Жүсіпбек Аймауытұлының «Әнші» әңгімесінде алқам-салқам, бас білмес асаудай Әміре бейнесі кестелі сомдалады. «Әмірқан әнді шабыты келгенде қандай салса, қатынды да шабыты келгенде ала салады екен. Көңілі суыған күні не қатын тастап кетеді екен, не өзі шығарып жібереді екен. Қатыны тастап кетсе, өзі намыстанбайды екен, өзі шығарса, қатынға да обал болды-ау деп артық қынжылмайды екен.Үй іші не болып жатқанымен ісі жоқ, қашан көрсең де жайраңдап мас болып, арсалаңдап жүргені. Жұрт оны «алақұс», «бәдік» дейді. «Осы Әмірқан бір мезет есі кіріп, ойлана ма екен? Мұңая ма екен?» деп ойлаушы ем. Мұңаймақ түгілі, Әмірқанның жылағанын да көрдім». Иә, жанын жеген талант оты дарқан дарабоздың басын тауға да, тасқа да ұрады. Өмірден дауа таппай түңілтіп, әрнеден тиянақ іздеп сар даланы сандалтады.
Мінез дегенде, қазақтың Нұрғисасының өнерге өмірін арнаған, жасандылыққа жаны қас ерек болмысы ойға оралады. Ірі өнерпаз Қанабек Байсейітовтің: «Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс қой, оның денесінен бір жапырақ етті үзіп алып, лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүлкілдеп, өлең айтып жатады» дегені тегін айтылмаса керек. Он саусағынан өнер тамған дегдар дарын бірде әліпті таяқ деп білмейтін шенеуніктен «қой бағып көрдің бе?» деп сұраса, бірде селқостық көрсеткен оркестр мүшесіне дүрсе қоя бергені туралы естеліктер бар. Иә, мінезсіз таланттан мінезді дүние шықпайтыны айқын.
Әлемге аты қанық, әйгілі Бетховеннің шалт болмысы Еуропа өнерсүйер қауымын елең еткізген еді. Ромен Ролланның «Бетховеннің өмірі» кітабында композитордың құлағы неге керең болғаны жайында қызықты дерек жазылады. Бетховен жанкештілік атты кемеге мініп, күндіз-түні ізденіс айдынында жүзеді. Тіпті ұйықтау дегеніңіз ол үшін барып тұрған уақыт өлтіру ойыны іспетті еді. Ұйқысы келсе болғаны су ағатын шүмекті барынша қосып, мұп-мұздай суға басын сала жөнеледі. Солайша, ұйқысы қашып, қайта қауырт жұмысына отыратын болған деседі. Міне, үздіксіз суық су қарыған құлағы осыдан соң сырқаттанып, естуден қалады. Ромен Роллан кітабында жазылған Бетховен мен Гете жөніндегі қызықты оқиға да композитордың қалыпқа сыймас болмысынан хабар береді. Байсалды, байыпты ақын мен ұшқалақ, қызба композитордың жолы түйіседі. 1811 жылы жаз айында Бетховен Чехияның солтүстік-батысындағы Теплиц қаласында тұрады. Өзін жалғыздық ұясына қонғандай сезініп, жабырқаған композитор Гетемен кездесуге шешім қабылдайды. Екі тау қосылғандай, екі өзен бір арнаға тоғысқандай әсерлі кездесу өтеді. Тынбастан, тапжылмастан бірнеше сағат дүркін-дүркін әңгіме айтып, пікірлеседі. Әр тақырып туралы толағай сыр шертіліп, кездесу екінші күнге, тіпті үш күнге созылады. Бетховен фортепианода ойнап, өнерін паш етеді. Көп өтпей тарихқа енген оқиға қылаң беріп, анадан бөлек туған данышпандардың мінез қырлары екіге жарылады. Серуен құрып, ірі һәм қарапайым еңбек адамдары туралы, өнер мен саясат хақында әңгіме құрып жүрген дарындар кенет қалалық бақ маңында қорғаушыларымен бірге серуендеп жүрген патшайымды көреді. Паң Бетховен өздерінің көрнекті тұлға екенін, патшайымның жанынан басымызды тік көтеріп өтсек жарасады деген сыңайда сөз айтып, жүрісінен жаңылмайды. Бірақ Гете бұған келіспей, құрмет көрсету ретінде қалпағын алып, ақсүйек патшайымға сыпайы ғана құрмет білдіру үшін жолдың шетіне шығып тұрады. Бетховен Гетенің бұл ісіне бұлтты күндей түнеріп, елеусіз ғана бас изеп, патшайымның жанынан паң күйде жылдам өте береді. Келеңсіз оқиға жөнінде кейіннен Бетховен: «Мен патшалар ақындарды қарсы алады деп ойлағанмын, бірақ ақын патшаны қарсы алды», дейді. Ал Гете болса: «Бетховен – аса сүйкімді деуге келмейтін адуынды тұлға. Әлбетте, алғыр әрі ақылды жан, ол мына әлемді кеспірсіз десе, онымен келіспеу қиын. Алайда бұл кеспірсіз әлемге Бетховеннің жасаған алақандай қарсылығы, әлемді жайдарлы етіп жібермейтінін айтуға мәжбүрмін», дейді ақын.
Бетховен мінезі – өз ішіндегі қазынасын таныған арқалы дарынның ерке болмысы, бұла жанының көрінісі іспетті. Ішкі құпиясын таныған, болмыс қатпарларын аша білген адамның паңдығы – дегдар паңдық, зиялылық.
Ал жүзі тұнжыр, бала болып ойынға, жігіт болып сауыққа етене араласпаған суретші Ван Гогтің мінезі табынушылары үшін жұмбақ күйінде қалды. Жалғыздықта жан мұратын іздеп, өсімдіктер мен гүлдерге телмірген ол досы Поль Гогенге адалдығын дәлелдеу мақсатында құлағын кесіп береді. Одан соң психикалық ауруханаға тоғытылып, толассыз еңбектерін жалғастырудан танбайды. Меркурий ғаламшарының кратеріне есімі берілген, бүгінде суреттері аукционда ең қымбат бағаланатын суретшіге көзі тірісінде атақ-мансап дәмі бұйырмаған еді. Алайда айықпас дарын өз ұстанымдары мен еңбекқорлығынан, қоңыртөбел тірлігінен танған жоқ.
Мінез – ішкі үдерістердің сыртқа шыққан қалыбы. Жан әлемі алып бағаналы, жақұтты сарайға айналып, үздіксіз жұлдыздар шашыраған ғаламшардан сыртқа ұшқан жарықшақтар барлық адам үшін түсінікті бола бермесі анық. Ал жан алқабының көселігінен болған мінез – мінез емес, еліктеу. Асып туған артықтығынан жұртқа жаққан өнерпазды дана халық «ел еркесі» деп қалай дөп атаған?