Тұлға • 09 Қараша, 2023

Адам боп келдім өмірге!..

1552 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

...Қазақстандағы екі қаланың бірінің орталығында қаққан қазықтай қадалып тұ­ра­­тын Ленин ескерткішінің түбінде – субұрқақ. Сол субұрқаққа бет түзеп қойып, екі-үш студент кезекті сабағына дайындалып отырған. Ойда дәнеңе де жоқ.

Адам боп келдім өмірге!..

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Тұлғатану

«Аһа-һай – уһаһаймен» әйтеуір сынақты тапсырса болғаны да. Кенет, арғы бетте отырған егделеу екі адамның біреуі:

– Әй, бала! Сен бері келші, – деді бұл­ар­ға қарап, сұқ саусағын шошайтып.

Үшеуі бір-біріне қарады. «Мына кісі кімді айтып отыр» деген ой таласып тұр: «Біз не бүлдіріп қойдық соншалықты».

– Әй, сені айтамын. Ана ортасындағы бала­ға айтам. Сен кел бері, – деді ана кісі тағы да.

Ана екеуі бұған қарады. Есі шығып тұрған бұл оларға қарайды. «Мен не істеп қойдым» дегендей ол аң-таң. Қаймықса-дағы орнынан тұрды да, солай қарай беттеді. Баяу басып барады. «Мынау не адам? Менде несі бар?» деген ой жегідей жеп бара жатыр.

Жақындай бергенде байқады: сол жағын­дағы кісі Асадағы өзі бітірген мектептің директоры Ерімбет Қонақбаев екен. Ал оң жағында отырған, жаңа ғана бұған сұқ саусағын шошайтып көрсеткен адамның көздері мұны шоқтай тесіп, оттай қарып бара жатыр. Сескеніп қалды. Арғы жақтағы екі досына қарап еді, олар кітап-қағаздарын жинап, үрпиісіп қалыпты.

– Әй, сен бала, бұл жерде не істеп отырсың? – деді әлгі кісі бірден мұны сұрақпен бассалып.

Ол мүдіріп қалды да:

– Мен... біз жай ғана... Сабаққа дайындалып отырмыз, – деді.

– Не?.. Сендер сонда студентсіңдер ме?!

– Иә, студентпіз гидрода...

– Нешінші курстасың? Қай маман­дықтасың?

– Екінші.. инженер болам, – деді бұл күмәндана бәсеңсіп.

Ішінде «бұл кісінің онда не шаруасы бар» деп мазалайды бір ой. Ана кісі қос жанарын жарқырата шашыратып:

– Әй, сен бала тумысыңда тұрған актер­сің ғой! Манадан бері саған қарап қоям қайта-қайта. Актерсің – сен! – дегені.

Мұның өне бойын отты толқын ұрып өтті...

«Не дейт?.. Не деп тұр мына кісі?».

Қаулаған қалың от жан-жүйесін түгелімен шарпыды.

«Бұл кісі не деп тұр маған. Ішімдегіні қайдан біледі?».

Жанарынан от шашыраған адам қасын­дағы кісінің тізесінен бір қолымен қағып жіберді де:

– Қарашы мынаған! Мынадай актерді біз қайдан табамыз? – деді тағы да үстемелетіп.

Екеуі де орындарынан тұра келгенде, бойлары да қарайлас, бірақ мұның арықша келген бойынан біршама аласалау екен.

– Міне, бойының өзі де «мені көрдіңдер ме» деп тұрған жоқ па?

Ана кісі қуана «айтып ем ғой сізге, осы бала» деп мақұлдап тұр. Мына адамның қайтпас-қайсар мінезі де, отты көздері мен ірі сөз саптасы да тура өзінің Иманқұл атасына келіп тұрғанына таңдануда бұл...

– Кім сенің атың?.. – деді әлгі адам апыр-жапыр леппенен.

– Тұңғышбай! – деді енді бұл да сенімдірек үнмен.

