Теңге • 09 Қараша, 2023

Теңге мен деньги төркіндес терминдер ме?

1246 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біз басқа тілден біраз сөз алдық. Әрине, әлемдік деңгейдегі тауар немесе өнімді өзіміз көп шығармағаннан кейін амалсыз озық елдердің бізге берген терминін пайдаланамыз немесе көрші орыс тілі қабылдаған сөзді қолданысқа кіргіземіз. Ал бұдан бұрынырақ заманда көрші тілдерге көбірек сөз беретін едік, өйткені оларды көбіне өзіміз өндірген болатынбыз. Мәселен, деньги (теңге), товар (табар сөзі бұрын «ұсақ мал» мағ.), шатер (шатыр), утюк, кирпичь, стакан, сундук, булат, колпак, карандаш, штаны (іш тон), малахай, урюк (өрік), курага (құрғақ), изюм (жүзім), кумыс, курт, йогурт (ұйыт), серьги (сырға), жемчуг (інжу), башмак, шашлык, чебурек (ши бөрек), кабачок (асқабақ) т.б. Енді қазіргі кезде кейбір тағам атаулары мен ұлттық дүниетанымға байланысты сөздер ғана болмаса, көрші тілдерге лексикалық жағынан әсер етіп жатқанымыз шамалы.

Теңге мен деньги төркіндес терминдер ме?

Содан болар Еуропа тіл­дерінде біздің сөздеріміз бар дегенде күмәнмен қарап қалуымыз ғажап емес. Оған себеп, біріншіден, қазіргі кезде басқа тілден біз көп сөз аламыз, екіншіден, әлемнің көптеген сөзін біздікі деп айтатындай «халық этимология­лары» көбейіп кетті. Әрине, солардың ішінде Бразилия «біраз ел», Аргентина «арғын елі», караоке «қара оқы», салфетка «сал бетке», фут (футбол) «бұт», экватор «екі батыр», медицина (Медет Ибн Сина) деген сияқты қалжың ретінде айта салынғандары да жетерлік. Қазақ «хас – сақтан», Кереку – «керегеден», Осакаровка – «аса қарлыдан» келді дегендер де іштей құптарлық болса да, шындыққа жанаспайды.

Дегенмен атойлап тұр­ған дәуірде көр­ші­ славян халық­тарына бізден бұрын­ғы кез­де көп сөз кіргені шындық. Сон­дай сөз­дің бірі – деньги. Оның қазақ­тың тең­ге­сінен келгені рас па? Соны тал­дап­ көрейік.

Теңге – Қазақстан Респуб­ли­касының ұлттық валютасы. Президенттің 1993 жылғы
15 қарашадағы Жарлығы бойынша айналысқа енгізілді. Төл теңгемізге биыл 30 жыл толып отыр. Басшылық теңгені ресми валюта ретінде бекер таңдаған жоқ. Бұл атау көне дәуірлерден бері қазақ даласында бар, бертін кездің өзінде «сом, ақша, күміс тиын, жиыр­ма тиын» деген мағынада айтылып келді. Қазақ және түркі тілдерінің біразында ең кең таралған семантикасы ол – «жиырма тиынға тең күміс монета». Абайдың аударма шығар­­масында да күміс тиын деген мәні айқын аңғарылады: Кер­дең басып шіркеуге жақын бар­ды / Қалтадан бір теңгелік кү­міс алды. Бәрің бірдей талас­пай­, бөліп ал, деп / Бір теңгелік кү­міс­ті лақтырды (Вадим поэм.).

 Алтынорда дәуірінде, тіпті Руське деньга және тенка болып кірді. Орыс тілі этимологиялық сөз­дігінің авторы Фасмер орыс тілінде деньга және тенка ұғым­­да­ры 1361 жылдан бері бар екенін ай­тып, оның түркі тіл­дерінен кір­ге­нін алға тартады:

«Древнерусская деньга, также­ тенка «монета», заимствованы из тюркс­кого теңке «деньги, серебреная монета» (Фасмер I 1986: 499).

