Медицина • 10 Қараша, 2023

Бала өмірін сақтап қалды

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері бір жарым жастағы балаға күрделі операция жасап, миындағы ісікті алып тастады. Бұл операция МӘМС жүйесі аясында жүзеге асты.

Бала өмірін сақтап қалды

Науқастың анасының айтуынша, бала бір жасқа дейін қатар­ластарынан қалмай, толық­­қанды өсіп келе жатқан. Бірақ арада көп уақыт өтпей ауру­дың алғашқы белгілері бай­қала бастайды. Анасы ұлы­ның себепсіз жылап, мазасыз­данатынын, көз ұяшығы қоз­ға­лысының бұзылуын, мезгіл-мезгіл құсатынын, сол қолы мен аяғының әлсіздігін байқайды.

Содан анасы №2 қалалық балалар ауруханасына қаралуға барады. Онда баланы нейрохирургтер қарап, МРТ зерттеу жүргізген. МРТ нәтижелері бо­йынша балада оң жартышар­­­дың самай-маңдай-төбе бөліктерінде және оң жақ қарыншаның проекция­сында орналасқан 7 см үлкен ми ісігі анықталады.

Жедел емдеу үшін бала Ұлттық нейрохирургия­ орта­лы­ғына жіберілді. Балалар ней­ро­хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғабит Өлеңбайдың айтуынша, ісіктің көлемі өте үлкен (6,5х6, 8х7,1 см), бала миының жартысына жуығын алып жатыр және мидың функ­цио­налды маңызды аймақ­та­рын­да орналасқан. Сондықтан опе­рация өте күрделі өтіпті. Соны­мен қатар ауыр асқы­нуларға әкелуі мүмкін опера­циялық қан жоғалту қаупі жоғары болған.

«Біз мидың жарты­ша­рын­дағы самай-маңдай-төбе бөліктерінде көлемді түзіл­ген ісікті микрохирургиялық жолмен алып тастадық. Опера­ция кезінде барлық зама­науи әдіс қолданылды. Сондай-ақ­ қызметкерлердің жоғары білік­тілігі мен орталықтың опе­ра­циялық блогінің жоға­ры­ деңгейде жабдықталуы да опе­ра­ция­ның сәтті өтуіне ықпал етті. Қазіргі уақытта бала операциядан кейінгі емнен өтіп, анасымен бірге палатаға шығарылды», деді Ғ.Өлеңбай.

Осы орайда анестезиолог­тер­дің жоғары кәсі­би­лігін атап өту керек. Мұндай кішкентай жастағы балаға операция жасауда анестезия берудің қиын­дық­тары бар­шы­лық. Қан, тыныс алуды мұқият бақылау, анестезия­ны­ өте ыждағатты есептеу, жалпы баланың өмірі үшін үлкен жауапкершілік ней­ро­хирургтердің, анес­­­те­­зиологтердің, транс­фузио­лог­тердің, орта және кіші меди­циналық қызметкерлердің мой­нын­да болды.

Операцияны профессор, ҰҒА академигі Серік Ақшо­ла­қов, жоғары білікті нейрохирург-дәрігер, балалар нейрохирургия­сы бөлімшесінің меңгерушісі, «ҰНО» АҚ профессоры Ғабит Өлеңбай, нейрохирург дәрігер Сапарбек Сейітбеков жасады. Сондай-ақ операция барысында анестезиолог-реаниматолог дәрігер Жұмадулла Шадиев, мейіргер анестезиолог Жанар Арынова, трансфузиолог дәрігер Ербол Қуанышев және операция мейіргері Арайлым Чамкаровалар болды.