Сұхбат • 08 Қараша, 2023

Алып елден үйренеріміз көп

825 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазір АҚШ қол жетпейтін арман емес. Тек ерік-жігер, күш-қайрат серік болса, көздеген мақсатың мен жүйелі жоспарың әп сәтте еңселі елдің бір бөлшегіне айналдырады. Бұл сөзімізге бірнеше жыл қатарынан жүргізген табанды әрекетінің арқасында Америкада табысты кәсіпкерге айналған қазақ баласы Ақжол Жұмағұловтың жетістігі дәлел. Осы іскер азаматпен сәтті күндердің бірі жүздесіп, арнайы сұхбат құрдық.

Алып елден үйренеріміз көп

– Ақжол, әңгіменің әлқис­сасын кіндік қаныңыз там­­ған жерден, түлеп ұш­қан мек­тебіңіз бен өскен ортаңыз­дан бастасақ.

– Мен Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Жаман­тұз ауылында дүниеге келдім. Әкем осы жерде өсіп-өнді. Анам – Ұлытау облысындағы Жаңа­арқа ауданына қарасты Қара­ағаш елді мекенінің тума­сы. Бесінші сыныпқа дейін Қа­рағандыда тұрдық. Кейін қазақ-түрік лицейіне түсуіме байла­нысты Көкшетауға қоныс аудар­дық. Қарындасым бар. Екеуі­міз ата-анамыздың риясыз ма­хаб­батына бөле­ніп, мейіріне қанып өстік. Әулеттің алғашқы немересі болған соң, атамның тәрбиесінде болдым. Үлкеннің өнегелі әңгімесін көп тыңдап, қазақы құндылықты бойыма сіңіріп жетілдім. Ол кісі ауыл әкімі болатын, қайда жүрсе де жанынан қалдырмайтын. Бойындағы перфекционизмді, игі жақсылықты маған да үй­ретті. Ауылдың тыныс-тір­шілігі қашанда ыстық. Бірақ өңірде қор­даланған мәселе де аз емес. Мә­селен, білім берудегі ара­қа­шық­тық. Әлі де түйткілдің түйіні тарқады деу қиын. Айталық, мен кітап оқу әдетін лицейдегі қа­тарластарымнан үйрендім. Өйт­кені олардың басым бөлігінің ата-аналары сауатты еді. Маған ал­ғаш энциклопедия сыйлаған күн де жақсы есімде, оны оқып, әр нәрсеге қызығушылығым арт­ты. Сыныптастарымның кітап­тарына көз салып, түрлі жайларды сұрай беретін әдет таптым. Әсіресе фэнтези жанрындағы «Хәр­ри Поттер», «Сақиналар тө­ресі», «Мефодий Буслаев» ерекше ұнайтын. Ауылдағы қа­тар­ластарымның арасында темекі шегу, ішімдік ішу, әйтеуір бұ­за­қылыққа үйір болу «сән» еді. Оларды жазғыра алмаймын, бұл – баяғы 90-жылдарда қоғаммен танылған түсінік.

Білім ордасында жүріп, ха­лық­аралық олимпиадаларға қа­­­тыстым. Сабағыммен қатар спорт­­ты да серік еттім. Боксты тас­­­тамадым. ҰБТ-дан 121 балл жи­надым. Осылайша, Қаржы полициясы академиясында грант­та оқыдым. Академияны бі­тір­геннен кейін мен Степняк қа­ласында, содан кейін Көкше­тауда ішкі істер органдарында тер­геуші болып жұмыс істедім. 2016 жылы Көкшетауда сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл жөніндегі Ұлттық бюроға тү­суге шешім қабылдадым. Екі жылдық еңбектен кейін тергеуші қызметінен аса маңызды істер бо­йынша аға тергеуші лауазымына кезектен тыс жоғарылатты. Өмірімнің осылай өрілуіне ата-анамның үнемі ұрысқан кезде қол­данатын «жұрттың баласы...» деген сөздері шабыт бере­тін. Қатарластарымның алды болуға ұмтылдық. Бұл бір жағы­нан бала кезімнен қалған сана­дағы психологиялық дерт болуы ықтимал, бірақ осы дүние кез келген нәрсені тек жоғары дең­гей­де істеуге ықпал етті.

– Жақсы қызметтің жауап­кер­шілігін арқалаған екенсіз, неге АҚШ-қа көшуге шешім қабылдадыңыз?

– Негізі жұмысымды қарым-­қабілетім жеткенше адал ат­қар­­дым. Қызметтік өсуім де жос­пар­ланған. Алайда кей кедер­гі­лерге байланысты бірқалыпты өмірден, күйбең тірліктен қажып кеттім. Өзгеріс керек екенін ұғын­дым. Ма­гистратура оқуды ойла­дым. Сол уақытта АҚШ-тағы дос­тарым ша­қырды. Ағылшын тілін де әжептәуір білемін. Бірден қол­­ға алдым. Жоғары оқу орын­да­рын іздеп, грантқа тапсы­рып көрдім. Сынақтардан сәтті өтіп, 2019 жылы армандаған Аме­ри­­кадан бір-ақ шықтым. Лос-Анд­желестегі Калифорния универ­ситетіне (UCLA) түсу мақ­са­тымен тілдік курстарға кел­дім.

