Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
2021 жылы полиэтиленнің әлемдік нарығы шамамен 140 млрд долларға бағаланса, 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 186 млрд долларға жетеді делініп отыр. Бұл ретте полиэтиленге сұраныс 2021 жылғы 109 млн тоннадан 2027 жылы 140 млн тоннаға ұлғаймақ. Осы кезеңде өндіріс 108 млн-нан 135 млн тоннаға дейін артады деп көрсеткен ReportLinker зерттеу компаниясының дерегін есепке алсақ, бұл өндірістің өсім драйверіне айналып бара жатқанын байқауға болады. Сұраныс пен өндірістің өсуі негізінен электртехника, электроника өндірісі, автомобиль жасау, тағам мен сусындарды орау салаларының кеңеюіне байланысты. Барлық маркінің ішінде тығыздығы жоғары полиэтилен 2021 жылы нарық үлесінің шамамен 43%-ын иеленді. Қаптама сегменті әлемдік полиэтилен нарығының ең жоғары үлесін ‒ 60%-ын алады.
Осы үдерістерге сай табысты ынтымақтастық орнату аясында еліміз әлемдік көшбасшылардың бірі ‒ Sinopec мұнай-химия корпорациясын стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отыр. Мұнай-газ химиясы саласын дамытудың маңызды кезеңін іске асыру экономикаға мультипликативтік әсер беретіні сөзсіз. Осылайша, Қытайдың ірі компаниясының қатысуымен алдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Атырау облысында жылдық қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен зауытының құрылысы басталады. Жуырда Бейжіңде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, Sinopec және ресейлік «Сибур» жоба операторы «Силлено» компаниясындағы қатысу үлесін сатып алу-сату шарттарына қол қойды. ҚМГ қытайлық компанияға өзінің 20%-ын, ал «Сибур» 10%-ын сатуға келісті. Сонымен ұлттық компания бірлескен кәсіпорынның 40%-ын, Sinopec – 30%-ын, «Сибур» ‒ 30%-ын бақылайтын болды. Қытайлық компанияның жобаға кіруін заңды ресімдеуді келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Ал жылдың ортасына қарай түпкілікті инвестициялық шешім қабылдануға тиіс. Sinopec қосылғаннан кейін жобаны іске асыру жеделдей түседі. Қытайлық серіктестердің мұнай-химия кәсіпорындарын жобалау, салу және пайдалану тәжірибесі полиэтилен өндіру бойынша заманауи және сенімді кешен құруға, сондай-ақ болашақта Қытай аумағында дайын өнімді өткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Шикізат мәселесіне келсек, мамандар этанның Теңізден жеткізілетінін, ол үшін кен орнында газ тазарту кешені салынатынын айтып жүр. Жоба бойынша маусымда KMG PetroChem мен «Теңізшевройл» келісімге қол қойған. Кешенді орналастыру үшін ҚМГ еншілес кәсіпорны кен орнының аумағында ТШО-дан 30 жылға 111 гектардан аса жерді жалға алады. Сонымен қатар зауыт жыл сайын 9,1 миллиард текше метр төңірегінде құрғақ газ өңдеп, шамамен 1,6 миллион тонна этан шығармақ. Өңдеуден кейін 7,8 млрд текше метр көлеміндегі жұтаң газ бен 370 мың тонна пропанның бір бөлігі ТШО-ға қайтарылады. Газ тазарту кешенінің құрылысы алдағы жылдың наурыз айында басталады. Этанды Теңізден зауытқа жеткізу үшін ұзындығы 225 км құбыр салынады. Зауыттың өзі Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінің аумағында орналасады. Онда Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) компаниясының полипропилен шығаратын кәсіпорны жұмыс істейді. Әрине, шикізаттың болуы ‒ басты бәсекелестік артықшылық. Мысалы, 1,6 млн тонна этан алу үшін 9 млрд текше метр құрғақ газды өңдеу қажет болса, Теңіз газының жиынтық құрамындағы этанның молярлық үлесі – шамамен 14%. Ал көрші елдерде – 2-2,5 миллион тонна этан алу үшін 45 миллиард текше метр газды өңдеу қажет, өйткені этанның молярлық үлесі – 3%-дан 5%-ға дейін. ҚМГ-дағы жобаның тартымды ерекшеліктеріне шикізаттың құны мен оларды бірнеше жобалар арасында бөлу есебінен инфрақұрылым шығындарының арзандауы жатады.
Кейінгі жылдары Sinopec Overseas Investment Holding дайын кәсіпорындарды сатып алып, жаңа зауыттарға инвестиция құюға мойын бұрғаны байқалады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың ең ірі мұнай-химия компаниясы мұндай жоспарға ҚХР билігі сұраныс пен артық қуаттың өсуінің баяулауынан, сондай-ақ жоғары сапалы материалдар мен энергетикалық өнімдерге көшу аясында ел ішінде жаңа мұнай өңдеу зауыттарының құрылысын шектеуге шешім қабылдағандықтан келген. Қытайда бензинге деген сұраныс 2024 жылы шарықтау шегіне жетеді деп болжанған. Sinopec шетелдік мұнай өңдеу және химиялық бизнесті кеңейту үшін өзінің барлық мүмкіндігін пайдалануға тырысып, өнімге сұраныс артып келе жатқан өңірлерге басымдық беріп отыр. Компания Шри-Ланка, Сингапур, Аустралия және Бразилияда МӨЗ сатып алу мүмкіндігін зерттеген. Бүгінгі таңда Sinopec-тің шетелдік активтеріне Сауд Арабиясындағы қуаттылығы күніне 400 мың баррельді құрайтын Yasref мұнай өңдеу зауыты, сондай-ақ 2027 жылы пайдалануға берілетін Ресейдегі Амур газ-химия кешені кіреді.
Шетелдік инвестициялар отандық өнімдерді халықаралық нарықтарға шығаруға көмектеседі. ҚМГ тарапы полиэтиленді ішкі және сыртқы нарыққа сату жоспарланып отырғанын айтты. Ұлттық компанияның есептеулері бойынша, отандық нарықтың сыйымдылығы жылына шамамен 180 мың тонна полиэтиленге бағаланып, жыл сайын күтілетін өсім орташа есеппен 4%-ға артады. «Силлено» өз өнімдерінің 10-15%-ын ішкі тұтынушыларға сатып, қалғанын экспортқа жіберуге ниетті. Бұл ретте полиэтиленді тұтыну жылдан-жылға қарқын алып келе жатқан Қытай мен Түркия, оған қоса ТМД мен Еуропа әлеуетті өткізу нарықтарына айналары хақ.