«Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға арналған іс-шаралар биыл да сәтімен жалғасты. Мәселен, жылдық жоспарға сәйкес, «Taraz city bus» экскурсиялық автобусының жұмысы ұйымдастырылды. Жоба 2022 жылдан бастап қолға алынған. Іс-шара мамыр-маусым, қыркүйек-қазан айларында өткізіліп, оған мыңнан аса оқушы қатысса, биыл сәуір айынан бастап, 6 ай бойы үздіксіз жүргізілді. Нәтижесінде, 2 мыңға жуық оқушы қамтылды. Экскурсия барысында Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандары, атап айтқанда, «Ежелгі Тараз» тарихи-этномәдени кешені, «Тектұрмас», «Айша бибі», «Қарахан», «Дәуітбек» кесенелері ұсынылды. Сонымен қатар Тараз-Түркістан бағыты бойынша қалааралық экскурсиялық тур өткізілді. Тур аясында Түркістан облысының «Ақ мешіт» туристік нысандары, «Домалақ ана», «Арыстан баб», «Қожа Ахмет Ясауи» кесенелері, «Керуен сарай» кешендеріне балаларды арнайы апарып, аралаттық», дейді «Тараз-туризм» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Маханбет Рахымжанов.
Оның айтуынша, өңір оқушыларының танымын кеңейтуге арналған «Жанды саябақтар» жобасы да 7-8-сынып оқушыларының қызығушылығын тудырып отыр. Бұл жоба балалардың тарих-география секілді пәндер бойынша білімін тереңдетуге бағытталған.
«Жалпы алғанда экскурсиялық бағдарлама арқылы балалардың ықылым заманнан келе жатқан бай тарихқа деген құрметін аңғардық. «Ежелгі Тараз» ашық аспан астындағы тарихи-археологиялық мұражайы, «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабаджа хатун» және «Тектұрмас» кесенелері секілді тарихи нысандарға саяхаттаған балалардың бойынан көне шаһардың өткен-кеткеніне деген қызығушылық айқын байқалып тұрды. Жалпы алғанда биыл 500-ден аса оқушы қаладағы тарихи орындармен танысты», дейді ол.
Жамбыл облысы