Аманкелді аға 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай біздің ауылдағы Томар орта мектебінде майдангер, партизан Мағжан Дайырұлы атындағы музейді безендіруді қолға алып, тиянақтап бітіріп берді. Әкемнен кіші болса да, бірінші күннен бірге жүріп, біте қайнасып кетті.
Менің әкем Нарманбет Қошкеұлы Омбы делегациясының құрамында Аманкелді ағамен бірге Алматыға, Дүниежүзі қазақтарының бірінші, екінші құрылтайына қатысып, кейін Баянауылда Сұлтанмахмұттың 100 жылдық мерейтойына барғандарын жиі еске алып отырушы еді. Кейінгі уақытта да біздің ауылға келіп-кетіп жүрді. Бір сапарында бау-бақша төріне отырғызып, әкеміздің портретін салғанына куә болдық. Суреттің қалай салынатынын сонда бірінші рет көргенмін. Тағы бірде қонаққа шақырғанымызда отбасымен тоғайға тасжидек теруге апардық. Аманкелді аға тоғайға кірген соң, біз секілді жидекке бет бұрды ма десем, мольбертін алып жеке бөлініп сурет салуға кірісті. 2017 жылы жарық көрген «Живопись, графика» альбомында осы сәт «Қарағаш» деген сурет болып берілген екен. Суретте алдыңғы планда жазғы ағаштардың бір-бірімен үйлесім тауып тұрғанын көрсек, артқы жақта менің көк мотоциклім мен ағамыздың ақ «Жигулиі» алыстан көзге түседі. Ол менің елдегі «Урал» көлігім болып шықты.
Бір күні әкейге Аманкелді аға телефон шалып, Омбыға келуін өтінді. «Мен сізді тағы да салғым келеді, мүмкіндігіңіз болса шеберханамда күтемін», деді. Сол жолы кенепке түскен «Ұстаз Нарманбет Кемеңгерұлының портреті» деген туынды баршамыздың көңілімізден шықты. Бір отырысында үлкен қызым Айгүлдің эскизін әзірлеп, кейін суретін салды.
Әкеміз дүниеден озған соң, Томар орта мектебінің ұжымы Нарманбет Кемеңгерұлын еске алу кешін ұйымдастырды. Біз ол кезде Көкшетаудамыз. Балам Қайырбек, жолдасым Күләш үшеуіміз ақпанның аязына қарамай туған жерімізге келдік. Жиналыс үстінде Аманкелді аға менің отырысымды эскиздер блокнотына түсіріп үлгеріпті. Екі жыл өткесін, сол отырыстың белгісі ретінде портретімді өзінің коллекциясына қосыпты.
Өмірде Аманкелді аға өте қарапайым, ақкөңіл адам еді. Қуансаң бірге қуанып, жарқын күлкісі айналасын нұрландырып тұратын. Өкінішке қарай, екі жары да өмірден ерте кетіп, біраз қиындықты басынан кешті. Бірақ мойымай, өмірінің соңына дейін қолынан қылқаламын тастаған жоқ. Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан суретшілер академиясының академигі Аманкелді Шәкеновтің өнерін бағалайтын омбылықтар мен атажұртындағылар көптеп саналады. Ол туған өңірін қалай ардақтаса, Қазақ елінің тау-даласын да сүйіп өтті. Бірнеше көрмесі Павлодар, Астана, Алматы қалаларында өтті.
Омбы жерінен соңынан Алматыға көшсе де, менің балалық шақтағы досым, Мұрат Жүнісұлы Сәрсенбаев Аманкелді ағаның жанынан табылып, рухани туыс болып кетті. Суретшінің шығармашылығын жоғары бағалап, оның картиналарынан жеке коллекция құрастырды. Ағамыздың бақилыққа озарынан бір жыл бұрын фотоальбомын шығарды. 2019 жылы Омбы қаласының төрінде Аманкелді Абдрахманұлы Шәкеновке өз қаражатына ескерткіш орнатуға атсалысты. Келешекте жинақталған жұмыстарынан қойылған көрмелерді де тамашалауға мүмкіндік бар.
Тірі болғанда биыл Аманкелді ағаның 80 жылдық мерейтойын тойлаушы едік. Бүгін ортамызда болмаса да, соңында қалған бай мұрасы көпшіліктің назарынан тыс қалмай, есте сақталатынына сенемін.
Ризабек Нарманбетұлы,
ардагер педагог