәрі-бәрі Қалекеңнің қамқорлығынан. Оны өзі ғана емес, ақынның анасы Жекен де «осы күніміз үшін Қалижан балама қарыздармыз» деп бір ауыз сөзімен түйіп айтқаны бар.
Қош, сонымен біз бүгінгі мақаламызда Ертістің жағасында, шағыл құмның үстінде өскен қос ақын Қалижан Бекқожин мен Қабдыкәрім Ыдырысовтың бауырластығы туралы кеңінен әңгіме өрбітпекпіз.
Әлқисса, Қ.Ыдырысов 1978 жылы жарық көрген «Таңдамалы» (Алматы, «Жазушы») жыр жинағында кіріспе сөзін өзі жазып, былай дейді: «Бірде Кереку қазақтары «Қалаға Қалижан ақын келіпті» деп шу ете қалды. Сонша болмай ертеңінде Қалижан Бекқожиннің бір топ өлеңі «Қызыл ту» газетінің бетінде жарқ етті...
«Керекуім, сенің ақын ұлыңмын,
Бесігісің сен – балалық жырымның.
Жат қаланың алтын-гауһар тасынан
Артық көрем қиыршығын құмыңның», – деп ақын жалындап тұр. Жауынгер ақынның туған жеріне соғыстан кейін ең алғаш оралып тұрған беті. От шарпыған денесін ақ Ертісіне түсіп, жуғысы келеді, оқ салған жарасын туған даласының салқын самалына сипатқысы келеді. Бәрі де жылы, бәрі де сұлу жолдар! Эх, шіркін, мен де ақын болып туған жеріме деген перзенттік асыл сезімімді дәл осылай жеткізе алсам! Адуынды азамат ақынның биік еңселі, кең құлашты сол өлеңдері маған кереметтей әсер етті. Мен газеттегі өлеңдерді қайта-қайта оқи бердім», деп еске алады.
Қалижан Бекқожин бұл кезде атағы бүкіл Қазақстанға, тіпті кеңес одағына мәлім қаламгер-тұғын. Жұбайы Зайда апайымыздың әңгімелеуінше, Баянауылдың Қызылтау жерінен әкесі балаларымды оқытам деп Керекуге көшіп келгенде, үш жасар бала екен. Әуелде арабша діни, кейін орысша кеңестік білім алады. 1934 жылы ел астанасы Алматыда Жазушылар одағының бірінші съезі болған. Сонда Семей – Павлодар өңірінен бір топ ақын-жазушы қатысады. Топты басқарып барған Рахым Уәлиев деген кісі Қалекеңді Сәкен Сейфуллинмен таныстырады. Сонда Сәкен: «Әкең ақын еді, әкеңе тартқан өнерің бар ма?» деп сұрайды. Қалижан қысылып: «аздап» деп жауап береді. Сол съезде атақты жазушылар Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановты, қазақтың басқа да оқымысты-ғалымдарын көреді. Сәкен сонда: «білімің аз болса күзде кел, сені оқуға түсіремін» дейді. Сөйтіп ол кісінің көмегімен Қалекең 1934 жылы ҚазПИ-ге оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Оқып жүргенде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев, Сәрсен Аманжолов, Мұхаметжан Қаратаевтар сабақ береді. Ұлылардың көзіне түсіп, алғырлығын танытады. Қобыланды батыр туралы Мұхтар Әуезов тақырып бергенде, зерттеу еңбегін жақсы жазып, мақтауын алады. 1937 жылы Сәбит Мұқанов 8-класқа арналған «Хрестоматия» оқулығын жазғанда Қалижан Бекқожинді қосалқы автор ретінде алған. Бұл талапты жас ақынның жетілу жолы, ағалардың талантты ініге деген қолдау-көмегі болатын. Қалижан кейін бар сенімді ақтап, қазақ поэзиясында төрт аяғын тең басқан шығармаларды тудыра білді. Соның ішінде шоқтығы биік «Батыр Науан» дастанын 1939-1940 жылдары жазған. Осы тарихи дастаны үшін Қ.Бекқожин 50-жылдары партиядан шығарылады, республикадан тыс жерде бой тасалап, қорлық көргені – бөлек әңгіме.
Осындай ірі тұлғаның көзіне балаң жігіт Қабдыкәрім қалай түсіп жүр? Бұл туралы Қабдыкәрімнің де естелігі бар. Бірақ біз Қалижан Бекқожиннің жазбасын ұсынуды жөн көрдік. «Жаңылмасам, 1947 жылдың күзі болса керек, өзімнің туған қалам Керекуге келе қалдым. Соғысы күркіреп өткен шақ, көп жыл бойы ойыспаған өз мекеніме ынтызар болып оралған едім. Сондайлық ыстық сағынышымды жерлестеріме сездірейін деп, аптыға үш-төрт өлең де жазып жібердім. Бұларым облыстық «Қызыл ту» газетіне басылып шықты. Керекудегі тума нағашым Мұқаңның жалғыз ұлы Сүйінтай менің газетке өлеңдерім жарияланған күннің ертеңінде үйге шашын қарсы қайырған, маңдайы қасқиған, көзі жанарлы балаң жігітті ертіп келіп таныстырды.
– Бұл баланың аты – Қабдыкәрім, әкесі – Ыдырыс, сен білесің ғой, Қалижан, Иманқұл мен Ыдырысты, кезінде совет қызметінде жақсы көрінген азаматтар, ал олардың кейінгі жағдайларын оңашада айтармын, ал бұл бала өзі әнші, өлеңші, енді таныса бер өзімен, – деді нағашым.
Сөз арасында Қабдыкәрім өзінің өлең өнеріне құмарлығын сездірді. Балаң жігіт өзі жуықта жазған «Жылқышы» деген өлеңін мүдірмей, еркін, көтеріңкі нәшпен оқып берді маған. «Жылқышысының» жорға жыры төрт аяғын тең баспаса да өлең маған ұнады. Өлеңдерін тыңдап қарасам, әуендерінде жас өренге ыстық екпін, өмірге, жастық шаққа сүйсінген жалынды лебіз бар. Мұқаңнан әке тағдырын да естіген едім, ал мына жастық үндерінде өмірге деген разылық сенім сайрап тұр. Іздегенім табылған соң қуандым да, оны Алматыдағы жас ақындар жиынына қоса алып кеттім. Қазіргі белгілі ақын Қабдыкәрім Ыдырысовпен сонау өнерге алғаш қанат қағар шағында мен осылай ұшырасқан едім...», деп еске алған екен Қалекең сонда («Бүгінде жырдың бесті жүйрігісің», 1978 жыл).
Біраз уақыт бұрын ғана газеттен асқақ жырларын оқып, алдында бас ұрған ардақты аға, ақынмен жүздесу, оның батасын алу Қабдыкәрім талапкер үшін қандай зор масат, мадақ болғанын тек өзіндей сезіне білу керек. «Жылқышы сыры» деген ұзақ өлеңім өмірімде алғаш рет газет бетінде жарық көрді. Бұл 1947 жылдың күзі еді», деп жазады Қ.Ыдырысов кейін «Таңдамалысының» алғысөзінде. Әрине, бұл балаң жігітке зор күш берді, жігер сыйлады. Келешекке деген үмітін үкіледі. Міне, осы кездесуден кейін Қабдыкәрім ағасы Қалижанға, Алматыға ұдайы хат жазып, байланысып тұрды.
2013 жылы Алматыда Қ.Бекқожиннің шаңырағында болғанымызда жұбайы Зайда апайымыздан осынау хаттардың көшірмесін алған едік. Бір-екеуінен үзінді келтірсек, айтып отырған әңгімеміздің тұзын келтіре түсер.