– Қой, жүр бастықтарыңа. Мен сені барып, сұрап алып, алып кетем Алматыға! – дегені.

Анадай жерде ошарылып тұрған екі досы да осының бәрін естіп-көріп таңқалып тұр.

– Қане, жүр, кеттік! – деп өзі ілгері баса беріп еді, қасындағы адам:

– Асеке! Міне, былай қарай. Мына жаққа! – деп оңға қарай нұсқап, жолды көрсетті.

Қазақ театр өнерінің әйгілі ардагері, КСРО-ға белгілі өнер қайраткері, Қазақ­стан­ның халық әртісі, өнертану профес­соры Асқар Тоқпанов сол күні институт ректорына кіріп, барлық мәселені шешіп, Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұловты Алматыға алып қайтты. Әкелген бойда Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мем­ле­кеттік консерваторияның актерлік факультетінің бірінші курсына, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның жинақталып тұрған тобына әкеліп қосты.

 

Тұңғышбай – қаламгер

Нағыз өнерді... бүкіл ғаламның қақ ортасындағы жер мен көктің жаратылысын әбден терең түсініп, адамзат ғұмырындағы өткен-кеткеннің барлығын таразылап, өзі жарық дүниенің сырын ұға жүріп, барынша тура жолмен әділетті өмір кешуге бел байлаған жанға жаратушы иеміздің Өзі қасиет сыйлайды екен ғой. Тағы да Тұқаңның адамдық, азаматтық рухына бойлап бір көрейікші. Өзім куәсі болған бір уақиға...

Өздері екінші курста оқып жүрген кездері ғой деймін, әйтеуір бір күні актерлік мамандыққа Тұңғышбаймен бірге түсіп, бірге оқып, біте қайнасып жүрген інім Асқарбек Сейілханов бірде:

– Бізде Тұңғышбай деген курстас жігіт бар. Өлең жазады. Мықты өлеңдері! Соны өзің жұмыс істеп жүрген «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш» қой) шығартып бересің бе? – дегені.

– Мейлі. Әкел. Сөйлесіп көрейін, – дедім.

Үш-төрт күннен кейін Асқарбек маған еңселі, ұзын бойлы, бірақ арықшалау келген, көзі оттай жанған, шашы бұйралау бір науша жігітті ертіп келді.

«Тұңғышбай» деді маған қолын ұсы­нып. Мен оны бірінші рет көріп тұрмын. Қолын­да қалыңдау дәптері бар екен. Ашып қара­дық. Іші тола – қолмен жазылған өлеңдер!

– Көптен жазасың ба өлеңді? – деп сұрап едім:­

– Біраз болды жазып жүргеніме, – деді сенімді үнмен.

– Онда мен әдебиет бөліміне берейін. Шығатын шығар, – деп мен де сенімділікпен дәптерді қолыма алдым.

Сөйтіп, Тұңғышбайдың өлең дәптерін әкеліп, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкеев пен қызметкері Сағат Әшім­баев­тың қолына білгенімше өтінішімді айтып, тапсырдым. «Тағы бір жас ақын келіп қосылатын болды» деп жүрмін ғой өзімше...

Бірақ содан кейін мен де олардан сұрамаппын. Асқарбек пен Тұңғышбай да қайта қайырылып келіп: «Өлеңдерім шығатын болды ма? Неге шықпай жатыр?!» демепті маған.

Кеңес өкіметінің кезіндегі сол қо­ңыр дәптер әлі көз алдымда тұрады. «Тұңғыш­бай­дың өлеңдерін жариялаудың сәті неге түспеді екен? Әлде абайсызда жігіттер жоғал­тып алды ма?» деп ойлаймын мен кейде. Екі жақ болып біздің іздемеуімізден бе, Тұңғышбай мен Асқарбек екеуінің қайта айналып келіп сұрамауынан ба?

