Таным • 08 Қараша, 2023

Скиф/сақтан қалған ұлы мұра

313 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

2023 жылдың 10-25 қыркүйегі аралығында Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында ЮНЕСКО-ның 45-отырысы өтті. Онда әлемнің біраз еліндегі мәдени-рухани мұраларды ЮНЕСКО-ның тізіміне алып, қор­ғау мәселесі қаралған. Алып Алтай, Оңтүстік Сібір, Солтүстік-батыс Моңғолия жерінде ежелгі скифтердің (скуз) мәдени мұрасы ғылыми әдебиеттерде «бұғытас» деп аталса, байырғы түркі жазба деректерде «сынтас» деп атал­ған. Осы мұралардың 80%-ы Моң­ғолия жерінде. Моңғол билігі атал­ған мұраларды ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізіп, қорғауына алу мәселесі осы жиында қарас­ты­рылды.
Сынтастар (бұғытас) ЮНЕСКО-ның қорғауына алынып, Қытайдың ұлы қорғанымен, Үндістанның Тәж-Махалымен тең, әлемдік бірін­ші дәрежелі тарихи мұра деп бағаланды. Бұл мұраның сақ­таушысы Моңғол мемлекеті болға­нымен, мұраның түпкі иесі – оны жасап қалдырушылар түркілер. Белгілі түркітанушы ғалым ежелгі скифтерден қалған осы құндылық туралы сөз етеді.

Скиф/сақтан қалған ұлы мұра

2005-2018 жылдар арасында Моңғолияның Ц.Төрбат бастаған жаңа буын археологтері Моңғолия терри­ториясындағы сынтастарды зерттеуге мықтап кірісіп, 2018 жылы каталогін, 2021 жылы «Моңғолия және ше­ка­ралас аймақтардағы бұғытас (сын­тас) мәдениеті» атты үш томдық атлас құрас­тырып, 1551 сынтасты жария етті. Со­ның 1300 данасы Моңғол жеріне орна­лас­қанын көрсетіп, ғылыми сипаттамасын, тұрғызған уақытын анықтап, ғы­лы­ми айналымға шығарды. Алтай тара­пындағы сынтастарды жинап, зерттеуге қазақтың жас ғалымы Өмірбек Би­құмарұлы кірісіпті. Біздің үлгере алмай кеткен тарихи ісімізді келесі жас буын қол жеткізгеніне аса қуаныштымыз. Ұрпақ жалғастығы деген осы болар. 

* * *

Қола дәуірінің соңы, Темір дәуірінің алғашқы кезеңінде (ж.с.б.XIV-VI ғғ.) шығысы Хуанхэнің (Сарыөзен) солтүстік жағалауынан, батысы Қаратеңізге дейінгі, оңтүстігі Гималайдан, солтүстікте Лена дариясына дейінгі Еуразия континентін мекендеген бірнеше жүздеген көшпелі тайпа әлемін Еуропа тарихының ақсақал­дары Геродот, Страбондар жалпылама «скиф/скуз» деп атап, хатқа түсірді.

Оңтүстікте көшпелілермен қойы қоралас, ауылы аралас парсылар «сақа», «сақ» деп атаса, шығыстағы көршілері – Қытай тарихының атасы Сыма Цянь, Бан Гу «Гүйфан, Туфан, Сюньюань Хун-и, Рун (Жун), Ди, Ху» деп атап, тарихи жазбаларында қалдырған. Скифтер туралы негізгі тарихи деректерді Батыс тарихының атасы атанған Геродоттың «Тарих» атты еңбегінде, Страбонның «Географиясы», Сыма Цяньнің «Хун баяны» (110-бума), Бан Гудың «Ежелгі Хань жылнамасы», т.т. түпнұсқалар бізге жеткізді. Онымен қатар Гиппократ (ж.с.б. V-IV ғғ.), Ксенофонт (ж.с.б. V-IV ғғ.), Полибий (ж.с.б. ІІ.) деректері де бар. Осы түпдеректерге сүйеніп ізденушілер тарапынан жүздеген монография, бірнеше мыңдаған ғылыми мақала жарық көрді. Әлем осылайша қызықтап жатқанда, қазақ ғалымдары Геродот, Страбондар жазбасын қазақша аударуға енжарлық танытып келді.

Әлем өркениетінде өшпестей із қал­дырған осынау халық өзін-өзі кім деп атағаны бүгінге дейін белгісіз. «Скиф/скуз» атауы – жалпылама атау.

Әрине, жекелеген киммерлер, сарматтар, массагеттер деген атау бар. Бұлар жеке тайпалар ма? Хандықтар ма? Хандықтар болса, еуропалықтардың өлшемімен өлшеуге сыймайтын, тек қана көшпелілер әлемінің дүниетанымымен (философиясымен) өлшенетін далалық хандықтың ерекше әкімшілік жүйесі ме деген мәселе бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Бірақ бұл мәселеге біз ат басын бұрмаймыз. Мақаламызда бұлардың ортақ мәдениетіне көңіл бөлмекпіз.

Гректердің скиф/скуз атауы сол елдерге «жабайы» деген астарлы ұғым сіңдірген екен. Парсылардың «сақа», «сақ» атауы да осы түсініктен ұзамайды. Қытай тарапынан әр дәуірде әртүрлі атаған атаулары «жабайы», «жыртқыш аң», «қанішер», «айуан» деген сияқты ұғым береді екен. Біз сол атауларды бүгінгі күні әкеміздің есіміндей ұлықтап келеміз. Ендеше, скиф/скуздар өздерін қалай атаған? Скиф тарихын зерделеген тарихшылардың алдынан бұл сұрақ қайталана берді. Ғалымдар ғылыми тұрғыда сенімді түрде түсінік бере алмай, «мүмкін» дегеннен аса алмай келеді. Ғылым мен техника өркендеген қазіргі кезеңде жаңаша ізденіс жасауға мүмкіндік туған сияқты. Өйткені скиф­терді ғалымдар алғаш зерттеген күннен бастап бүгінге дейін соншама мол материал жинақталып, оған ғылыми талдау жасалып, енді тек қана синтездеу жұмысы қалып тұр.

Әлем ғалымдарының тапқан жаңа деректерін пайдаланып, оған жасалған талдаудың нәтижесін екшей отырып, өз пікірімізді оқырманға жеңілдете ұсынуды жөн көрдік.

Естен кеткен ежелгі атау:

Скиф – әр дәуірде, әртүрлі тілде әртүрлі аталған бір ғана ежелгі этностың атауы. Скифтерді парсылар «сақа» деп атағаны Геродотта анық жазылған. Пар­сылардың ассириялық Накши Рустем Бехистан жазбасы мен басқа ондаған түпнұсқада «сақа» деп жазып қалдырған. Геродоттың «Тарих» атты түпнұсқасындағы Σκυθϛ деп белгіленген атауды 1692 жылы Ресей ғалымы А.Лыз­лов «скиф» деп алғаш транскрипция жасаған. 1787 жылы скиф тарихына байланысты еңбекті орыс жазушысы әрі қоғам қайраткері Н.И.Новиков екінші мәрте қолға алғанда, тағы да «скиф» деп белгілеген. Түпнұсқадағы θ графикасын «ф» деп оқып қателік жіберген. Осы нұсқа орыс және орыс ықпалындағы елдерде «скиф» болып қалыптасқан.

Бүгінге дейін «скиф» деп танып, қабылдап келген Σκυθ (скиф) нұсқасын америкалық ғалым Е.Х.Миннс «скуз» деп транскрипция жасаған (E.H.Minns ‘Scythans and Greek. New York. 1971. pp.112, 115). Тұжырып айтсақ, θ шриф­тісін «ф» емес, «з» деп оқып, түзету енгіз­ген. Осыдан кейін ғалымдар «скуз» атауын skuz ˃ aš-guz ˃ ič-guz ˃ ič-oɣuz деп жаң­ғыртты. «ič» (іч) түбірі байырғы түркі тілінде «ішкі», «орталық», «ордалық» деген мағына береді. Оғуз – Орталық Азияның ежелгі тұрғын халқының жалпылама атауы. Бұлайша жаңғыртуға түрткі болған парсылардың ассириялық Накши Рустам шатқалындағы жазбада «aš-guz» деп белгіленуі себепкер болды. Бұл «аш-ғуз» атауы – «скуздың» толық аналогі.

«Оғузнаме» дастаны Рашид-ад-дин, Абұлғазы Баһадүрдің түркілер ше­жіресінде, руникалық Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқұқ нұсқаларында түрік­тердің арғы бабаларын Оғуздан бас­тайды. Демек «скиф» деген атау есте жоқ ежелгі дәуірден бастап бабаларымыз мемлекетінің немесе қоғамдық құрылымының атауы екені анықталып отыр.

Бұған дейін әр тілде әртүрлі белгі­ленген «скиф», «сақ» атаулары ғалымдар ізденісінің нәтижесінде ежелгі түркі тілінде «оғуз» деген сөз екені дәлелденіп, байырғы түркі атауы өз орнын тапқанына көз жеткіземіз.

Түркі тарихын зерттеген көптеген ғалым оғуздардың (скиф) ұрпақта­рының бірі хундар ежелгі оғуздар болуы мүмкін деп пікір білдірген. Олар Н.Я.Бичурин (1950. 49-57, 223, 225), Л.Н.Бернштам (1935. 33-34), В.С.Таскин (1968. 129-130), С.П.Толстов (1948. 175-216), Л.Д.Ельницкий (1947. 238), Ма Шан Шоу (2005. 25), Ма Лицин (2005. 82), Яо Вэнь-Юань (1958. 28-31) сияқты әлемге танымал ғалымдар. Аталған ғалымдардың пікірімен санасатын болсақ, хуннулар шығыс оғуздар болады да, скиф деп түсініп келген іш-оғуздар (царские огузы) батыс оғуз болады. Бұл болжамды кейінгі ғалымдар жалғастыратынына сенімдімін.

Археологиялық артефактілер:

Орталық Азияда ж.с.б. пайда бол­ған «аң стиліндегі өнерді» Батыс ға­лым­дары сібірлік-скиф мотиві деген ұғым қалыптастырған. Олар: сынтас­тар (бұғытастар), керексурлар (обалар), жартас бетіндегі сұлбалар (петроглифтер) қару-жарақ, ат әбзелдерінің қапсырмалары, алтын, күміс әшекейлер. Бұл мұралар – сөз етіп отырған ежелгі скиф/оғуздардың төл құндылықтары.

Ат әбзелдері, алтын, күміс әшекейлер скиф дәуірінің қабірлерінен табылып жатса, сынтастар мен керексурлар жер бетінде, жел өтінде мыңдаған жыл бойы Ұлы даланың сәні, тарихы мен танымы болып, ХХІ ғасырға жет­ті. Бұл мұралар «скиф/оғуз» атты Орта­лық Азияның тұрғын халқының мұра­сы екеніне ешкім шүбәланып, күмән келтірмейді.

Бүкіл түркі тарихындағы, соның ішінде қазақ тарихындағы бұғытастың маңыздылығы мен орнын белгілеп таныстыруды жөн көрдік. Бұғытастардың 80%-ы ежелгі және байырғы түркілердің баба мекені бүгінгі Моңғолия территория­сында орналасқан.

Сынтаспен тікелей байланысты әрі оның ажырамас бір бөлігі – обалар немесе үйметастар. Бұларды моңғолдар «kiregsegür» (керексур) деп атаған. Мағынасы «қырғыз моласы» деген түсі­нік береді. Керексурлар мен сынтас­тар (бұғытас) – бір мәдениеттің құн­ды­лықтары. Ресей ғалымдары жергілікті халық­тың атауын ғылыми атауға айналдырып, бүкіл археологиялық еңбектерде тұрақтандырған.

Керексур дегеніміз төртбұрыш немесе шеңбер тәріздес дөңгелек жыртаның ортасына орналастырған оба – үйметас. Дөңгелек жыртаның диаметрі 6-214 метрге дейін жетеді. Төртбұрыш жыр­талардың ең үлкені 388х410 метр, шағыны 2,2х4-6 м болады. Бұл обаның сыртқы жыртасының формасы дөңгелек немесе төртбұрыш болып келеді (1-сурет). Үйметастың (обаның) астыңғы жағына 50-60 см ғана жер қазып, жалпақ таспен мүрдені қоршап, шалқасынан жатқызып орналастырған. Мұндай керексурларда материалдық мұралар болмаған.

Аталған қоршауды шығыс және оң­түстік жағына төртбұрыш немесе дөң­гелек формалы тәу ететін шағын (кө­лемі 1-6 м) орындарды тастан қалап қатар­ластыра орналастырған. Мұндай тәу ететін орын саны 1-2000-ға дейін жетеді.

Сынтас (бұғытас) – ж.с.б. XIV-VI ға­сыр­лар аралығында Орталық Азия­дағы (Алтайда) көшпелі қауым ортасы­нан суырылып шығып, елін, жерін, қауы­мын, халқын қорғап күрескен ұлы қайрат­керлерге арнап тұрғызған ұстын.

Ең үлкен сынтастың биіктігі 4 м, ең аласасы 40 см болады. Ұстынтастың ұшар басы қиғаш болып келеді де, ты­мақтың орнына ені 2-4 см, тымақтың жиегін ғана белгілеген. Оның аяқ жағына адам бетінің орнына (қасы, көзі, мұрны, аузы) қиғаш үш сызық сызылған. Оның дәл астына сопақ маржан тәріздес етіп ойып, алқаның моншақ тізбектері берілген. Ұстынның орта тұсына белбеу, оған ілген пышақ, ақинақ, қаншар, ілмек және садақ, жебе, кетпен, айбалта, бос мойын шоқпар, қалқан, т.с.с. қару-жарақтардың суреті салынған Моңғолия-Ішкі Байқал аймағындағы оннан астам ұстынға адамның бас мүсіні бейнеленген (Ц.Төрбат. 2021. Т.ІІІ. б.193).

Осынау бейнелердің өзі-ақ сынтас дегеніміз Ұлы даланың үш мың жыл бұрынғы сайыпқыран батырларының мүсіні екенін көрсетеді.

Түркі халықтары бұдан мың жарым жыл бұрын М.Қашқари сөздігінде (М.К. ІІІ. 152; индекс. б.515) Ресей археологтері «бұғытас» деп атаған нысанды «сынтас» деп атаған. Бұл атау сонау оғуз (скиф) дәуірінен солай аталған болуы мүмкін. «Сынтас» деп аталатын жер атауы Оңтүстік Сібірде (Хакасия, Тува, Таулы Алтай), Қазақстан, Шығыс Түркістан, Моңғолия, Қырғызстан территориясында көп кездеседі. Сынтастар алғаш Алтай ареалында пайда болған. Алтайдағы сынтастарда бұғы бейнесі қашалмаған. Осы тарихи ерекшелігін еске ала отырып, жатжұрттық ғалымдардың еш жауапсыз атай салған «бұғытас» атауын біз «сынтас» деп алуды жөн көрдік.

Сынтастарды алғаш ғылым әлеміне жария еткен Г.П.Потанин (1881. с.47-55), В.В.Радлов (1892. Кесте І-ІІІ), Ю.Д.Талько-Грынцевич (1928. с.3-4) сияқты ХІХ ғасырда құжаттандырған саяхатшы-зерттеушілердің еңбегінен бастап, жүзден астам ғылыми еңбек­пен ең соңғы мәрте жарық көрген Ж.Баяр­сайханның «Солтүстік Моңғолия­дағы сынтастар» (2017) атты ғылыми монографиясына дейін сүзіп қарастырдық. Онымен қатар осы жолдар иесінің 40 жыл бойы моңғол даласын кезіп, байырғы түркі жазба деректері мен тарихи құндылықтарын іздестірген экспедиция кезінде арнайы көңіл бөліп белгілеген 60-қа жуық сынтастың сипаттамасы туралы жазбаларымызды, фотоларымызды да пайдаландық. 2021 жылы Ц.Төрбат бастаған Моңғолия археологтер тобы Моңғолия мемлекеті мен көршілес Ресей (Сібір, Саян-Алтай), Қазақстан, Еуропаға дейін тараған 1551 дана сынтасты қамтып, құжаттандырып, фото, сызба суретін, сипаттамасын жасап, үш том көлемінде ғылыми каталог ұсынды.

1551 сынтастың ерекшелігін, ұстын бетіндегі аң стиліндегі бейнелерін, қару-жарақтарының фото, сызба суреттерін, толық сипаттамасын берген. Онымен қатар шығысы Кентай жотасынан (Моңғолия) Қаратеңізге дейін тараған сынтастардың классификациясын жасаған кезде ғалымдардың еңбектерін жақсы қарастырған. Олар: М.Х.Маннай-Ооол (1968. 139-146), С.И.Вайнштейн (1974. 29-32), В.Д.Кубарев (1979а. 163-169; 1979б. 42-83), В.В.Волков (1981. 102), Э.Н.Новоградова (1975. 288-291; 1989. 201), Д.Г.Савинов (2007. 105-107; 1978. 72-84; 1980; 1994), Худяков Ю.С. (1987. 136-1 (2).

Осы ғалымдардың жасаған классификациясын авторлар тобы талқы­лай отырып, В.В.Волков, Э.Н.Новог­ра­довалардың ұсынысын қабылдаған екен. Нәтижесінде, ж.с.б. XVI-VI ғасырлар аралығында Орталық Азиядан Шығыс Еуропаға дейін тараған көшпелілердің аң стилді 1551 сынтастың классификациясын төмендегідей алып қарастырып, ғылыми айналымға енгізген:

пар

  1. Еуразия типтес сынтастар (ЕУ) – 771 дана;
  2. Моңғолия-Ішкі Байқал және аралас типтес сынтастар (МІБ) – 609 дана;
  3. Саян-Алтай типтес сынтастар (СА) – 161 дана (2-cурет).

Мұндағы «Еуразия типтес» дегенді «Алтай типтес» деп алғаш пайда болған ареалдың атауымен атаған дұрыс болар еді. Өкініштісі, олай жасамаған.

Сынтастарда бейнеленген суреттерді, абстракт сұлбаларды салыстыра қарас­тыр­ғанымызда, аталған классификация тым ауытқып кетпегеніне көз жеткіз­гендейміз. Тек қана атау берген кезде аздап субъективтік ұстанымға сүйенген.

Алтай сынтастарында адамның бет-бейнесі (қасы, көзі, мұрны, аузы) қиғаш үш сызықпен (\\\), алқалары мен сырғалары өзге екі топтан біраз айыр­машылықта бейнеленген. Ал қару-жарақ­тары тым қарапайым суреттелген. Мұндағы таңғаларлық жағдай Геро­доттың баяндайтын аспаннан түскен заттары – кетпен, алқа, айбалта, кесе сынтастарда бейнеленген.

Саян-Алтай сынтастарында Алтай дәстүрін сақтай отырып, ондағы жан-жануардың көптеген бейнесін табиғи түрде қашап қалдырған. Саян-Алтай сынтастарындағы бейнелер арқылы өнер туындылары Алтай кезеңінен бір саты көтерілгені көрініп тұр.

Моңғол-Байқал, аралас типтер кезеңіңде біраз сынтаста адамның бас мүсіні табиғи түрде бейнеленген. Қару-жарақтары жетілген, символика мен таңбалардың алғашқы элементтері пайда бола бастаған. Онымен қатар 2, 4 ат жеккен 2 доңғалақты арбалар бейне­ленген. Мұның барлығы – сол дәуірдегі скифтердің (оғуздардың) күн сайын қолданыста болған материалдық құндылықтары.

Моңғолия-Ішкі Байқал кезеңінде Алтай, Саян-Алтай дәстүрін сақтай отырып, жан-жануардың бейнесін абстракт түрде бейнелеген. Бұл дегеніңіз, сол дәуірдегі адамдардың абстракт түрде ойлау, ой қорыту деңгейі бұрынғымен салыстырғанда біраз көтерілгенін көрсетеді. Ойлау дегеніміз – адамдардың даму үстінде зор кемелділікке жеткен материяның жемісі.

