Үкімет • 09 Қараша, 2023

Жолдау аясындағы жобалар талқыланды

65 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар ЕАЭО аумағындағы аудиторлық қызмет туралы заңды қарап, мақұлдады.

Жолдау аясындағы жобалар талқыланды

Қуатты өнеркәсіптік негіз қаланды

«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қызмет көрсетудің ортақ талаптары мен тәсілдерін және ішкі мемлекеттік реттеу­дің ерек­шеліктерін айқындайды. Келі­­сім Еуразиялық экономи­калық одаққа мүше елдердің аумағын­да аудиторлық қызметтер­дің бірың­ғай нарығын қамтамасыз етуді көздейді. Заң нормалары мүше мемлекеттердің өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға да ықпал етеді деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар іс-шара барысында Палатаның өткен аптадағы отырысында сенатор Сүйіндік Алдашев жолдаған депутаттық сауалға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың ауызша жауабы тыңдалды. Бұл сауалда Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы 15 ірі серпін­ді жобаны іске асыру мәселесі көтерілген болатын.

М.Әшімбаев атап өткендей, Пре­зидент белгілеп берген жаңа эконо­микалық бағдар еліміздің қуатты өнер­кәсіптік негізін қалап, ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететін эконо­мика қа­лып­тастыруды көздейді. «Жол­дау аясын­дағы 15 ірі серпінді жобаны сапалы іске асыру еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуы жолында үлкен маңызға ие. Бұл мәселе кешенді тәсілдерді және тың­ғылықты талдауды қажет етеді. Сондық­тан бүгін айтылған ұсыныстардың бәрі назар­дан тыс қалмауы керек. Сенат алда­ғы уақытта да аталған маңызды жоба­ларды іске асыруға заңнамалық тұрғы­да қолдау көрсетуге дайын», деген М. Әшім­баев отырысқа қатысушыларға бірлескен белсенді жұмыс үшін алғыс білдірді.

 

«Болашаққа» бөлінген қаражат ұрланып жатыр

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшы­сының атына жолдаған депутаттық сауалында Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысындағы жағымсыз жайттарға тоқталды. Депутат орталықтың жұмысын ұйымдастыру мен Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі тарапынан тиісті үйлестірудің болма­уынан шетелде кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға бөлінген қаражат тиімсіз пайдаланылып келгенін немесе ұрланатынын атап өтті. Ал бұл өз кезегінде бюджеттің негізсіз шығындарына әкеп соғады.

«Стипендиаттардың еңбек етуі мен оларды оқытуға жұмсалған бюджет қаржысын өтеуге мониторинг жүргізетін тиімді тетік жоқ. «Болашақ» түлектері халықаралық Болашақ стипендиясын тағайындауға арналған үміткерлерді іріктеу қағидаларына сәйкес Қазақстанға оралу және мамандығы бойынша үздіксіз еңбек ету туралы талаптарды ылғи да бұзып келеді. Осындай 1 мың дерек белгілі», деді сенатор.

Депутат сондай-ақ қаржыны қайтару мәселесіне Премьер-министрдің назарын аударды. Сенатор мемлекетке 6,6 млрд теңге көлеміндегі берешек туралы статистиканы мысалға келтірді. «Шетелде алған мамандық пайдаланылмайды, жоба жекелеген жағдайларда эмиграция құралына айналды, 270 түлек шетелде қалды. Жоба сонымен қатар оқу туризміне айналды. Іс жүзінде еңбек нарығының нақты қажетіне сәйкес шетелде мамандар даярлауды ұйымдастыру деңгейі төмен. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың болмауы, салалық министрлік тарапынан тиісті үйлестірудің жоқтығы осындай жағдайға себеп болып отыр», деді А.Лукин.

 

Қаржы пирамидаларының құрбандары көбейген

Сенатор Геннадий Шиповских Қар­жы­лық мониторинг агенттігі төраға­сының атына жолдаған депутаттық сауалында қаржы пирамидаларына қатыс­ты дабыл қағарлық деректерді кел­­тір­ді. Оның айтуынша, биылғы 9 ай­да мұндай ұйымдардан 2 мыңнан астам адам зардап шеккен және олардың саны өсіп жатыр.

Депутат бұл бағытқа қатысты қыл­мыс деңгейі төмендеп келе жатқанын атап өтті. Алайда соған қарамастан зардап шеккендердің саны ұлғайып барады. «Бас прокуратураның дерегінше, «Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» бойынша 2021 жылы – 233, 2022 жылы – 104, ал биылғы тоғыз айда 89 іс сотқа жіберілген. Аталған статистикаға қарасақ, жылдан-жылға қаржы пирамидасының құрбандары азайып келе жатқан секілді көрінуі мүмкін. Ал сол пирамидалардан зардап шек­кендердің тізіміне қарайтын болсақ, керісінше статистиканы байқаймыз. 2021 жылы жәбірленушілер саны – 1259, 2022 жылы – 892, ал биылғы тоғыз айда жәбірленушілер саны 2079 адамды құрап отыр. Аталған статистикада тек сот жә­бір­ленуші деп таныған адамдардың тізімі көрсетілген», деп атап өтті депутат.

Оның сөзінше, елімізде қаржы пира­ми­даларының алдын алуға бағыттал­ған қажетті тетіктердің бәрі бар, Парламент тарапынан заңнамалық қолдаулар да көрсетіліп келеді. «Десе де қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің саны қысқарар емес. Не себепті осы күнге дейін мұндай ұйымдарды жеңе алмай келеміз?», деді сенатор.

 

Мектептерді басқаруды оңтайландыруды ұсынды

Сенатор Жанболат Жөргенбаев Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында өңірлердегі мектептерді басқарудың жаңа жүйесі кезінде туындап отырған мәселелер туралы айтты. Оның пікірінше, облыстық басқарманың қызметкерлері өңірдегі барлық білім беру ұйымдарын түгелдей бақылай алмайды. Мәселен, Павлодар облысында облыстық басқарманың 45 қызметкері 598 білім беру мекемесі­нің қызметін қамтамасыз етуге тиіс. Қызметкерлер аз болғандықтан, олар­дың жұмысын үйлестіру, қадағалау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайтыны белгілі. Бұл ретте облыстық білім басқармаларына жүктеме айтарлықтай көбейіп келеді.

«Экономика, қаржы бөлімдеріне және аудандар мен қалалардың басқа да органдарына жүктелетін қаржы, мүлік, материалдық-техникалық, кадрлық қамтамасыз ету мәселелерінің барлығы қазір облыстық білім басқармасына жүктелген. Олар штаттың жетіспеуіне байланысты барлық қаржылық процедураларды уақытында және сапалы орындай алмай жатыр», деді Ж.Жөргенбаев.

Сенатор сонымен қатар басқару­дың жаңа жүйесін енгізу кезінде мектеп­тердегі, әсіресе жылыту кезеңіндегі проблемаларды жедел шешу мәселесі де қиын­дағанын атап өтті. Қазір қазандық­тар мен олардың қызметкерлері, мектеп­терді отынмен қамтамасыз ету мәселе­лері аудандық балансқа берілді, ал мектеп­тер ішіндегі жылыту жүйесі облыс­тық баланста тұр. Сонымен қатар облыс­тық білім басқармалары білім беру сала­сында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыра алмайды. Себебі мектептер мен балабақшаларды аудандық білім бөлімдері басқарады.

«Өңірлердің бір жылдан астам қыз­метін саралап, оңтайландыру жұмыс­тарын жүргізу керек деп есеп­теймін. Оның қорытындысы бойынша сатып алу заңына тиісті түзетулер енгізген жөн. Әрі мектеп ғимараттарын бірыңғай әкімшілік кешен ретінде аудандық әкімдіктердің теңгеріміне немесе аутсорсингке беру жөніндегі халықаралық тәжірибені пайдалануды ұсынамын. Олар мектептерді күтіп ұстауға, ағымдағы және күрделі жөндеуге жауапты болады. Мұндай жағдайда педагогикалық кадрлар тек балаларды оқытумен айналысады. Сонда мұғалімдердің рөлі арта түседі, жалпы білім беру сапасы артады», деді сенатор.

 

Су шаруашылығы саласындағы мәселелер

Сенатор Сәкен Арубаев Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің су шаруашылығы саласындағы проблемалар туралы айтып, басты мәселе – гидротехникалық құрылыстардың әбден тозғанына назар аударды. «Республика бойын­ша шаруаішілік каналдарды қоспаған­да 7541 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 1189-ы қанағаттанарлық­сыз жағ­дайға жеткен болса, 24-і апатты жағ­дайда. Ал 2047 гидротехникалық құрылыста ешқандай техникалық құжаттар жоқ. Олар заңдастырылмаған. Гидротехникалық құрылыстың гидроагрегаттары мен гидромеханикалық жабдықтарының басым көпшілігінің қызмет көрсету мерзімі асып кеткен», деді сенатор.

Депутат кейінгі 10 жылда елімізде 300-ден астам әртүрлі су тас­қыны тіркел­генін атап өтті. Бұл статис­тика елдегі гидротехникалық құры­лыстардың қазіргі жағдайын көрсетіп отыр. «Елімізде гидро­техникалық құ­ры­лыстардың қауіп­сіздігін қамта­масыз ету бойынша арнайы заңнама жоқ. Қазіргі уақытта бұл саладағы негізгі құқықтық база жеті заң­мен реттелген. Бұл гидротехника­лық құ­рылыстардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету жөніндегі қоғамдық қаты­нас­тар басқа мемлекеттердегідей дербес заңна­мамен реттелуге тиіс. 2008 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Гид­ро­­техни­калық құрылыстардың қауіп­сіздігі туралы» заң жобасын да­йын­дап, ол қолдаусыз қалғаны да бел­гілі. Сонымен қатар кейінгі жылдары тір­­келген гидротехникалық құры­лыс­тар­дағы төтенше жағдайлар қолда­ныс­тағы кодекстің қажетті мәселе­лерді толық шешуді қамтамасыз етпей­тінін көрсетті», деп атап өтті С.Арубаев.

Сенатор проблемаларды шешу үшін бірнеше ұсыныс айтты. Оның ішінде гидротехникалық құрылыстардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету туралы арнайы дербес заң қабылдау, су шаруашылығы мен гидротехникалық құрылыстың негізгі ресурстарының техникалық жай-күйін жақсартудың Жол картасын да­йындау және нысандарды нақты түген­деп, есепке алу, қажетті қаржы бөлу, сондай-ақ мамандықтар тізбесін кеңейту және су шаруашылығы мамандарын даярлаудағы білім беру стандарттарын қайта қарау секілді мәселелер бар.