Заң нормалары мемлекеттік, құқық қорғау, сот, ішкі істер органдары мамандары, адвокаттар, ғалымдар, кәсіподақ мүшелері, сарапшылар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен бірнеше рет талқыланғанымен, құжатқа қатысты әлі де түсінбеушілік көп.
Қазіргі кезде елімізде адамның жеке басы мен отбасын куәландыратын 11 құжаттың 7-еуі құжат иесі туралы толық ақпарат бере алады. Әлемнің көптеген мемлекетінде тұлғаны сәйкестендіру бойынша биометриялық технологиялардың заманауи мүмкіндіктері төлқұжаттық-визалық тіркеу жүйелеріне енгізілген. 2009 жылы Еуроодақпен Визалық кодекс қабылданды, ал Шенген аймағына кіру үшін виза алу кезінде шетел азаматтары биометриялық тіркеуден өтуге міндетті. Биометриялық құжаттар «ICAO» халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Бұл ақпараттық жүйе саласындағы қызмет көрсету түрлерін кеңейтіп, визалық режімді жеңілдетеді, көші-қон қауіпсіздігінің тиімділігін арттырады.
Азаматтардың дактилоскопиялық, яғни саусақ бедерлерінің үлгісін алу, тіркеу, жеке куәлік, ұлттық төлқұжатты жаңадан алу немесе ауыстыру кезінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылады. Саусақ бедерінің үлгілері Қазақстан азаматтарынан басқа елімізде тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардан да алынады. Жасы 12-ге толмаған балалар тіркеуден өткізілуге жатпайды.
Бұл заң мемлекетке, халыққа не береді? Заңды қабылдағаннан не ұтамыз? Көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарға жауап беріп көрейік. Біріншіден, заңның қабылдануы тек мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдарды елімізде уақытша, тұрақты тұрып жатқан ел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, шетел азаматтары туралы толық, шынайы ақпараттармен қамтамасыз етеді. Заң өз-өзіне қол жұмсаған адам мен қылмыстық әрекеттен қайтыс болған, табиғи, көлік, техногендік апаттар салдарынан қаза болған адамдардың жеке басын саусақ іздері, геномдық деректері арқылы тез анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде табылған мәйіттердің жеке басын анықтауға бір айдан аса уақыт кетеді, бұл олардың жақындарын жан күйзелісіне ұшыратып қана қоймай, елеулі құқықтық зардапқа әкеп соқтырады.
1973 жылы «Медеу» шатқалындағы су тасқынынан қаза болғандардың көбінің, 1980 жылы «Алматы-Симферополь» бағытымен ұшқан «ТУ-154» ұшағында қаза болған 189 жолаушының 60 пайызының жеке басы анықталмай қалды. Өндіріс орындарында болып жатқан апаттар тек меншік иесі мен мемлекетке зиян келтірмей, жұмысшылар отбасыларына орны толмас қайғы әкелгені белгілі. Әр жылдары шахталарда болған апат салдарынан қаза болған кеншілердің жеке басын анықтау комиссия мен тергеу тобына оңай болған жоқ. Геномдық сараптама тағайындау үшін мүрделер Астана, Алматы қалаларына жеткізіліп, олардың жеке басын анықтау үшін қаншама жұмыс атқарылды. Ол үшін адамнан биологиялық үлгі керек. Бұл тексеру бір айдан аса уақыт алады және онсыз да қан жұтып отырған марқұмдардың отбасыларына қосымша қаражат пен жан күйзелісін, ауыртпашылық әкелетіні сөзсіз.
Заң нормалары адамның биометриялық деректері жеке басын анықтауға, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету, көші-қон үдерісін қадағалау, терроризм, экстремизм іс-әрекеттеріне қарсы күресу, мемлекеттік басқару органдары жұмысының тиімділігін арттыру және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандығын қорғау мен қамтамасыз етуге бағытталған.
Адамдардың қолтаңбалары мен ДНҚ-сы, биометриялық есебі әлемнің көптеген мемлекетінде жүргізіледі. Бұл деректер әлем елдері тәжірибесінде ақпаратпен қамтамасыз ету, виза, көші-қон, шекара бақылауында, мемлекет пен қоғамның сан саласында қолданылады. Адамның биометриялық деректерін сәйкестендіру арқылы халыққа әртүрлі әлеуметтік қызмет көрсету саласын жаңа, сапалы түрде заманауи смартфондар арқылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Адамның биометриялық деректерін жүйелі түрде жинақтап, есепке қою арқылы оның электрондық нұсқасының сақталуын қамтамасыз ету – заман талабы. Заңның қабылдануы құқық қорғау органдарының, азаматтардың шешілмей тұрған үлкен мәселесі – қазіргі күні жеке басы анықталмаған мәйіттердің кім екенін біліп, жаңа туған сәбилерді тастап кеткен аналарды табуға септігін тигізеді.