Біздің салыстыра қарастырып отырған нысанымыздың арғы қайнар көзі, шығу тегі, қандай мәдениеттен басталды деген сұрақ туындайды. Мұны да ғалымдар біраз қарастырған. Солардың ішінде Ресей ғалымы А.А.Ковалев Ұлы Алтайда скиф типтес Шеміршек мәдениетінің қауымдары болғанын, оған байланысты археологиялық деректерді іздеп, тауып, талдау жасап, дәлелдеп берген (2000. 135-138; 2000. 138-180; 2001. 160-166; 2011. 70-84).

Тұжырып айтсақ, Шығыс Манчжу­риядан оңтүстігі Хуанхэнің (Сарыөзен) екі жағалауын мекендеп, қытайларды солтүстіктен қапсыра қоршай орналасқан көшпелілер, Орталық Моңғолия, Алашан құмы, Алтай, Саян-Алтайдан Орталық Азия, Кавказға дейінгі аймақта мекендеген тұрғын (автохтонды) қауымдар скифтер (оғуз). Бұған дейін жасалған талдау мен зерттеулерді жинақтап, синтез жасап, ішкі оғуздардың атажұртын, этностық тегін, өмір сүрген дәуірін, миг­рациясын айқындауға мүмкіндік туғызған.

Сынтастардың хронологиясын белгілеуде 1920 жылдан бастап ғалымдар кірісе бастаған. Г.И.Боровка (1927), Г.П.Сосновский, А.П.Окладников, Н.Ди­ков, Ю.С.Гришин іспетті ғалымдар 1940-1950 жылдары ұсыныстарын білдіріп, ж.с.б. VII-II ғасырлар деген пікір айтқан. В.В.Волков, Э.Н.Новоградовалар (1975. 84) Карасук кейіпті қару-жарақта­рымен салыстыра қараса, М.П.Грязнов, М.Х.Манай-Оолдар Аржан қорғанынан табылған сынтастардағы бейнелерге сүйеніп, ж.с.б. ХІІ-ІХ ғасырлар құнды­лықтары деген пікір айтты.

Кейінгі жылдары Моңғолия, АҚШ, Жапония археологтері 7818 керексурды (обаны) тізімдеп, соның ішінен 5070-ін таңдап алып, оның ішінен 121 керексурға қазба жұмысын жүргізіп, одан табылған жылқының тісі, көмірлерді, топырағын шетелдерге хронологиясын белгілетуге жіберген. Солардың 55 данасы нәтиже берген.

Америкалық ғалым В.Фицью (Fitzhugh V.) мен археолог Ж.Баярсайхандар 24 керексурдан шыққан жылқының тісіне, обадан шыққан көмірге 2009-2012 жылдары радиокарбон анализін жасатқан (2009, 2011, 2012, 2013, 2017). Америкалық В.Тейлор (W.Taylor) Ж.Баярсайхан және басқа археологтермен бірге жұмыс жасап, сынтастар мен керексурлардың хронологиясын белгілеген (Taylor W. et al. 2015. T.XVI. Fasc 8; 2017. 49-58).

Алтайдың Цаган-Асғадан алған сынама ж.с.б. 1325-1113 жылдары, Мо­гойт сынамасы ХІІІ-Х ғасырлар, Сағсай сынамасы ж.с.б. XV-Х ғасырларды көрсетті. Ал Солтүстік Моңғолиядағы Көбіс­көл сынамасы ж.с.б. 1325-1113 жыл­дарды Завханның Өгөмөр сынамасы 1214-1055 жылдарды көрсетті.

Ең төменгі межені Ховда аймағының Қарағобы ж.с.б. 980-800 жылдарды, Бұлғын аймағының Дархан-ула ж.с.б. 803-589 жылдарды, ж.с.б. 829-776 жылдарды көрсеткен.

Бұл талдау, әрине, толық емес. Әлі де көптеген керексурларды қазып, жаңадан табылған органикалық архетиптерге анализ жасау керек. Әзірге сынтастар мен керексурлардың хронологиясын ж.с.б. XV-VІ ғасырлар деп белгілеуге болады.

Көшпелі қауымдар үлкенді-кішілі бірнеше ондаған билікке топтасқан. Әрбір аймақты басқарған тәуелсіз қауы­мының өз билігі және билік жүйесі болған. Скифтердің билігі үштік жүйемен қалыптасқан. Тарғытай (Тұр­ғақ), одан үш ұл – Липоксай, Арпоксай, Колаксай. Колаксайдан үш ұл. Осы үш ұлына Ко­лак­сай халқын бөліп беріп, басшылық еткізеді (Г. ІV. 6). Бұл жүйе 3000 жыл жал­ғасып, ең соңында Қазақ хандығымен аяқ­талады. Кейде аса ауқым­ды аймақты иеленген қуатты билік құрған замандары да болған. Ол тура­лы Қытай тарихының атасы Сыма Цянь: «Шүн Вэй әулетінен (ж.с.б. 2250 жылдары) Түмен Шаньюйге дейінгі мыңжылдықта (ж.с.б.2250 жылдары. Алтайдағы Шеміршек мәдениеті заманынан бастап (Қ.С.) «хундардың арғы бабалары бірде бас қосып, елдік құрса, бірде өз ішінен іріп, бас-басымен босып кетіп жатты» деп хунну баянында жазып қалдырған (Сыма Цянь. 110-бума). Бұл – аса ойландыратын дерек. Теле-оғуздар (қыт. Ди, дили, динлин, ху, у-ху) ж.с.б. XVI-III ғғ. аралығында Ұлы Алтайдың оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс бөлігінде (бүгінгі Қазақ Алтайынан бастап, шығыстағы Ханбоғда (Моңғолия) тауына дейін 2900 км), Саян-Алтай, Байқал, Орталық Моңғолияның территориясындағы Хангай, Кентай жотасында өмір сүргенін мәлімдеумен қатар, бірнеше билікке топтасқанын сөз етіп отыр.

Қытайдың Сүй патшалығы «Сүй­шу» жылнамасының 84-бумасында: «Манчжур даласынан батыстағы Самарқандыға дейін сай-сайдың саласында, өзендер мен көлдердің жағасында далалар мен таулардың арасында қалың телелер (оғуздар) өмір сүреді дей келіп, 50-ге жуық тайпа мен бектікті, хандықты атайды.

Жоғарыдағы археологиялық және қазба деректер бұған дейін скуз, сақ деп келген халықтар, оғуз-түркілер екенін дәлелдеуі оғуз (скиф) тарихын жаңғыртуға үлкен өзгеріс алып келді. Өйтсе, сынтас мәдениеті Ұлы Алтайда (төрт тарапында) пайда болғанын та­ри­хи мұраның өзі дәлелдеп беріп тұрғандай.

Жоғарыдағы классификацияға көз жүгіртсек, Солтүстік Моңғолия, Саян-Алтайдағы сынтастардан Алтайдағы сынтастардың саны да мол. Онымен қатар Қаратеңізге дейін қоныс аудар­ған оғуздардың (скуздардың) жасап қал­дырған сынтастары Алтай типінің сын­тастарының дәстүршілдігін, сабақ­тастығын дәлелдейді. Алтай кейіптес сынтастарда бұғы бейнесі тым аз.

Орталық Моңғолиядағы сын­тас­тардағы негізгі басым бейне – (образ) бұғы бейнесі. Өйтсе, мұндағы скуздар (оғуздар) бұғы тотемді қауым екенін көрсетеді.

Жоғарыда сөз еткеніміздей, Қытайдың солтүстігін, батыс-солтүстігін қапсыра қоршай орналасқан көшпелілер мен қытайлар арасындағы келіспеушілік жерге байланысты болды. Көшпелілер Сарыөзеннің оң жағалауынан Ұлы жазығына, Қытайға дейінгі жерге ауыз сала бастады. Осыдан болып қытайлар көшпелілерді солтүстікке итеріп шығып, ірге кеңейту саясатын қолданды.

Ең әуелі Инь, Шан дәуірінде (ж.с.б. XVI-ХІI ғғ.) Сарыөзеннің солтүстік жағалауына көшпелілерді ығыстырып шығару саясатын жүргізді. Одан кейін Ұлы Құмға дейінгі жерлерді иеленіп, көшпелілерді солтүстік пен батысқа ығыстырып ірге кеңейтуді қолға алды. Бұл саясат мың жыл бойы жалғасты. Екі тараптан қан да төгілді, қатерлі зардап та көп болды.

Бұл жұмыс оңайшылықпен біткен жоқ. Тек қана ж.с.б. XVI ғасырдың соңын­­да Қытайдың Инь патшалығы Ту­фан (Туран) тайпалық одағына 4 мәр­те, Гүйфан тайпасына қарсы 20 мәрте шабуыл жасаған. Қытайдың батысы мен солтүстігінде адам саны эконо­ми­ка­лық күш-қуаты мықтысы осы Гүй­фан­дар еді. Гүйфандарды Қытайдың Жоу пат­ша­лығының «Көктем-күз» дәуірі, «Жау­ласқан бектіктер» дәуірінде әртүрлі атау­­лар­мен атады. Онда Ди, Рун (Жун) Сюнюнь, Хунь-и Хун, Таулық Рун, Бөрілі Рун т.т.с.с.

Жоғарыда керексурлар (обалар), сынтастар ежелгі скифтардың материалдық және рухани мәдениетін, соның ішінде дүниетанымы, шаруашылығынан мол ақпарат беретін мұралар екенін сөз еттік. Ұстын бетіндегі суреттерді бейнелеп айтсақ, бүкіл бүтін эпопея.

Мәдениет дегеніміз – сол халықтың тарихы. Халықтың тарихымен танысу де­геніңіз – мәдениетімен танысу деген сөз.