Ойлап қарасам... Тұңғышбайдың жырлары газет бетіне сол кезде «жарқ» етіп шыға келгенде, сөз жоқ, жас талант ретінде бірден көкке өрлеп, «міне, менмін» деп жүрген талай-талай апайтөс ақындармен тағдырлас болып, өнердің бұл саласында да жарқырап-жайнап шығар ма еді, кім білген... Өйткені оның түпкі жаратылысының ар жағында тұлпардай аса көркем талантты ауыздықтап мініп алған асау мінез тұрған. Бұл – Тұқаңның қасиеті!

Алланың жаратылысы өз дегеніне жеткізбей қоймайды екен: домбыра тартып, ән шығара бастаған – сөйтіп, жан-жақты суреткерлікке жуықтап қалған актер Тұңғышбай Жаманқұлов, ақыры, қаламын тастамай жазудан танбаған қал­­пы, бірнеше кітаптардың («Наз», 2001;­­ «Сөз», 2006; Екі томдық: «Шер», 2010; «Мұң», қазір аяқталу үстінде), сияқты эссе- хикаяттардың авторы болып та танылды.

Бірақ үнемі ілім іздеп, білім қуып – жаратылысындағы сан қырлы талантын жан-жақты ашуға мұрса берсе-дағы, түп-тұқиянынан келе жатқан тағдыр ағыны оны біржолата актерлік өнердің алтын сарайына Талантты тұлға қалпында сомдап алып кетті. Бұл – жоғарыдан жеткен бұйрық!

 

Ол – театр актері

Тағдырының ағынымен келген Тұңғыш­бай­ Жаманқұлов осылай актер болып театр сахна­сына бет алды.

Нағыз арпалыс енді басталды...

Нәр мен нәпсі, сөз бен ой, қиястық пен қызғаныш, өрт пен дерт, ар мен адам, образ бен заман!

Актер Тұңғышбай өзінің қып-қызыл майданға кіргенін анық білді... Қайтар жол жоқ бірақ! Тұқаң да оңайдан-оңай алған бетінен қайтар емес. Өйткені түп-тұқиянынан келіп қуатты бір қатаң күш тіреп тұр. Жолбұзарлық пен әділетсіздікті көрсе, байқаса болды – әлгі тұлан-тұтқан тарпаң, қыздырма қатаған серпін тереңнен дүрк көтеріліп, айбат шегіп тұра қалады. Бұл соны құп алып, іске асыруға кіріседі.

Халықтық тұлға болып үлгерген актер туралы бұған дейінгі жазылған жария­ла­­нымдардың көптен-көбісі еуропалық стандартпен ХХ ғасырда қазақ халқының санасына да әбден құқайы болып сіңіп қалған – өнер мен актер атаулының сыртқы пішіні мен мінез-құлқын, шығарма мен режиссурасының ерекшеліктерін, т.б. сырттай сипаттайды да қоя салады. Образға кіріп, өнерлік бейнені тағдырымен кейіптеп көпшіліктің өміріне де үнсіз еніп кететін актердің жан әлеміндегі арпалысты олардың білгісі де келмейді.

Сондықтан да өзгелердей емес, біз қиын да болса өзгеше жолды іздеп, осы еңбегімізге актердің рухани сарқылмас болмысындағы өзін өзгелерден айрықша одағайландырып тұратын биік мархаба қасиеттері оның өз бітімін дамыта отырып, өз қатарынан оздыртып, бүгінгі заманауи дамуда қалай болса-дағы өз тұрғыластарынан да аса жоғары, тұғырлы Тұлға болуға әкеліп жеткізген, оның сарқылмас нұрлы арналарын ашып көрсететін жан дүниесіндегі таза қайнар-бұлақтарды мүмкіндігінше сөзбен бейне­леуге ұмтылдық.

Сахнада қарапайым актер болып қалып­­тасуға жету жолының өзіне-ақ жылдар кетті... Сол жылдар жылжи-жылжи Тұңғыш­бай Жаманқұловты талай мәрте «құздан құлат­ты», есін жиғызды, есейтті, ер жеткізді! Небір қиындықтар басқа түскен кезде түп дүние­сінен келіп килігетін, әлдеқайда атырыла шығып, өзін қолтығынан шап­ бере ұс­тап, шамдағай қимылмен тездете демеп, же­­телей алып шығатын бір мәрт мінез мұ­ны бірден-бірге биіктете, көтере бер­ген. Со­дан кейін-ақ бұның қазақ сахна өне­рі­нің қара­ша­ңырағы – Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ драма театрындағы («Әкем теат­рын­дағы») жолы жосыла, ашыла бере-тұғын болды.

Кезіндегі Ресей мен кеңес өкіметінің идео­логиясы тұншықтыра буып тұрған кезе­­ң­н­ің өзінде батысеуропалық және орыс­тық идеяларды көрерменнің көкейіне түп­қазығымен біржолата қағып қою үшін қойылып жатқан спектакльдерде де ол өзінің осы мәрт жолынан айныған емес. Ең бас­тысы, актер Жаманқұлов «өз кейіпкерінің арғы тегіне дейін қазбалап, әдеби нұсқасына терең үңіліп, түсініп алуды, сонан кейін барып сахналық немесе экрандық мазмұнына сана­лы түрде ойысуды...» мүддесіне қатаң бекі­тіп алатын азапкер өнерпазға айналды. Әре­кет арқылы «сөздің мән-мағынасын терең­дету, сөз арқылы ойды ойнатып, тірілту секіл­ді сахна өнерінің басты құралдарын ай­рық­­ша меңгеруге» ол барын салған болатын.

Сөйтіп, ол үлкен сахнада өзінің тұңғыш ойнаған рөлі Бейсенбайдан (Қ.Мұқашев «Дала дастаны») бастап, кейінгі жылдардағы сахналық алтын тұғырлы тарих болып мына заман көрермендерінің есінде қалған Жәнібек хан (Қ.Ысқақ, Шахимарден «Қазақтар») мен Абылай хан (Ә.Кекілбаев «Абылай хан»), Абылай (М.Байсеркенов «Абылай ханның ақырғы күндері») мен Махамбет (Н.Әбутәлиев «Өттің, дүние») бейнелерінің өз халқының тағдыры үшін тауқымет кешкен перзенттерінің заманында зар илеп, бүгінгі ұрпақтарға өнеге көрсетіп, өсиетін жеткізуді қастерлеп өткен аманатын – өз тұлғасына құйып алған актер Тұңғышбай Жаманқұлов тұрды сахнада. Мұндай ғасырлар шыңырауынан шыққан ұқсас тарихи тағдырлар шешімін өмірде екінің біріне бұйырта бермес Алла Тағала!

Еуропа классиктері мен орыс-кеңес қалам­герлерінің жазған рөлдерін сахна­ла­ғандарын былай қойғанда, ұлттық рухымызды коммунистік әміршіл басқыншылық нұсқаулар билеп тұрған кезеңде де қазақ халқының алтын арнасына толассыз келіп қосылып жатқан спектакльдердегі Тұңғышбай ойнаған рольдер арқылы: «Айман-Шолпандағы» (М.Әуезов) Көтібар, «Қарагөздегі» (М.Әуезов) Сырым сері, «Қараш-қараш оқиғасындағы» (М.Әуезов, Қ.Ысқақ) Бақтығұл, «Ақан Сері-Ақтоқ­ты­дағы» (Ғ.Мүсірепов) Жалмұқан, «Үкілі Ыбы­райдағы» (Ш.Хұсайынов) Ақан Сері, «Жан алқымдағы» (А.Жағанова) Мұрат, «Жоғалған достағы» (Т.Ахтанов) Мыр­­захмет, «Кішкентай ауылдағы» (Д.Иса­бе­ков) Демесін, т.б. ол әкеліп қосқан ондаған бейнелер Мұхтар Әуезовтей дана­ның есімін ту етіп көтерген театрдың тарихи қорында сақтаулы тұр.