«...Ендігі сөз еңбегім туралы. Көп жазбағанмен, өлеңді ептеп жазып жүрмін. Әрине, қырмай жүргенімді өздеріңіз де сезерсіздер. Дегенмен, бұрынғы кезімнен қабілеттілігім артқан сияқты, өйткені өткендегі өлеңдерім өзіме жат көрінеді. Сіздерді өзім деп шынымды жазып жатқаным ғой. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай, бұдан 2-3 күн бұрын радиодан сіздердің дауыстарыңызды естіп, бүгін біз де (мен, Тоқтаров, Днепровский, Битебаев) «Павлодар ақындары микрофон алдында» деген хабарға қатынасып, өлеңдерімізді оқыдық. Содан кейін сол оқыған өлеңдерімізді, аға, сіздің қарауыңызға жіберіп отырмын. Бұл өлеңім 21.ХІІ күні Нұрлыбек ақсақалдың өлеңдерімен «Қызыл туға» шығуы мүмкін, газетін кейін жіберермін. Ал осы өлеңімді жолдап отырып шын пікіріңізді асыға күтемін. Мүмкін бір кәделеріңізге жарап қалар ма?... Диханға, Мұзафар, Аманжолдарға менен көп сәлем айтарсыз, Мұзафар да хабарласпай қойды.
Хаттарыңызды асыға күтемін.
17.12.1949 жыл, Павлодар қаласы, облисполком, Ыдырысов».
Ал мына хаты Қабдыкәрім Ыдырысовтың түбегейлі Алматыға қоныс аударуына бел буғанынан хабардар етеді:
«Аға! Шамасы, амандық болса, май, июнь айларында Алматыға барам ба деп ойлаймын. Жалғыз өзім, содан егер өзім орналасып, осы жазда тіпті үйді де апарсам ба, осындай ойларым бар. Жалпы, қоныс аудару жөнінде үйдің іші келісіп отыр...
Мына жолдастан осы жайында ақылыңызды айтуыңызды өтінемін. Жазушылар одағы жағында жинақ туралы, өзіңізге жіберген «Корей жырлары» туралы хабарыңыз қалай?
Сәлеммен, Қабдыкәріміңіз (қолы) 16.01.1951 жыл».
Қолымызда бар 4-5 хатын оқып шыққанымызда, Қабдыкәрім Ыдырысовтың әуел бастан-ақ әдебиетке деген ынтызары ерекше болғанын аңдаймыз. Ол өзінің «Халық жауының» баласы» деген атауын жоққа шығарғысы келгені хақ. Бұл мақсатқа әкімдік қызметінде жүріп жетуі мүмкін емес еді. Сондықтан Қабдыкәрім ағамыз бақытын әдебиеттен іздеді. Өзінің жан дүниесін, ақ-адал көңілін, парасатын, халқына деген ақ тілегін осы жолда танытатынына бек сенді. Оның сол арманы орындалды да. Бірақ ол да оңайлықпен келген жоқ еді ғой. Өзі жазғандай, Алматыға 5 күн бойы пойыздан-пойызға ауысып отырып, артынып-тартынып зорға көшкені былай тұрсын, жетіп алғанда да оны тұрмыстың тауқыметі тосып тұрды. Оның үстіне «Халық жауының» баласына ешқандай қызмет қол бұлғап тұрған жоқ еді.
Бірақ Қабдыкәрім қыңбады. Өзінің жүкті келіншегін, анасын да жанынан қалдырмады. Күндіз балаларға арнап өлеңдер жазды, түнде газетте корректор болып көз майын тауысты. Күтім болмағандықтан өкпе дертін де жұқтырды. Бірақ бәрібір оны тұрмыс мойындата алмады.
Зайда Бекқожинаның естелік әңгімесінен: «Қызыл туға» Қабдыкәрім інісінің өлеңдерін бастырып қолғабыс жасап жүргенінде Сәбит Мұқанов: «сол жақта жас ақын болса қарай кел» деп айтады. Кейін Қалижан ағалық қамқорлық танытып, оны отбасымен Алматыға алдырады. Ол кезде үйге қол жеткізу де қиын. Қабдыкәрім болса, өзінің анасын, жарын бірге әкелген. Жұмысқа орналасуына ықпал етіп, жеке баспана алғанша, үйінің бір бөлігінде тұрғызды. Бұл жақсылығын Қабдыкәрім ешқашан ұмытқан емес. Әсіресе анасы Жекен: «біз осы күніміз үшін Қалижан баламызға қарыздармыз» деп, үнемі айтып отыратын. Қабдыкәрім кейін үлкен қызметтерде болды. Қай уақытта да Қалекеңді сыйлап, құрметтеді».