Елімізде жылдан-жылға із-түзсіз жоғалған адамдар мен жеке басы анықталмаған мәйіттер саны көбейіп келеді. Кейінгі 5 жылда елімізде 9 748 адам із-түзсіз жоғалған, 644 мәйіттің жеке басы танылмаған. Биылғы тоғыз айда елімізде хабар-ошарсыз кеткен 9 823 адамның 9 566-сы жедел-іздестіру шаралары кезінде табылған. Осы мерзімде анықталған 388 мәйіттің 69-ының жеке басы анықталмаған. Бір ғана Қызылорда облысында кейінгі бес жылда 36 адам жоғалып кеткен, табылған мәйіттердің сегізінің жеке басы анықталған жоқ.
Арнайы заң қабылданғаннан кейін әр азаматқа берілетін геномдық төлқұжатқа ол туралы барлық дерек енгізіледі және апатқа ұшыраған кез келген азаматтың жеке басы оқиға болған жерден алынған биологиялық материалдармен салыстыра отырып, тез, жеңіл сәйкестендіріледі. Мемлекеттен қазіргідей көп қаржы бөлінбейді, мәйіттердің биологиялық материалдарын бір облыстан бір облысқа тасымалдамай, өз аймағында зерттеуге мүмкіндік алады.
Шетел тәжірибесін талдау көрсеткендей, биометриялық тіркеудің бірыңғай жүйесін тиімді пайдалану қатаң заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылғанда ғана өз жемісін беруге тиіс. Заң бұл бағыттағы арнайы органдардың құрылымдық жүйесін, қызметі мен өкілеттіктерін, есепті жүргізуге жауапты, арнайы өкілдердің міндеттері, ақпараттар аясын, көлемін, тәртібін, ведомстволық-ақпараттық аумақ рәсімін реттейді. Сонымен бірге заңда биометриялық деректердің құпиялығын қамтамасыз етудегі ресми органдардың міндеттемелері, оны сақтамаған адамдардың жауапкершілігі бекітілген. Дактилоскопиялық және геномдық ақпарат мемлекет кепілдік беретін қорғауға жатады.
Биометриялық деректердің автоматтандырылған есеп жүйесі олардың есепке алынған жері бойынша электронды түрде сақталуын қорғау Бас прокуратура мен ІІМ-ға жүктелген. Дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жинауды, өңдеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар дактилоскопиялық ақпараттың құпиялылығын сақтауға және оның қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Заңның кей нормалары әлі күнге дейін азаматтарды алаңдатып отырғаны белгілі. Мәселен, оларды биометриялық деректердің үшінші адамдар, террористік ұйымдар, қылмыстық топтардың қолына түсіп қалу қауіптілігі туралы сұрақтар мазалайды. Бұл тұрғыда деректердің сақталуы, өңдеу кезіндегі операторлардың, басқа да қызметкерлердің құпия деректерді басқа адамдарға таратпау, олардың жауапкершілігі, міндеттері, олардың іс-әрекеттеріне шағым жасау тәртібі заңмен бекітілгенін айта кеткен жөн.
Заң міндетті геномдық тіркеуді реттейді. Ал геномдық тіркеуге: ауыр немесе аса ауыр қылмыстарды, оның ішінде он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, жас балаларды азғындық жолға түсірумен байланысты, басқа да сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасағаны үшін сотталған адамдар, ашылмаған ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, танылмаған мәйіттер жатады. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары, бірінші кезекте, ата-аналары және балалары, ал олар болмаған кезде туыстық дәрежесіне қарай басқа да биологиялық туыстарының келісіммен геномдық тіркеуге жатады.
Геномдық тіркеуді жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпарат қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анықтау және белгілеу, хабарсыз кеткен азаматтарды, елімізде тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіру, танылмаған мәйіттер бойынша Қазақстан азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын, іздестіріліп жатқан немесе анықталып жатқан адамдардың туыстық қатынастарын анықтау мақсатында пайдаланылады.
Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,
полиция полковнигі