Америка – өмір сүру салты, деңгейі мүлде бөлек ел. Маған аме­рикалықтарда ұнаған нәрсе, олар үнемі сөйлесу барысында арақашықтықты сақтайды. Қа­ра­пайым дүкен, әуежайда болсын бір тізбектің артына рет-реті­мен тұра қалады. Бұл елде жол жиегінде алғашқы тұрған кө­лік міндетті түрде бірінші өтеді. Бағ­даршам істемей қалғанның өзінде, ол кезек сақталады. Яғни Америка қоғамында толеранттылық, біреу­дің ой-пікірін, адамды құрметтеу басым. Олар ұнамайтын адамға да күліп қарап, күліп амандасады. Әрине, шынайы емес екені байқалады. Бірақ бұл – әлеуметтік норма. Ал бізде шынайы күледі, шынайы ықыласын білдіреді. Айт­пақшы, олардың мүлкіне, бас­қасына зиянын тигізсең, сенімен салғыласып уақытын өлтірмейді, жай бетіңе күле қарап, үстіңнен арыз жазып жібереді.

Американың экономикалық тұрғыда бақуатты мемлекет еке­ні бір­ден сезіледі. Әрине, анау айтқандай қалталы отбасы­дан емеспіз. Ол жақтың тіршілігіне ену үшін демалыс күндері тасы­мал­даушы болып жұмыс істей баста­дым, оларды «муверлер» деп те атайды. Жұмыстың қыр-сы­рын меңгеріп, кейін жүк көлі­гінің жүргізушісі болдым, келісім­шарттарды толтыруда, тапсырыс берушілермен қарым-қатынас орнатуда тәжірибе жинақтадым. Жалпы, жұмысқа келген сайын адамдармен араласудан ләззат алдым. Мен үшін қызықты бола бас­тады. Осылайша, ешқайда бармай, өз бизнесімді бастауға бел будым. Ин­вес­торлық виза жасаттым. Ол үшін Қа­зақ­стандағы «7-20-25»-пен алған Көк­шетаудағы үйімді саттым, көлігімді саттым. Қазақтар жат елде жү­ріп, бір-біріне жақсы демеу бола­ды ғой, сыртта жүріп отандаста­рымыздың ілтипатын сезіндім. Кә­сіп бастарда олар маған қайда және қалай сатып алу керегін ег­жей-тегжей түсіндірді. 2020 жыл­дың қаңтарында өз компаниям­ды тіркеп, сол жылдың нау­рыз айында алғашқы трегімді сатып алдым. Көп ұзамай жүк көлікте­рін көбірек сатып ала бастадым. Экономикада бәрі «Up and down» тәртібімен қозғалады. Сон­­дық­тан бизнесімде бәрі бір­ден сәтті болды деп айта алмаймын. Қанша қаражатым, күш-қайратымды сарп еттім. Негізсіз тәуекел жасадым. Қазақ «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де ке­те­сің. Уайым түбі – тұңғиық, бата­сың да кетесің» дейді ғой. Осы ұстаным әркез аттың тізгінін тежеп ұстауыма сеп болды.

– Сіздің ұстанымыңыз көп­ке үлгі болары анық. Қазіргі жас­тарға қандай бағыт-бағдар бересіз?

– Біздің қазақтың жастары өте білімді. Мықты. Қазіргі балалар техниканың тілін шемішкеше шағады. Олар ортаның алдында мықты болуы үшін бізге қара­ғанда бірнеше есе жұмыс істеуі қажет. Менде ішкі жігерді берік етуге негіз болатын дүниелер бар. Олар – сапалы дофамин алу, үлкен мақсатты кішкентай міндеттерге бөлу, миыңды негативті ақпа­рат­пен толтырмау, үнемі ба­ланс ұстау, ішкен асыңа зейін қою, 7-8 сағат нормалы ұйқы, ара­ласатын ортаңның дұрыс бо­луы. Ашып айтсам, бұрын ме­нің өмірім «Up and down»-мен жү­ретін. Бір ай бойы бар кү­шім­­ді салып жұ­мыс істеймін. Кейін бір апта бойы еш­нәрсеге зау­қым болмай қала­ды. Фильм көремін, бостан-бос жүремін. Осы аралықта менің ұятым оянып, қимылдау керек деп миым­ды жей бастаймын. Содан қайта жұмыс істеп кетемін. Оның өзін­­де мен бас­қаларға қарағанда іл­гері жү­ретінмін. Бұл жерде ілгері жүру деген жаңа бірнәрсе ойлап табу керек деген сөз емес. Мә­се­лен, түрлі олимпиадаларда бірінші, екінші, үшінші орын ал­ған жеңімпаздарды салыстырып қарасақ, аралығы секунд қа­на. Сондықтан кез келген әдетті қа­лып­тастыруда қажырлы еңбек қажет.