Орталық Азияның Моңғол үстіртінде, Алтайда, Оңтүстік Сібірде (Саян-Алтай) жасалған сынтастар Еуропадан шығуы бұл халықтың қоныс аударуын дәлелдеп тұр. Қоныс аударудың себептерін айтсақ:

  1. Скифтердің (скуз ≈ оғуз) қоныс аударуы сыртқы күштердің әсерімен қатар, Ұлы Даланың байлық жинаған шонжарларының өзара бәсекелестігі;
  2. Орталық және Орта Азияның Ұлы Даласының, ондағы халықтың өсімі, малының молаюына байланысты жайылымға ыңғайлы жерлерінің тарыла бастауы;
  3. Адам капиталы қуатты, экономикасы мығым тайпалар мен тайпалық одақтар ортақ үйден, оңаша отауды жөн көріп бөлініп кетіп отыру;
  4. Шығу тегі, бұрынғы ірілігін қа­лып­қа келтіру мақсатында текті тайпа­лар «тайпа намысы» атты ұран көте­ріп бөлініп-жарылып жаңа жер іздей бастау;
  5. Орталық Азияның қатал табиғаты қарапайым мал шаруашылығын әлсін-әлі жұтқа ұрындыруы ерекше әсер етті.

Осылайша, Ұлы қоныс аудару үдерісі жүре бастады. Ол туралы Геродот: «Скиф­тер (скуз ≈ оғуз) IX-VIII ғғ. Қара­теңіздің солтүстігіне, Азов теңізінің жағалауына келіп жетті (Г. ІV. 11) деген ақпаратын тарихшы Р.Гроссе Пон­ти даласына Түркістаннан, Сібірден келгені археологиялық деректер арқылы анықталуда», дейді (Grousset R. 1997. 6). Қаратеңіздегі киммерлер (скиф) аса мол жылқылы болған. Олар жылқы сауатынын грек тарихшысы Гесиод таңғалып жазады. Гесиод – VIIІ ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы.

Геродот еңбегінде скифтердің (скуз ≈ оғуз) Азиядан келгендігі туралы үш түрлі аңыз келтіреді. Олар киммерлер, сарматтар, массагеттер және сколот (царские скифы) сияқты төрт үлкен хандық, әр хандықта ондаған тайпалардан тұратынын, саварматтарды амазонкалар басқаратынын, амазонкалардан құралған армия болғанын сөз етеді.

Скифтердің батысқа қоныс аудару қопарылысын шығыстағы массагеттерден басталғанын Геродот еңбегінде көрсеткен. Онда массагеттер скифтерді ығыстырады, скифтер киммерліктерді ығыстырып, Қаратеңіз жағалауына келуіне мәжбүр еткен. Одан соң Қара­теңізден Кіші Азияға киммерліктерді скиф­тер мәжбүр етті.

Осы тарихи қоныс аударудың нәти­жесінде украин ұлтын қалыптас­тыруға оғуздардың (скуз) қосқан үлесі де, рөлі де мол болды.

Археологиялық артефактілерге жүгін­сек, ж.с.б. VI-ІV ғғ. батыстағы скифтердің (оғуз) тұрақты қонысы қалыптасып қойған сияқты. Орталық Азияның оңтүстігі Гансу, солтүстігі Сібірден бастап (Орталық Моңғолиямен бірге) батыста Дунайға дейінгі алып аймақты иемденіп үлгерген. Геродоттың «Тарих-намасында» скифтер (скуздар) аса үлкен аймақты алып жатты. Қиыр Шығыстағы Тынық мұхиттан Еуропаға дейінгі территорияны иеленген деп көрсеткен. Ассирия (парсы) деректері бойынша үштік жүйеге салып қарасақ:

Бірінші аймақ – Дунайдан Каспийдің оңтүстігіне дейін аймақты алып жатқан оғуздар (скуз). Оларды «Сака Хумарака» деп атаған. Е.Х.Миннс «біздің сақ» деп аударған. Соған қарағанда сол заманда парсы тілді болып үлгерген болуы мүмкін (Гасанов З. 2002. с.4-56).

Екінші аймақ – «Сака Тиграхауда». Арал ауданында, Сырдарияның төменгі жағында жайғасқан. Е.Х.Миннс «шошақ тымақты» деп аударған (Minns E.H. 1971. p.22). Сырдарияның жоғарғы жағы Жетісу бойында массагеттер, дайлар орналасқан. Еділ, Каспий маңында сарматтар мекендеген.

Үшінші аймақ – «Сака Тарадрава». Олар – тұрғын скифтер. Атауы сөзбе-сөз «теңіздің арғы жағындағы сақтар» деп аударылады (Minns E.H. 1971. p.112). Мұнда исседондар, аргипейлер және Алтайда алтын қорыған аримаспийлер.

Үшінші аймақ «теңіздің арғы жа­ғын­дағы сақтар» деп атауына үңіле қара­сақ «алыстағы сақтар» деген мағы­на береді. Геродот еңбегінде оларды Ин­доеуропалық Иран тіл тобына енгізбеген. Тұрғын сақтар деп атаған.

Скуздардың (оғуз) әлем өркениетіне қосқан үлесі мол. Соның бірлі жарымын еске сала кетсек:

  1. Жануарлар стиліндегі бейнелеу өнерін адамзат өркениетіне қосты;
  2. Далалық соғыс өнерін Еуропаға әкелді;
  3. Алғаш рет адам атты пендені атқа отырғызу үшін, олардың бұтын жауып шалбар кигізді;
  4. Алғаш мәрте ерді ойлап тауып іске қосты;
  5. Тұңғыш мәрте темірді қорытып адамзатқа олжа салды (Э.Холдингер. 1997. С.18; З.Гасанов. 2002. С.28).

Скифтердің түркі халықтарының ортасында сақталған ырымдар, дәстүрлер:

  1. Ел басқарудың үштік жүйесі. Оң, сол қанаты және ішкі (Орда). Бұл саяси жүйе ж.с.б. XVI ғасырдан бастап б.з. XV ғасырда билік құрған Қазақ хандығына дейін жалғасты;
  2. Жауларын, дұшпандарын соғыс алаңына шақырғанда құпия символдар қолдану. Дарий патшаға саварматтың амазонкалары құстың қауырсыны, тышқан, бақа және бес жебе жіберген. Оның мағынасы қарсыласы тышқан болып інге кірсең де, құс болып келіп іліп әкетемін, бақа болып көлге түссең де, садақ жебемен атып түсіремін дегенді білдіреді. Бұл дәстүрді кейінгі көшпелі хандықтар үнемі қолданып жалғастырған;
  3. Дұшпанының басын кесіп, бас сүйегін күміс немесе алтынмен қаптап сусын құйып ішу. Бұл да оғуз-түріктердің дәстүріне айналған. Хундар, сияньбилер, түріктер, Найманның Таян ханы т.т.с.с. хандар жалғастырған;
  4. Найзаның ұшар басына қыл байрақ байлау;
  5. Найзадағы қыл байрақ сабына ту қоса байлап, кернай, сырнай тартып жауының үрейін алу;
  6. Ұлықтарға, ұлы қарияларға бас тарту дәстүрі осы оғуздардан басталған;
  7. Соғыста ерекше ерлік көрсеткен батырларға хан тарапынан арнайы алтын ыдыспен сарқыт ұсыну дәстүрі біздің дәуірімізге дейін жалғасқан.

Қорытынды

Қола дәуірінің соңы, Темір дәуірінің алғашқы кезеңінде ежелгі оғуздар (іч-оғуз ≈скуз) баба мекені – Орталық Азияда жасап қалдырған керексурлары мен сынтастары олардың тарихын жаңғыртатын бірден-бір материалдық және рухани мұрасы. Сынтастар – сол дәуірде елін, жерін, халқын қорғаған батырларына, көсемдеріне арнап қойылған ұстын.

Осы ұстындар Орталық Моңғолияның Хангай, Кентай, Алтай, Оңтүстік Сібір­ден бастап Қаратеңізге дейін, ежелгі оғуздардың жүріп өткен аймақтарында тұрғызылған. Сол арқылы оғуздар (скиф­тердің) миграциясын белгілеуге мүм­кіндік туғызды.

Онымен қатар ежелгі хундар аталған оғуздардың (скифтердің) Орталық Азияда қалған бір бөлігі екенін сынтас­тар дәлелдеп берді.

Назар салып ескермей, елемей жүрген сынтасымыз бүкіл түркі этносының 3500 жыл бұрынғы тарихын жаңғыртуға бірден-бір түпнұсқа шежіресі болып отыр.

Сынтастар, алып обалар, қалалар, Күлтегін іспетті ұстындар, мазарларымыз бұрынғы түркілердің баба мекенінде сақтаулы жатыр. Тасты көтерсең, түркі деп зарлайды, тауды жаңғыртса, түркі деп шулайды, қара жерге күрек салсаң, түркі деп ыңырсиды, бұлақтың сыбдырын тыңдасаң да, сырқырап аққан өзен суының дауысы да бәрі түркі деп үн қатады.

Бүгінгі Моңғолияның жері – бұрынғы түркілердің баба жұрты. Моңғол халқы ешкімге таптатпай көзінің қарашығындай қорғап, сақтап келеді.

Осындайда бір ой еске түседі. Бү­гінгі Еуропа мен Американың мәде­ни құндылықтарын жасаған да, сақта­ған да гректер. Америкалықтар мен еуро­палықтар сол үшін Грекияны асы­рап отыр. Қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтыға шоқтырмай қорғап келеді. Бүгінде Моңғолия жеріндегі түркінің мәдени-рухани құндылықтарының бола­шағы қыл үстінде тұрғандай. моңғо­лияның оңтүстік көршісі Айдаһар елі жұтып қоятын сияқты. Бабадан қал­ған құндылықтарымызды сақтап отыр­ғандығы үшін, әрі генетикалық туыс­тығымыз үшін осы елді бүкіл Түркі әлемі қорғап, қолпаштау қажет деп санаймын. Осыны қазақ билігі де қаперінде тұтса екен деген ұсыныс білдіремін.

Иә, бұдан 3500 жыл бұрын ұлы бабаларымыз өз қолымен жасап қалдырып кеткен киелі мұралары бүкіл Түркі әлемін қол бұлғап шақырып тұрған сияқты. «Бабаларыңның көзімін, аналарыңның көз жасымын, қарашықтай сақтаңдар, қорғаңдар мені!» деп еңіреп тұрғандай.

 

Қаржаубай Сартқожаұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің профессоры