 

Ол – білікті басшы

Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңына қарай небір қантөгістер арқылы зұлымдық және зорлықпенен адамзат тарихы сахнасына шыққан КСРО деген мемлекеттің тұғыры шайқатылып, қыртыстары сетіней бастады. 1986 жылғы 16-17 желтоқсанда Алматыдағы қазақ жастары дүрк көтеріліп, жетпіс жылдан астам уақыт халқымызды қалжырата қорлап келе жатқан Мәскеудегі коммунистік партияның шешіміне қарсы шықты. Мұндай оқыс оқиғаны өз көзімен көріп қалу үшін жасы әлі қырыққа толмаған Тұңғышбай да театрды қоя тұрып, алаңда жүрді, қаны төгілді. Сақшылардың қолына да түсті. Жауапқа да тартылды.

Осылай тарихтың шаң-топалаңына айналған КСРО қоғамы өзін құтқаруға әрекеті қалмастан, бет-бетіне ыдырай бастады. Әрбір елге өз Тәуелсіздігі ту көтеріп жетті. Соңғы үш ғасырда (XVIII, XIX, XX ғ.) Ресей империясы Қазақ еліне отаршылдықпен баса-көктеп кіргелі бері мәңгүрттікпен күн кешіп келе жатқан халқымызға руханиятымыздың бітеліп қалған түпкі көздерін ашып, ел-жұртымыздың санасына Тәуелсіздіктің жігерімен жаңа күш-қуат құю керек еді.

Жалпы, өнер атаулы, соның ішінде театр өне­рі де тоқырауға келіп тірелді. Театрдың шы­ғар­машылық-тақырыптық ауқымы да, қар­жылық жүйесі де, өнер шаңырағының ша­руа­шылық уық-керегелері де тұралап, қаң­си бастады. Тәуелсіздікке жаңадан қол жет­­кізген Қазақстан Республикасының сол кездегі (1993) Мәдениет министрі бо­лып отырған композитор Еркеғали Рах­ма­­диев қазақ халқына және көпте­ген елге әй­­гілі тұлға болып қалыптасып қалған ак­тер Тұңғышбай Жаманқұловты әбден тұ­ралап қалған М.Әуезов театрының бас­­шысы етіп тағайындады. Бұл дер кезінде дәл­ме-дәл қабылданған батыл шешім болды.

Аса талантты тұлғаға бұл шешім оңай­ға­ түскен жоқ, әрине. Ол өзіне біткен қайт­пас мінезімен қоғамдағы аса күрделі ізде­ніс­терге күрт бетбұрыстар жасап, қолма-қол ұйымдастыруларға, тізерлеп қалған театр­дың еңсесін көтеріп қайтадан халқына таны­мал етуге, театрдың шаңырағын Тәуелсіз Қазақ халқының рухани, мәдени, тарихи қазыналарын қалың жұртқа паш ететін репертуарларға зеңбірек атқыза толтыртып, «жаңа ренессанс» дәуірін қалыптастыруға білегін сыбана кірісті.

Өйткені сол жылдары өнер ұжымдарын орталықтан қаржыландыру мүлде тоқта­ты­лып, гастрольдік сапарлардың да сап тиылған кезі болатын. Сонда М.Әуезов театры­ үкіметтен бір тиын да қаражат сұрамай, жыл сайын облыс орталықтарына барып өнер көрсетті, әр маусымда толыққанды спектакльдер қойылды. Айлықтарын басқалардай алты ай зарығып күтпей, уақтысында дәлме-дәл алып тұрды. Осы мақсатта шығармашылық ұжым қатаң тәртіпке жұмылдырылып, моральдық құлдыраудан аман қалды.