Талапты жас әуелде балалар газетінде пионерлер өмірінен хабар жазатын тілші, кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы болып қызмет істейді (Әзілхан Нұршайықов бас редактор болғанда). Қай жерде жүрсе де ол жұмысына жауаптылықпен қарайды. Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев сынды ағалары сенім артқан ол Жазушылар одағының ұйымдастыру мәселелері жөніндегі хатшысы болып біраз уақыт еңбек етеді. Ғұмырының аяғында «Жалын» жастар баспасын құрып, өзі директоры болып, біраз жастардың талантын ашады. Бүгінде қазақ әдебиетінің классиктері атанып жүрген біраз қаламгерлер дәл осы «Жалын» баспасында қанаттанған.
Қандай лауазымды қызметтер атқарса да, қандай биік мінберлерден сөйлеп, төрлерде отырса да Қабекең Қалижан ағасының құрметін асырып отырды. Соның бір жарқын көрінісі 60 жылдық мерейтойында «Ақын бақыты» атты арнау өлең жазды.
«Алдым – жұмбақ, жүргенде ұяң күйде мен,
Алматыға алты өлеңмен сүйреп ең.
Содан бері біраз уақыт өтіпті-ау,
Уысында қу тірліктің күйбелең.
Өмір мына улы-шулы базардай,
Топ ішінде келем сенен көз алмай.
Сенің отты сырларыңды күнде оқып,
Ұяламын жақсы бір жыр жаза алмай.
Жарқыл қағып бойыңдағы ойлы өлең,
Сенің атың озып келсе бәйгеден.
Мәз боламын жүлдені өзім ілгендей
Өз соңыңда жүрсем де үнсіз жәйда мен.
Сенің даусың кейде аздап қарлықса,
Сол сәттегі мендегі ауыр халді ұқсаң!..
«Не болды екен?» –
Көз алдыма келеді,
Шатырлаған шабыт толы бар нұсқаң...
...Оңашада, толғанамын үйде мен:
Ауылымнан мені асқарға сүйреп ең.
Өр дауысын,
Нар намысын ақынның
Алда талай өз жырыңнан үйренем!»
Қалижан ағасы мен Қабдыкәрім інісінің ерекше сыйластығын Қабекеңнің жұбайы Бәтіш Аханқызы Ыдырысова өзінің естелігінде ілтипатпен атап өтеді: «Үлкен ағалары Қабекеңді бауырына тарта білді, ол тегінде өзінің кішіпейілділігі, адалдығы танылып тұратын азамат еді, әрқашанда сол қасиеті алыстан сезілетін шығар деп ойлаймын. «Қалижан аға (Бекқожин) алты өлеңмен Алматыға алып келді» деп үнемі айтып отыратын. Ол кісіге деген сүйіспеншілігі, өле-өлгенше ризалығы мол еді. Қалекең Қабдыкәрімнің шығармашылық жолын қадағалап жүрді. Інісінің 50-ге толған кезде жазған мына өлең оған куә:
«Байқап ем құнанның тез жүгірісін,
Ашты кең асып қырдан жыр тынысын.
Разымын, ақын інім, ағысыңа,
Бұл күнде жырдың бесті жүйрігісің», – деп жырлаған ағасы «Елу – жігіт ағасы, ер ағасы. Әлі де талай жыр жолдарын, дастандар жазады» деп сенді. «Қабдыкәрімнің биікке өрлеген ұшқыр қадамына да, шебер қаламына да мен әкесіндей зор қуаныштымын. Қарыштай бер қияларға, Сұңқарым!» деп бата беріп еді дүлдүл ақын ағамыз, амал нешік, ғұмыры қысқа болды» («Жақсы адам өлмес болсайшы» естелігінен).