Добродомов та оның Алтын­орда дәуірінде кіргенін анық дәлел­дермен тұжырымдайды:

«К тюркскому слову теңге восходит русс­кая деньга «монета, достоинством в пол­копейки». Слово известно по памят­ни­кам русс­кой письменности с XIV века, ког­да на Руси после почти трехвекового пере­рыва возобновилась чеканка собст­вен­ной монеты по золото­ордынским образцам. От день­га происходит общее название деньги» (Добродомов 1967: 367).

Теңге сөзінің шығу төркінін лингвис­тер түрліше анықтайды. Фр. Миклошич және К.Френ тамга (таңба) сөзімен бай­ла­ныстырса, В.Радлов теңерек «дөң­ге­лек (төңірек)» деп түсіндіреді. Ал Доб­ро­домов теңгені тиын сөзіне қатысты деп жорамалдайды. М.Рясянен осы пікір­ге жақын теңгені тұңғыс-манжұр тілін­де­гі «бұлғын» мағынасындағы денке атауы­мен байланыстырады көрген (Рясянен 1955: 25). Тиынның тиін терісінен шық­қанын­дай бұл жорамалдар ақылға қонар­лық. Бірақ Гераклеид, Хорн, Мюнкачи, Егоров, Ахметянов, т.б. этимолог ғалымдардың теңгені парсының даң/данаг (біздің дән/дәнек) сөзімен байланыстырғандары әлі де дәлелді қажет етеді.

Теңге қазіргі түркі тілдері ішінде қарақалпақ, қырғыз, татар мен баш­құрт­шада, сонымен қатар өзбек, ұйғыр, түрік­мен тілдерінде «сом, ақша, жиыр­ма тиын, монета, күміс тиын» тіпті «ба­лық қабыршағы» деген мағыналарда қол­да­нылады. Алтай, чуваш, тіпті моңғол тілінде «күміс тиын» деген мағыналарда сақталған.

Қорыта келгенде, қазіргі деньги сөзі қазақтың (қып­шақ­­тардың) теңгесінен келгені шын­дық. Ал оның о баста «таңба (тамға)» немесе «дөңгелек» мағы­на­сындағы теңерек (төңі­рек)­ сөзімен төркіндес екені анық.­ Я болмаса, алтай тілдер то­бындағы «тиін, бұлғын» ма­ғы­насындағы деңкемен түбір­лес болуы ғажап емес. Өйт­ке­­ні­ теңгенің көне және кең та­рал­­­ған мағынасы тиын (күміс тиын) дегенге саяды. Осылайша, биыл ресми валюта ретіндегі 30 жыл­дығы тойланатын теңге­міздің тарихы тереңде жатыр. Валю­т­алық термин ретінде отыз жыл толып жатса да, жеке сөз ретіндегі қолданыс тарихы әріде жат­қанын ешкім жоққа шығара ал­майды. Сондықтан теңгеміз мәң­гі болсын, құны түспей ны­ғая­ берсін.

Айтпақшы, ұлы далада тек теңге емес алтын, күміс, дәлдір, бақыр, шақа, жармақ, ақша, елгей, сөлкебай, мір, сом, тиын, пұл, манат, құрыш деген сияқты көптеген түбі түркі ақша атауы қолданыста болған. Олардың ішінде орыс тіліне алтын, алтынник, нибыртинки (бір тиын да жоқ), полтинник (жарты тиын), унтынка (он тиын), ярмак, грошы (түрік тілінде kuruş), монет болып кірді. Төл атаулардан бөлек динар, дирхам, ділдә деген араб-парсыдан келген қаржы терминдері Қарахан дәуірінен бері қатар қолданылды. Олар да солтүстікке біз арқылы кіріп, тюркизм ретінде тіркелген болатын. Түркі ақшасының тарихы мен этимологиясы туралы том-томдап кітап жазуға болатындай.

 

Мәрлен ӘДІЛОВ,

«Астана» халықаралық қаржы орталығының аға менеджері