...Театр репертуары бұрын-соңды бол­ма­ған байлыққа кенелді. Бұрын ізденбеген, аты мүлде аталмаған және ешкім күтпеген тақы­рыптарда ондаған жаңа спектакльдер сахнаға шықты. ...Театрдың жанынан драма­тургтер мектебі ашылды. ...Жаңа авторлар шақырылды. ...Тапсырыспен пьеса­лар жазыла бастады. Оларға қаламақы төлейтін демеушілер де келетін болды. ...Әр жылдың көктемінде «Театр көктемі» фести­валі өткізілетін болды. Көрермендерді көбейту мақсатымен ел-жұртпен үзбей жұмыс істейтін арнайы агенттік құрылды. ...Қараусыз күйде тұрып, әбден тозған ғима­рат­ты жақсылап тұрып жөндеп шығуға да қар­жы табылды. ...Тұрмыс-тіршілігі мүлде төмен­деп, Алматының әр бұрышында бір күйкі өмір кешіп жүрген қырықтан астам өнерпаз отбасы жеке пәтерлерге ие болды. ...Театрдың нешеме жылдардан бері қор­да­ланып қалған бүкіл әлеуметтік мәселелері театр басшысының жалпы халық пен үкімет басшыларының алдындағы жеке беделінің арқасында бірінен кейін бірі дәл осылай – жібек жіптей суырыла шешіліп жатты.

Сөйтіп, 1993-2001 жылдар кезеңінде аса талантты актер Тұңғышбай Жаманқұлов басшылық тізгінді өзі қолға алған ауқымда Қазақтың бас театры басына түскен – кеңестік жүйе түгелімен күйреп, халық Тәуелсіздікке қол созған қиын мезгілден амандықпен ес жиып, бұрынғы заманда тұла бойын әбден меңдеп кеткен сырқатынан арылып шықты. Бұл-дағы Жаратқанның оған сыйлаған адал әрі асқақ рухынан ғой.

 

Ол – кино саңлағы

Тұңғышбай әл-Таразиді есіме алған сайын «шіркін, жас шағында ол неге Америкадағы Голливудқа тым болмаса бір мәрте барып-көрініп кетпеді екен?» деп армандаймын. Сонда ол, сөз жоқ, жер-жаһандағы алты құрылықтың актері болып шығар еді!.. Бәлкім, сонда Тұңғышбай кеңестік жүйенің «қамауында» жүрсе де, қалың актерлер қауымының ішінен оны іздеп жүріп тауып алып, әлденеше кинофильмдер лентасынан орын берген «Қазақфильм», «Мосфильм», т.б. «фильмдердің» барлығын да қақ жарып өтіп, әлем көрермендерімен айқара қауышар еді.

Соның өзінде киноактер Жаманқұлов алғаш түскен «Орал от құшағында» фильмінен (реж. М.Бегалин) бас­тап, «Отырардың күйреуіндегі» (реж. А.Әмір­құлов) Қайырхан, «Қан мен тердегі» (реж. Ә.Мәмбетов пен Ю.Мастюгин) Тәңірберген, «Абайдағы» (реж. А.Әмірқұлов) Құнанбай, «Сардардағы» (реж. Б.Қалымбетов) Шонай қолбасшы, «Жаушыдағы» (реж. Ә.Мәмбетов, Цой Гукин) Әбілқайыр хан, «Көшпенділердегі» (реж. Иван Пассер, Т.Теменов, С.Бодров) тағы да Әбілқайыр хан, т.б. фильмдердің барлығында да актердің тұлғасы бірден-бірге асқақтап, еңселі биікке көтеріліп кетті. Және де қай фильмге түссе де, қайда барса-дағы режиссерлер оның алдына басты рөлдерді қояды, ірі оқиғаларға қарай ойысады. Және де кіл бір батырлар, билер, хандар, көсемдер мен шешендер... (көз тимесін) Міне, Құдайдың берген таланты!

Тұңғышбай Жаманқұловтың сахна әлеміне самғау сапары да, алдынан от қарып тұрса да, қақ жарып өтпей қоймайтын үнсіз қаһармандығы да, санасында теңіздей тебіреніп жататын ойларының лебізін ғана білдіріп шығаратын жұмбақ психологиясы да, тіпті өз театрынан өзі құқай көріп сырт­қары қала жаздаған тұстары да, сондай-ақ ақы­рында кино өнеріне бет алған кезде бір­ден заманы мен тарихын бойына тұтас сіңір­ген тұлға болып құйылған адамдық мүсі­ні­мен де ол өзі өте сүйсіне жақсы көретін кесек талант – Қазақстанның халық әртісі Нұр­мұхан Жантөринмен, кей жағдайда, тағ­дыр­лас болып шығады екен. Бұл да – ақи­қат!