1978 жылы Қалижан Бекқожин інісі Қ.Ыдырысовтың 50 жылдық мерейтойына орай жазған мақаласында бір кезде өзі томағасын сыпырған, бүгінде ақындықтың кемеліне келген інісінің поэзиядағы орнын айқындап көрсеткен екен. «Өлең-жырларында әрдайым азаматтық әуенді басым шырқайтын Кабдыкәрімнің заман тынысы, уақыт дүбірлері, замандас сырлары десем де әсерлі шертіледі. «Отты күндерде» және «Емен» атты шағын поэмаларында да әке зары, ана аянышы, бала мұңы жыр болады. Бірақ бұл шығармалардағы сезімталдық күйректікке, пессимизмге ұрынбайды, бұл жырларда қайта өмірге деген сенім мен ризашылық басым. Бұл тақырыптағы өлеңдер мен шағын дастандар әке мен бала және ана жайындағы толғамдардың бастауы ғана еді. Қабдыкәрім поэзия толқынына еркін шалқыған шағында сол өзекті жыр бұлақтарын өзінің ең күрделі туындысы «Әке жолы» дастанына әкеліп тоғыстырады» деп, араға отыз жыл салып өзінің бағалы лебізін ақтарады («Бүгінде жырдың бесті жүйрігісің»).
Сонау Алматының төрінде Ертіс өңірінің екі ұланы бірін-бірі көтермелеп, бауырына тартып, арқасынан қағып жүргені қандай жақсы үлгі десеңізші! Қарыздар болып қалмау жайын Қабекең де әрдайым қаперде ұстаған тәрізді: «Содан бері отыз жылдай уақыт өтіпті. Бірақ ең алғаш қолтығымнан демеп, балапан жырымды аспанға ұшырған, кейін де талай жәрдемін аямай келген ардақты ақын аға Қалижан Бекқожинге деген азаматтық інілік парызым – ұшан-теңіз, ол кісіге қашанда болсын алғыстан басқа айтарым жоқ», деп жазған екен жарықтық (Ыдырысов Қ. Таңдамалы. Алматы, «Жазушы», 1978).
Айта кетелік, Қ.Ыдырысовтың ақын ағасы Қалижанға арнаған өлеңі біреу ғана емес. Екіншісінің жазылу оқиғасын ақынның жұбайы Бәтіш Ыдырысова былай деп еске алған екен: «60-жылдарда Баянауылда болғанда Зейін Шашкин ағамыздың мерейтойына қатыстық. Шіркін, неткен қызық думан күндер еді десеңізші, ән-күй, шалқыған көңіл – Жасыбайдың жағасында демалып, самаурынға шай қайнатып отырушы едік... Сонда Қалекеңе әзілдеп Қабдыкәрім өлең жазды:
«Күбірлейді құз Баян,
Күлімдейді қыз Баян.
Не дегені олардың
Қалеке, сіз бен бізге аян.
Сырласып сұлу Баянмен,
Осында қалып қояр ма ем?
Сонда да екі Баянның
Көркіне мен тояр ма ем?
Қайтейін, әттең қинап тұр;
Маңдайға Баян сыймапты.
Қалеке, маған аулыңыз,
Бір қыздан артық қимапты».
Қабдыкәрімнің бір үлкен қасиеті – ол үлкенді де, кішіні де сыйлауы еді. Өзі өмірдің ащы дәмін көп татса да, ол жалған дүниеге жақсы ниетпен қарады, бәрі де кейін түзелер деген үмітте болды. Бар ойлаған ойын іске асыра алмаса да, әр қас-қағым сәтін үлкен адамгершілікпен өткізді», деп сыр шерткен екен жеңгеміз.
Аға мен інінің қапысыз сыйластығы өмірлерінің соңына дейін жалғасты. Ақжарқын Қабдыкәрім Ыдырысов ерте кетті. Небары елу жасында дүние салды. Қазірде Қ.Бекқожин шаңырағында Қабдыкәрімнің ағасына жазған хаттары сақтаулы. «1947-1952 жылдары жазылған, сарғайған хаттарды оқысаңыз, жалындаған жас жігіттің жазуға деген ынтызарлығы, әдебиетке деген іңкәрлігі байқалады», дейді Зайда Бекқожина апайымыз. Бүгінде өшпейтін із қалдырған қазақ поэзиясының емендері іспетті екі ақынның өзара сыйластығы көпшілікке үлгі-өнеге болып қала берері сөзсіз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы