Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Қазақтың біртуар композиторы Нұрғиса Тілендиев пен көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылық одағынан туған қай ән болсын тыңдарманының тамырын тап басатыны анық. Адам көңіліндегі құбылыстарды дөп табатын тұлғалардың тандемі арқылы дүниеге келген кез келген шығарма әннен мән іздеген жұртты сүйсінтеді, сүйсіндіреді. Екі алыптың жүрегін жарып шыққан «Құстар әні» болсын, «Қайран менің жүрегім» шығармасы болсын, қазақ музыкасының алтын қорындағы таңдаулы ән болып сақталатыны даусыз. Өйткені олар жазған әннің ғұмыры ұзақ.
Дерекке сенсек, «Қайран менің жүрегім» әнінің адам бойын шымырлататын алғашқы шумағы композитордың шаңырағында жазылған екен. Күндердің күнінде сырқаттанып жатқан маэстроның шаңырағына соққан Тұманбай Молдағалиев композиторға қайырылып: «Қай жерің ауырып жатыр?» деп сұрапты. Нұрғиса Тілендиевтің жауабы қысқа-нұсқа шыққан. «Жүрегім» депті ол ақын бауырының жанашырлықпен қараған жүзіне риза кейіп танытып.
Композитордың «Жүрегім» деген қысқа жауабы ақынның жанын аяздай қарып, өзінің де жүрегін қозғап жіберсе керек. Қолына қаламын алған Тұмаға лезде:
«Қайран менің жүрегім, жас жүрегім,
Көктем едің, бір кезде тасқын едің.
Жастық дәурен, жалтақтап қарайлайсың,
Сені ойласам, ұйқым да қашты менің»,
деген өлең жолдарын жазып кетіпті.
Хал сұрай барғанда дүниеге келген бір шумақ жыр кейіннен толық мәтінімен әнге айналады. Ән болғанда да тыңдарманын ешқашан жалықтырмайтын тағы бір өміршең шығарма дүниеге келеді.
Зымырандай зулаған уақытты ешкімнің тоқтата алмайтыны анық. Сыртын түрлі музыкалық тәсілмен тотыдай тарандырып қойғанмен, іші, яғни мәтіні далбасалап тұрған талай ән уақытша хитке айналып жатқаны кейде өн бойыңдағы өкініш отын тұтандырып жіберетіні даусыз.
Тіпті ұлы ақындардың өлмес шығармаларын мансұқтағандай етіп, жеңіл-желпі әуенге айналдырып жатқандар да аз емес қой. Көзден кеткен алыптардың көңілден кетпес туындылары талан-таражға түскенін көргенде, сұраусыз қалғанын сезінгенде бойымызды бір ыза билеп алатыны да рас. Сол тұрғыдан алғанда Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиевтің жолын Жаратқанның өзі шығармашылық жолда арнайы түйістіріп қойғандай көрінетіні бар.
«Қайран менің жүрегім, қыран құстай,
Қанат барда шыдайсың қайтып ұшпай.
Оңашада жылайсың ағыл-тегіл,
Қаларыңда белгісіз қайсы тұста»,
деген тармақтар кімнің де болсын көкейінде сайрап жатқаны анық. Кісі баласы арагідік болса да жаны күйзеліске ұшырайды, қамығады, жалғаннан баз кешіп жабығады. Көңілдің кірін жуып-шаюдың жолын қарастырады. Тіпті айналасындағылардан қолдау таппаған кезде психологиялық апатқа ұшырап жататындар да аз емес. Ондай сәттерде кеудедегі жұдырықтай етке салмақ түсетіні ақиқат. Осы әннің мәтінінде көңіл терезесіне қонған сол бір кір-қоңның бәрін тазартып алуға дем беретіндей энергия бар. Оны поэзия деген сөз өнерінің сарқылмас қуаты десек, қателесе қоймаспыз.
«Өкінбеймін, күн зулап өте берсін,
Кейін келер жүрегім сені көрсін.
Жырым мені ешқашан өлтірмейді,
Әнім мені алысқа жетелерсің»,
деген Тұмағаның жыры да, әнге жазылған мәтіні де тыңдарман, оқырманымен жасай беретіні анық.
«Қайран менің жүрегім» әні – өлмейтін шығарма. Өйткені есті тыңдарман барда ескі әннің табиғатындағы әуен де жоғалмайды. Себебі бұл ән қазақ өнерінің шоқтығы биік жұлдызы Нұрғиса Тілендиев пен аяулы ақын Тұманбай Молдағалиевтің мәңгілікке қалдырған ғажап мұрасы.