 

Ол – режиссер

Жаратылысынан таланты сан құбы­лы­сынан саулай төгіліп тұрған өнерпаз актер түбі режиссерлік тұғырға қонбай қоймайды. Ол жаңадан актерлік жолға түскен кезінің өзінде спектакльдегі ым мен үнге, әрбір сөзге, қимыл мен көзқарасқа – сөз көмейден суырыла төгіліп жатса-дағы – көкейдегі толқын атқан мұхиттай қалың ойы ішкі дүниесін жаңғырта тазалап, тұла бойында тұнық теңіздей болып тұнып тұратын. Режиссердің оған айтып, нұсқап жатқан икеміне көп жағдайда келісе бермейтін. Бірақ амал не, спектакльдің иіріміне оратылып кете баратын. Сөйтіп, актерлігінен режиссерлігі оянған.

Толассыз терең таным мен білімге негіздеп, қойылымды өте биік кәсіби деңгейге бағыттамаса, режиссер өз мүддесіне жете алмас. Тұңғышбай әл-Тарази шәкірттерінің дипломдық спектакльдерін даярлата жүріп, Карло Гоццидің «Турандот ханшайымы» (1994 ) мен Мырза Ғапаровтың «Тұзды шөл» (1995) трагикомедиясын қою арқылы өз режиссерлігінің арнасын ашты. Сонан соң-ақ Жаманқұловтың режиссерлік керуені жүріп кеп берді. Әсіресе ол қойылымдарын «әкемтеатрына» алтын тәж етіп кигізген қазақ халқының көнеғасырлық түпкі тамырын қозғайтын тарихи спектакль-дастандар – «Томирис» (2000 жыл, Шахимарден) пен «Қазақтар» (2006 жыл, Қ.Ысқақ пен Шахимарден) ұлттық қорымызға алтын қазына болып қосылды.

Әл-Таразидің мұнан өзге спектакльдері мен кинорежиссура саласында да қосқан үлестері жеткілікті.

 

Ол – азамат, ұстаз, тұлға!

Тұңғышбай Жаманқұловтың соңында жүздеген шәкірті тұр. Олардың өнер жолындағы алдыңғы толқыны көрнекті тұлғалар болып өсіп жетті де. Оның өзін жақыннан көрмесе де, «...шіркін, мен де сол кісі секілді халыққа танымал адам болсам екен» деп армандайтын ұл-қыздар қазір қазақ елінде қаншама? Құдайға шүкір!

Біз жарық дүниеге адам боп келіп, азамат болып қалыптасқан әйгілі театр актері, көрнекті кино-актер, айқын сыйпатты режиссер, белгілі қаламгер, көпшіліктің тағдырына қол созған басшы, соңынан тәрбиелі қалың ұрпақ ерткен, үлгі болған ұстаз, халқының тағдыры ту-талақайға түсіп жатқан кезеңдерде ақиқаттың ақ туын көтеріп, әділеттілікпен «ақырып теңдік сұраудан» тайсалмаған қоғам қайраткері – дара тұлға – Тұңғышбай әл-Тарази туралы осылай толғандық!

Анығын айтқанда, Тұңғышбай Жаман­құ­лов – біздің ғасырдағы елеулі халық пер­зенті.

Оның тұла бойында осы қасиеттердің бар­­лы­ғы «Тұңғышбай әлемі» болып өрілген...

Аламан тарихты Тұңғышбай әл-Тарази бастайтын кезең туды.

 

Әшірбек КӨПІШ,

жазушы,

«Өнер» баспасының директоры, Қазақстанның құрметті журналисі