Елімізде көптеген отбасы балаларды толыққанды тәрбиелеу мен дамыту, олардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасай алмай отыр. Өкінішке қарай, зерттеулердің нәтижесі қоғамда отбасы институты әлсіреп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымызға сай отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің жоғалып бара жатқанын анықтады. Бұл олқылықтың орнын білім беру ұйымдары ата-аналармен бірлесіп толтырмақшы. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі зор. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, сапалы білімді, патриотизмді, нағыз маман болуды, үнемшілдік пен еңбекқорлықты қалыптастыруға оқушы – мұғалім – ата-ана бірлесе жұмыс атқаруы шарт. Сол себепті министр тәрбие жұмысының рөлін күшейту мақсатында республикадағы мектептерде 1 қыркүйектен бастап ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығын ашуды тапсырған.
Маңызы бар жобаның міндеті – балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық және әлеуметтік құзыретін дамыту. Ашылғанына екі ай болған орталық оқу жылының соңына дейін ата-аналарға ұлттық құндылықтарға негізделген сегіз сабақ өткізеді. Бұл сабақтарда ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлар жырларынан үзінділер келтіру, мақал-мәтелдер, халық әндері, дала ділмарларының шешендік сөздері, жыраулар шығармашылығы, салт-дәстүрлер мен ғұрыптардың, ұлттық киімдердің маңызы, ұрпақтар тізбегі (шежіре), ер мен әйелдің қоғамдағы орны, туыстық қатынастардың ерекшеліктері қамтылады. Сонымен қатар жоба аясында «Даналық мектебі» клубы құрылды. Клуб мектептің нақты сұраныстарына сәйкес «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» секілді секцияларды ұйымдастыру арқылы ұлтымызға тән туыстық қарым-қатынастарды ұрпақ бойына сіңіруді мақсат етеді.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті