Пікір • 09 Қараша, 2023

Қайырымды қонақжайлық

260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ халқының өмір сүру салтында өте ертеден қалыптасқан аса бір құнды қасиеті – қонақжайлығы. Ұлтымыздың осы бір дәстүрі хақында этнограф-археолог, тарих ғылымдарының докторы Халел Арғынбаев «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» атты ғылыми-танымдық монографиясында: «Қазақ отбасына тән ерекше абзал қасиеттерінің бірі – ежелден бері келе жатқан қонақжайлығы. Қазақ үшін қонақтың таныс болуы, теңдес болуы шарт емес, әрбір жолаушы-қонақ қонған үйіне «бөлінбеген еншім бар» деп қонақасысын талап етеді», деп жазыпты.

Сол сияқты қазақ халқының өткен тарихы мен бұрынғы өмір сүру салты хақында қалам тартқан еуропалық саяхатшы-этнографтар да «Дала тұрғындарының ең керемет қасиеті – қонақжайлығы» деген екен. Мысалы, ХІХ ғасырда өмір сүрген неміс ғалымы Фридрих фон Хелльвальд «Қазақтар қонақжай, қайырымды, мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік өзін біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне болады» десе, ресейлік зерттеуші Виктор фон Герн: «Қазақтар – табиғи жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілдігімен және қонақжайлық қасиетімен ерекше халық. Бұлар олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиеті», депті.

Демек, қазақтың қонақжайлығы – атадан балаға дарыған һәм ешқашан талқыға түспейтін, бұлжымайтын дәстүрі. Жоғарыда аты аталған үлкен этнограф Халел Арғынбаев қазақтың қонақжайлығы туралы аңыз-әфсана жазып қалдырыпты.

– Ерте заманда Алаш деген ақсақал өмір сүріпті. Ол кісі қартайғанда өмір бойы қылау түсірмей, харам қоспай жинаған мал-мүлкін төртке бөліп, үш бөлігін бір-бірден Жанарыс, Бекарыс, Ақарыс атты ұлдарына енші етіп беріпті, – дейді этнограф ғалым. Зор байлыққа ие болған ұлдары «Әке мына төртінші бөлікті не істейміз» десе керек. Сонда қария: «Бұл қонақтың сыбағасы, өйткені жолаушы жүрген адам өзімен бірге асын алып жүрмейді, сол себепті сендерге «қонақасы» деген мұра қал­дырдым», депті.

Қазақтың қонақжайлық дәстүрі өз алдына үлкен ілім. Әдетте, қонақ болып келген жолаушы бөтен елдің ең тәуір деген, қонақасы беруден қысылмайтын үйіне түседі. Атам қазақтың «Қонақ таңдап қонады» немесе «Түскенше қонақ ұялады, түскен соң үй иесі ұялады» дегені осы.

Әрбір қонақтың жасы мен халық арасын­да­ғы абыройына байланысты олардың «қонақ кәдесі» деген болған. Бұл ұғымды халық арасында «сыбаға» деп те айтады. Қонақ кәдесін таңдау, яғни келген адамның кім екенін аң­ға­рып, оның сын-сипатына мән беріп қандай қонақ кәдеге лайық екенін бағалау бәйбішеге міндет болған. Тіпті қазақ дәстүрінде «қонақ кәде» дұрыс таңдалмаған жағдайда сол ауыл, сол ел ағалары айып арқалайтын болған.

Мысалы, ертеде қаракесек – бес бошанның бұлбұлы атанған Жаманқұл деген адам өткен. Бұл кісі атақты елағасы, баянауылдық ағартушы – шонжар Мұса Шорманұлымен дәм-тұзы жарасып жүрген халық арасында танымал тұлғалардың бірі екен. Осы кісі Қарқаралы дуанынан келе жатып, Мыңғыш деген байдың үйіне қонақ болып түседі. Үй иесі жоқ екен, бәйбішесі маңызды қонақтарға мәртебелі сыбағасын беріп, лайықты құрмет көрсете алмайды.

Ертеңінде көңілсіздеу аттанған қонақтар жолай ауылына қайтып келе жатқан Мыңғыш байға жолығып қалады. Амандық-саулықтан кейін өз ауылының амандығын сұраған байға Жаманқұл: «Ауылың аман-есен көрінеді, бірақ жалғыз кәріжілік, бір жауырын ғана шығын болды» деп, өзіне тән сыбағасын жей алмағаны туралы астарлап жеткізеді.

Сол сияқты Баян өңірінің атақты биі Шоң күзді күні қыстауының қасындағы төбе басында ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп отырса, бір салт атты адам қыстау іргесіндегі шағын қорыққа келіп, атынан түсіп, оны жайылтпаққа тұсап жатқанын көреді. Шоң қасындағы пысық жігіттердің бірін жұмсап, «арық-тұрақ малдарға арналған қорық еді, атын онда қоймасын» деп сәлем айттырады. Жігіт дереу жолаушыға барып бидің сәлемін айтады. Істің мәніне қаныққан әлгі адам: «Биге сәлем айта бар, қонақты қуа берсе – құты қашады, атымды жайылтпасам – қарны ашады, қорыған алақандай қара жерді, бұлт шығып аспаннан мұз басады», дейді де аттанып кетеді.

Жолаушының сәлемін естігін Шоң би: «Ойбай, мынау әлгі атақты Көтеш ақын болды ғой, шіркіннің аузы дуалы деуші еді, қыстың арты жұтқа айналар болды-ау, тез шақырыңдар» деп шабарманын жұмсайды. Бірақ Көтеш ақын қайта оралмапты. Бізге жеткен аңыз бойынша сол жылы қыс қатты болып, бидің ауылы жұттан әрең аман шыққан екен. Тосын келген құдайы қонаққа асылық тантудың арты осыдай болатын көрінеді.