Жетісу өңірінде дүниеге келген Оңалсын Исламұлы жастайынан білімге құштар, талабы таудай, зерек бала болып өсті. Қоғам алдында жауапкершілікті сезінуіне оған, ең алдымен, отбасында көрген тәлім-тәрбие әсер етті. Әкесі Ислам атамыздың дұрыс бағыт-бағдары, анасының шексіз мейірімі бала Оңалсынның болашағына жол салды.
Екіншіден, өскен ортасы, киелі жер – Жетісу өңірінен қазақтың талай маңдайалды ұлдарының өнегелі, ел игілігі үшін еткен еңбектері үлгі болды.
Оңалсын аға әйгілі ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілген мектепте білімі мен парасаты ұштасқан ұстаздардан дәріс алды.
Мектепті аяқтағаннан кейін бірнеше жыл қатарынан жоғары оқу орнына түсуге талаптанды. Соның ішінде – Ленинград университетінің шығыстану факультетіне, Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика мамандығына құжат тапсырып, өзін сынап көрді. Ақырында заңгерлікті таңдап, прокурорлық қызметке өзін іштей дайындады. Нәтижесінде, Қазақ мемлекеттік университетіне «құқықтану» мамандығына оқуға түсті. Заң факультетін озат аяқтады.
Бұл тұста айта кететін маңызды жайт бар. Оңалсын Исламұлы университетті бітірместен, 1974 жылы оқуының соңғы курсында өндірістік тәжірибеден өте жүріп, прокуратураға жұмысқа қабылданды. Оның алғырлығын, жұмысқа деген ерекше талпынысын байқаған Алматы қаласы Әуезов аудандық прокуратурасының тергеушілері, тіпті, бірқатар істі тергеуді сеніп тапсыратын.
Сондықтан аудан прокуроры Нұрқасым Ахмедиев тергеушілік қызметіне Оңалсын Исламұлын ұсынады. Сол кезден бастап ол прокуратура қызметінің барлық сатысынан – аудандық прокуратураның тергеушісі, аудан прокуроры, облыс прокурорының орынбасары, облыс прокуроры, Бас прокурордың бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Тергеуші жұмысында әбден ысылған Оңалсын Исламұлы 1980 жылдың ақпан айында бірден Республика прокуратурасы тергеу басқармасының прокуроры етіп тағайындалды. Яғни қатардағы аудан прокуратурасы тергеушісінен республика көлеміндегі тергеудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын басқармаға қызметке қабылданды.
Ол жерде тағдыр оны кеңестік Қазақстанның прокуратурасын 18 жыл басқарған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, прокуратура жүйесіне еңбек сіңірген тұлға Өтеген Сейітовпен кездестірді.
Іске зерек Оңалсын Исламұлы адам тани білетін Өтеген Сейітұлының назарынан тыс қалған жоқ. Көп уақыт өтпей-ақ оның жұмысқа деген құлшынысын бағалай отырып, өзіне аса маңызды тапсырмалар жөніндегі көмекшісі етіп бекітті. Сөйтіп, Өтеген ағаның оң қолы ретінде үш жыл бойы қалтқысыз қызмет етті.
Республика прокуратурасында қызмет ете жүріп, ол бүкіл ел көлеміндегі қадағалау жұмысына талдау жасауды қолға алды. Тергеу практикасындағы кейбір олқылықтарды түзетуге, прокуратура қызметіне кешенді түрде қарауға бағытталған көптеген іргелі істі жүзеге асыруға бастамашылық танытты. Республика прокуратурасында Оңалсын ағамыз елімізде заңдылықтың бекемделуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматпен қызметтес болды.
Оңалсын Исламұлының жұмыс қабілетін ескере келе, көп ұзамай прокуратура жүйесінің қадірлі ардагері, сол кездегі Алматы қаласының прокуроры Степан Шуткиннің ұсынысымен оны қаланың ең жауапты аймақтарының бірі – Фрунзе ауданының (қазіргі Медеу ауданы) прокуроры етіп тағайындайды.