Төрт жыл бұрын Америкада «Атом­ные привычки» деген кітап оқыдым. Нәтижесінде, өміріме ба­ланс ұғымы келді. Бұрынғыдай бір ай барымды салып жұмыс іс­теп, бір апта бостан бос демалу де­ген қа­ғида жойылды. Біз үнемі өзімізге үлкен мақсаттар қоямыз. Оны орындай алмағанымыз үшін өзімізді жазғырамыз. Мен пер­фекционист адаммын, алға қой­ған мақсаттарымның орын­да­л­ғаны маңызды. Ол үшін үл­кен мақсатты міндеттерге жік­тей­мін. Міндетті түрде қойын дәптеріме қаламмен жазып, орын­далған­дарына белгі соғып отырамын. Мәселен, қарапайым бір кітапты бір айда бітіру үшін күн сайын жарты сағаттан кем емес уақы­тым­ды кітап оқуға арнаймын. Осы ретте күш-жігерім сынала­ды. Қатты қиналып жатсам, шаруала­рымның көптігіне байланыс­ты кем дегенде күніне бір бет міндетті түрде оқимын деп өзім­нің күнтізбелік тізіміме ен­гізе­мін. Бірақ міндетті түрде кемі 10 бет оқылады. Тіпті одан аз оқы­сам да өзімді қинамаймын. Маңыз­ды бір нәрсені көздедің бе, кіш­кентай қадамдардан бас­тау керек. Өйткені басы оңай бол­­ған соң, оған кірісіп кету де жеңіл болады. Сонда сіз өзіңізді пси­хо­логиялық тұрғыда іштей жемейсіз.

Өмірде тепе-теңдікті ұстау үшін белгілі бір мөлшерде миды алдап, күш жұмсау қажет болады. Сонда сіз жасаған кез келген істе нәтиже болады. Жаман әдетті жасау тым жеңіл, одан бөлінетін дофаминнің қуаты да ұзаққа созылмайды. Ал жақсы әдеттің барлығы белгілі бір мөлшерде энергияны қажет етеді. Бірақ одан бөлінген эмоция сапалы, ұзақ уақытқа татиды.

Тағы бір мәселе – бізге әлеу­мет не таңады, соны бейсаналы түрде қабылдаймыз. Бір жағы­нан діншілдік бар. Қоғаммен бе­кі­­тілген таптаурындар көп. Ал Америкада көзқарас, таным, бәрі мүлде бөлек. Рас, жаман әдет адамға тез жұғады. Сіздің ортаңыз бизнесті үйіріп отырған аза­маттар болса, күндердің бір күнінде сіз де солардың бірі боласыз. Айтпақшы, метаболизм дұрыс жұмыс істесе, энергияға толып жүресіз. Зерттеуге сүйенсек, фейк ақпараттар адамның санасына тез таңылады. Сондықтан ақпараттарды да саралай білу қажет.

Мен үнемі қойын дәптеріме жоспарларымды жазып отырамын. Бұл менің екінші миым секілді. Соның арқасында миым­­да артық заттар болмайды. Тіп­ті кіммен қай уақытта кез­де­суім қа­жет екені жазылып тұра­ды. Эмо­ция­ла­рымды да сол күнделік­ке жазамын. Түптеп келгенде, спортпен айналысып, сапалы энергия алуға ұмтылу қажет. Адам робот емес қой, менің де шар­шайтын, қажитын кезім болады. Бірақ қатты стресске түсіп, өзімді ырықсыз жібере салмаймын. Таза ауаға шығып демалып, мейлінше жаным қалаған дүниелерді істеп, 1-2 күнде өзімді қайта қалпына келтіріп аламын.

– Бизнесіңізді Қазақстанда отырып та басқара аласыз. Жал­­пы, қанша отбасын жұмыс­пен қамтып отырсыз?

– Жаныма ТМД елдерінің аза­маттарын топтастырдым. Қазір қол­астымда жазда 180-190 адамға дейін, қыста 80-90 қыз­меткерім болады. Бұған қоса Қа­зақ­станда 10 азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Олар Америка нары­ғындағы айлықты алады. Жұ­мыс­тың барлығын қашықта отырып та істеуге болады. Бірақ мен түбегейлі елге оралмадым. Мына жақта бірнеше кәсіптің ба­сын ұстадым. Әлі жоспар көп. Бес жылда дүние жүзіндегі ең бай 50 азаматтың қатарына кір­сем деген мақсат бар. Бір түй­генім, АҚШ-та бәрібір сен қанша мықты болсаң да, иммигрант болып қаласың. Ал өз еліңде сен қарапайым қазақтың баласы Ақжолсың...

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»