«Жүк ауырын нар көтереді» демекші, аудан прокуроры болған екі жылдың ішінде өзіне артылған сенімді ақтады. Кейін Алматы қаласы прокурорының орынбасары етіп тағайындалды. Осы лауазымда бес жыл қызмет етіп, 1990 жылы Маңғыстау өңіріне облыс прокуроры болып барды. Сол кезде жаңадан құрылған облыстың түйіні шешілмеген мәселелерін заң аясында реттеуге тырысты. Маңғыстаудан кейін Алматы облыстық прокуратурасын басқара жүріп, өңірде заңдылықты нығайтуға, азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға өлшеусіз үлес қосты.
Осы орайда Бас прокуратура басшылығына да жаңа көзқарастағы қызметкерлер келіп, жоғары қадағалауды заман талабына сай тұрғыда дамытуды қолға алады. Солардың қатарында Оңалсын Жұмабеков болды.
Ол 1996 жылы еліміздің Бас прокурорының орынбасары лауазымына тағайындалып, түбегейлі реформаларды жүзеге асыру ісіне белсене кірісіп кетті. Сол кезеңде, әсіресе прокуратураның конституциялық функциялары негізінде жедел-іздестіру, тергеу саласын қадағалау, сотта мемлекеттік айыптауды қолдау мен сот үкімдерінің заңдылығын қамтамасыз ету тетіктері күшейтілді, шетелмен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету, жасырынып жүрген адамдарды ұстап беру сияқты өзара қарым-қатынас орнатыла бастады.
2005 жылы қадағалау қызметінің барлық сатысынан өтіп шыңдалған Оңалсын Исламұлы Әділет министрі қызметіне тағайындалды. Жүктелген міндеті үлкен жауапкершілікті талап ететін саланы басқара жүріп, ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. Ақырында әділет органдары саласы жаңа сатыға көтерілді.
Оңалсын Жұмабековтің бастамашылығымен қылмыстық-атқару жүйесіне халықаралық ережелерді енгізу, сотталған адамдардың құқықтарын қорғауды нығайту, азаптауға жол бермеу мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Ол министрлікті басқарған тұста ірі заңнамалық өзгерістер болды. Өлім жазасына мораторий жасалып, қылмыстық заңнамаға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Алғаш рет «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» заң, экономика саласы үшін әлі де маңызды – «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы» заң, жеке нотариустардың, аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы және өзге да ел өмірі үшін өте қажет заңдардың жобасы әзірленіп, Парламент арқылы қабылданды.
Оңалсын Исламұлының өміріндегі тағы бір маңызды саты – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымын атқарған кезі. Оның басшылығымен Орталық сайлау комиссиясы бірнеше электоралдық кезеңді сәтті өткізді. Соның ішінде 2005 жылғы желтоқсандағы Республика Президентінің, тамыздағы Сенат депутаттарының сайлауын атап өтуге болады.
Одан кейінгі жылдары Оңалсын Жұмабеков Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Жоғары сот Кеңесінің төрағасы ретінде көптеген салалы істерді қолға алды. Ең маңыздылары ретінде 2007 жылғы конституциялық реформаны, Жоғары сот Кеңесінің дербес орган етіп құру жөніндегі шешімді, «Жоғары сот Кеңесі туралы» заңның қабылдануын, судьяларды тағайындау талаптары мен механизмінің өзгеруін атап өткен жөн.
Құқықтық салада өлшеусіз тәжірибе жинақтаған Оңалсын ағаның 2012 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайлануы заңды екені сөзсіз.
Мәжіліс депутаты ретінде маңызды және өзекті мәселелерді Парламент мінбесінен көтеріп, олардың оң шешілуіне себепкер болды. Ол депутат болған тұста Парламент кодекстерді түгелге жуық жаңғыртты. Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Азаматтық процестік, Еңбек кодекстері қабылданды.
Өмір жолы жас буын үшін үлгі болуға лайық мемлекет қайраткері, прокуратура органдарының құрметті ардагері Оңалсын Исламұлы қазіргі күні де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей келеді.
Ол әрдайым жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін ақыл-кеңес ретінде жастарға айтып отырады. Оңалсын Исламұлының жетістігінің сыры – кәсіби біліктілігі мен азаматтық болмысының тазалығында екендігі анық.
Берік АСЫЛОВ,
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры